Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ә.Жақсыбеков жанкүйерлерді Бельгиямен өтетін ойында қолдау көрсетуге шақырды

Ә.Жақсыбеков жанкүйерлерді Бельгиямен өтетін ойында қолдау көрсетуге шақырды

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков қазақстандық жанкүйерлерді Бельгиямен өтетін ойында қолдау көрсетуге шақырды.  Ертең Қазақстан құрама командасы 2020 жылғы Әлем чемпионатының кезекті іріктеу матчын Белгияға қарсы өткізеді. Ойын Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 19:00-де басталады. Бүгін қос қарсылас ашық жаттығу өткізді. Жаттығуға қатысқан Қазақстан футбол федерациясының Президенті Әділбек Жақсыбеков кездесуге байланысты өз пікірін білдірді.  Әділбек Жақсыбеков, ҚР футбол федерациясының президенті: - Бельгия бірнеше жыл бойы үздіктер қатарында екенін білеміз. Олардың жаңа генерациясы ұлы ойыншылар деп айтуға болады. Әрине, қиын болады. Бірақ біздің команда барын салып, табандылықпен лайықты ойын көрсетеді деген үміттеміз.  Бельгия әлем чемпионатына жолдама алып қойды. Мертенс шәкірттері дүниежүзінің ең мықты командасы саналады. Ал Қазақстан құрама командасында бірнеше ойыншы жарақатына байланысты немесе көп ескерту алғандықтан алаңға шыға алмайды. Ескерту демекші, біздің ойыншылар Кипр командасымен кездесуде бірнеше сары қағаз алған. Федерация президенті ол ойында Қазақстан командасына шеберлік жетіспеді дейді. Әділбек Жақсыбеков, ҚР футбол федерациясының президенті: - Кипрмен болған ойындағыдай мүмкіндіктер басқа ешбір ойында болған жоқ. Тіпті Сан-Мариномен кездесуде де мұндай болған жоқ. Біздің ойыншылар мүмкіндіктерін іске асыра алмады. Бұл шеберліктің жетіспеуінен деп білемін.  Екінші таймға мүлдем басқа адамдар шықты. Бұл футбол. Ондай-ондай болып тұрады. Еуропалық топта әлсіз командалар жоқ. Кипрдың көптеген ойыншылары Англия, Шотландияда сынды еуропа лигаларында ойнайды. Мықты команда. Шеберлік танытты.  Баспасөз мәслихатында Михал Билек «Біз өз шамамызды білеміз. Дегенмен, Бельгияға қарсы кез келген шәкіртім сапалы әрі сауатты ойнайды деген сенім басым» деді.  Сонымен қатар алаңға кімдер шығатыны матч алдында белгілі болатынын айтты. Ертеңгі матчқа екі команда да тас түйін дайын. Кімнің асығы алшысынан түседі оны ойын көрсетеді.

Авторы: Ғазиза Мұхамеджанова


13 қазан 2019 ж. 554 0