Елордада грек-рим күресінен халықаралық турнир өз мәресіне жетті
Елордада 7-9 мамыр күндері грек-рим күрсінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Еңбек ері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықарлық турнир өтті. Бұл туралы Prosports.kz хабарлайды. Байрақты бәсекеге Қазақстан, Ресей, Грузия, Украина, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен екі жүз елуден аса спортшы жиналды. 2001-2003 жылы туылған жастар арасында өткен турнирде балуандар 55, 60, 63, 67, 72, 77, 82, 97, 130 келі салмақ дәрежелерінде бақ сынады. Үш күнге созылған жарыс қортындысы бойынша жалпы командалық есепте 5 алтын, 3 күміс, 13 қола жүлдемен Қазақстан жастар құрамасы бірінші орынға жайғасты. Екінші орынды 3 алтын, 2 күміс, 5 қола медальмен Грузия құрамасы иеленсе, үздік үштікті 1 алтын, 3 күміс, 1 қола жүлдемен өзбекстандық палуандар қорытындылады. Жарысқа келген шет елдік команда өкілдері турнирдің ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді. «Біз бұл турнирге үшінші жыл қатарынан қатысып келеміз. Былтыр карантин салдарынан жарысқа қатыса алмадық. Осы жолы өзіміздің мықты құраманы алып келдік. Себебі бұл турнир Еуропа чемпионатының алдындағы дайындық турнирі. Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Барлығы ойдағыдай өтті. Ұйымдастырушыларға рахмет», - деді Грузия жастар құрамасының бапкері Гогелия Тамаз. Қырғызстан күрес федерациясының вице-президенті Нурланбек Исмаилов Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайын ерекше атап өтті: «Қанша елдерге барып жүрмін солардың ішінде Қазақстанда жарыстың ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары. Туринирді Халықарылық дәрежедегі төрешілер бағалады. Бұл да ұйымдастырушылардың барлығын жан-жақты қарастырғанын білдіреді. Сондай-ақ «Жекпе-жек» спорт кешенін ерекