Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Волейбол бәсекесі

Волейбол бәсекесі

Жуырда Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқарамасының ұйымдастыруымен 20-24 сәуір аралығында Ә.Тәжібаев ауылдық округінде волейболдан ерлер және әйелдер командалары арасындағы облыстық біріншіліктің II туры өтті. Дүбірлі додада ерлер мен әйелдер командасынан 300-ге жуық спортшы бақ сынады.
Турнирдің ашылу салтанаты аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмахановтың алғы сөзімен бастау алды.
– Өркениет өріне құлаш ұрып отырған елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыру басты мәселе. Әрбір қазақстандық, оның ішінде жастар түрлі спорттық ойындарға ден қойып, футбол, баскетбол, волейболдан жарыс­тарда қара көрсетулері қажет. Осылайша, дені сау ұрпақ қалыптасып, спортта бәсі түгел мемлекетке айналатын боламыз, – деді. Сонымен қатар, ауданның спорт саласындағы жеткен жетістіктеріне де тоқталып өтті. Одан әрі барлық жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Осыдан кейін дүбірлі дода басталып кетті. Волейболшылар барын салып әдемі ойын өрнегін көрсетті. Әуе добының шеберлері бірде жойқын соққыларымен ала допты ұршықша иірсе, енді бірде қорғаушылардың желкесінен асыра салып та ұпай жинады. Асқан шеберлік пен тактиканы паш еткен спортшылар нағыз классикалық ойын үлгісін көрсетті. Сондай-ақ аталған жарыстың әділ өтуін облыстың бас төрешісі Нұрлан ­Шаменов бақылап отырды.
Ә.Тәжібаев ауылында өткізілген ерлер мен қыздар арасындағы волейболдан ІІ айналымда облыс чемпионаты 7 аудан және қала командасы аралығында өтті. Тартысқа толы жарысқа барлығы да сақадай сай дайындықпен келген. Соның ішінде Қызылорда командасы мен Бақсайыс командасы турды еш жеңіліссіз аяқтады. Ал қалған командалар қарсыластарына есе жіберіп, тізгінді босатып алды.
Айта кетейік, келесі III тур ойыны маусым айында Арал ауданында өтеді. Одан кейінгі IY тур ойыны шілде айында Қазалы ауданында жалғасын табады. Аталған екі турдан кейін командалардың жүлделі орындары анықталады.

Ш.Тілеубаев
25 сәуір 2022 ж. 646 0