Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Токио төрінде туымыз желбіресе екен

Токио төрінде туымыз желбіресе екен


24 шілде күні Жапония астанасы Токио қаласында XXXII Жазғы Олимпиада ойындарының шымылдығы түрілді. Бұл додада 33 спорт түрінен 339 медаль сарапқа салынуда. Сондай-ақ, 206 ел қатысқан дүбірлі додаға қазақ елінен 100-ге тарта спортшы аттанды. Токионың ашылуын көріп көңіліміз көтеріліп қалғаны рас. Бірақ, әлемдік бәсекеге елден аттанған жерлестеріміз сәтті ойын көрсете алмауда.
23 шілде мен 9 тамыз аралығында өтетін доданың салтанатты ашылуын жанкүйерлер әлемді әбігерге салған пандемия салдарынан алаңнан тамашалай алмады. Көрермендер сайыпқырандардың ту алып шығу сәтіне, отшашу және ашылу салтанатына тек телеарна арқылы ғана куә болды. Төртжылдықтың бас­ты додасына 206 мемлекеттен 11 мыңнан астам спортшы қатысуда.
Аренаға бірінші болып Греция, ал соңғы болып Жапония құрамасы шықты. Спортшылар, жаттықтырушылар мен төрешілер ант қабылдап, Олимпиада ойындары ашық деп жарияланды. Қазақстан құрамасының туын 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова және бокстан ұлттық құраманың капитаны, әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Қамшыбек Коңқабаев ұстап шықты.Қазақстандық сайыпқырандар спорттың 28 түрінен бақ сынайды. Құрамада 97 спортшы бар. Сонымен қатар, Қазақстан бірінші рет Олимпиада бағдарламасына жаңадан енген спорт түрлері, атап айтқанда, спорттық құзға өрмелеу және каратэ бойынша қатысады.
Негізінен, Қазақстан құрамасы Олимпиада да академиялық есу, жеңіл атлетика, бокс,теннис, спорттық гимнастика, байдаркада және каноэда есу, еркін күрес, каратэ, веложол, садақпен ату, грек-рим күресі, суда жүзу, велотрек, әйелдер күресі, оқ ату, қазіргі бессайыс, стенд ату, үстел теннисі, ауыр атлетика, таеквондо, дзюдо, слалом есу, су добы, семсерлесу, көркем гимнастика, әртістік жүзу, құзға өрмелеу сынды спорт түрлерінен сынға түседі.
Ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылардың еңбегі ерен. Солардың қатарында атап айтар болсақ, ел құрамасында алғашқы жүлдені дзюдодан 60 келі салмақта сынға түскен Елдос Сметов алып, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Елдос кіші финалда Нидерланд өкілі Торнике Цакаджоені жеңді. Жеңімпаз қосымша уақытта анықталып, Елдос «ваззари» ұпайын иеленді. Токио ойындарында Елдос Сметов алдымен Түркия, кейін Оңтүстік Корея балуанын жеңді. Олимпиаданың жартылай финалында жапониялық спортшы, үш дүркін әлем чемпионы Наохиса Такатоға қосымша уақытта есе жіберді. Қола медаль үшін өткен кездесуде Елдос бар күшін салып, Қазақстан қоржынына Токио ойындарындағы алғашқы жүлдені салды. Спорт дегеннің қиыны да осы: бүкіл өмірді арнайсың, бірақ бір ғана қателік мақсатқа жеткізбей қойса, енді бірде керісінше, күтпеген бақ тұғырға шығаруы да ғажап емес. Қалай дегенде де Сметовтің жол­ашар медалі қазақ спортшыларына ақжолтай болса деген тілегіміз бар. Айта кетелік, ­Елдос Сметов 2014 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы, 2015 жылғы әлем чемпионы және 2016 жылғы Рио Олимпиадасының алтын медаль иегері.
Токиоға еліміздің намысын арқалап аттанған бойжеткеніміз Зульфия Чиншанлодан қазақ зор үміт күткен болатын. Бірақ, ауыр атлетиканың дүбірлі додадасында зілтемірші қыз жұлқа көтеруді 90 келіден бас­тап, белгіленген салмақты оңай еңсерді. Екінші мүмкіндігінде 93 келіні басынан асырған Зульфияның көрсеткішін төрешілер есепке алмады. Одан кейін, серпе көтеруді 123 келіден бастаған спортшының бұл көрсеткішін де қазылар қауымы есептемеді. Зульфия Чиншанло серпе көтеруді 123 келімен аяқтап, үшінші мүмкіндігіне шығудан бас тартты. Қазақстан спортшысы қоссайыс нәтижесі бойынша 213 келіні бағындырып, үздік үштікке жайғасты. Айта кетейік, кезінде Лондонда 229 кг зілтемірді бағындырып, рекорд орнатқан болатын.
Олимпиада ойындарының тұғырына көтерілу әр спортшының арманы екені сөзсіз. Ойындарға қатысудың өзі – талай жылдар бойғы үздіксіз төгілген тер мен тынымсыз еңбектің жемісі деп білуіміз керек. Кейінгі толқынның ішінен 56 келі салмақ дәрежесінде өзін жақсы көрсеткен И.Сон олимпиада да 61 келіде сынға түсті. Игорь жұлқа көтеруде 131 келіні бағындырса, серпе көтеруде 163 келіні еңсерді. Сөйтіп, Игорь Сон 294 ұпаймен Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.

Боксшылардың бағы ашыла ма?
Бокстан алақайлап сүйінші сұрайтын күнді туғызатын серкелерімізге үміт артқанымыз рас. Алайда, сенім артқан былғары қолғап шеберлерінің айы оңынан тумады. Атап айтар болсақ, Абылайхан Жүсіпов, Василий Левит, Бекзат Нұрдәулетов, Серік Теміржанов, Надежда Рябец жүлдеге ілікпеді. Бірақ, үміт отын жаққан қызылордалық Қамшыбек Қоңқабаев жүлде алады деген сенім зор. Дегенмен, әуесқой бокс деңгейі төмендеп бара жатқанын жасыра алмаймыз. Жапон жерінде өтіп жатқан әлем чемпионаты осындай ойға жетелейді.
Жалпы, бокс әлемінде шеберлік ақсап тұр. Жалғыз бокс емес еңсені езіп тұрған, спорттың барлық түрі сын көтерер шамада емес. Қазақ спортының «қап» дегізер тұсы көп. Жалпы, салауатты өмір салтын қалыптастыру, балаларды спортқа баулу, спортшыларға көңіл бөлу жағына әлі терең үңіле қоймадық. Содан болар әлемдік бәсекеде қапы қалып жатырмыз. Осындайда мектептегі дене шынықтыру пәндерінің яғни, спорттың негізгі ірге тасы дұрыс қаланатын табалдырық іспетті оқу орындарындағы пәндердің оқытылу барысы дұрыс емес-ау деген пайымға тоқталмасқа амал қалмағандай. Мәселен, соңғы 10 жыл көлемінде аудан бойынша дүбірлі мектепаралық спорттық жарыстардың ұйымдастырылғанын құлақ естіп, көз көрмеді.
Орталық стадионда ертеректе мектеп оқушылары арасында түрлі спорттық жарыс­тар өткізілетін. Бүгінде ол да жоқ. Сонда сол мектептердегі дене тәрбиесі мұғалімдері ай қарап, жұлдыз санап жүр ме? Сорттық жарыстардың жүлдегерлерінің біразы дерлік спорт үйірмелері жаттықтырушыларының шәкірттері секілді. Ауылдағы спорт құмар жас­тар мектептің спортзалдарына бос уақытта кіре алмайды. Анығында кіргізбейді. Не үшін? Мемлекет миллиардтап қаражат шығарып, салып берген мектеп пен оның спорт залдары сол ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануы үшін жасалған жұмыс емес пе? Баяғы ЭВМ дәрістерінде сатып алынған компьтерлер көрме үшін тұратын еді ғой, оқушыларға пайдалануға рұқсат бермейтіні секілді, мектеп спорт залдары да қолы бос ауыл жастары үшін қолжетімді болмай тұр. Олай болса мектептегі дене шынықтыру пәнінің не керегі бар? Дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне Токио Олимпидасынынан кейін бір серпіліс керек-ақ.

Шапағат ТІЛЕУБАЙ
30 шілде 2021 ж. 421 0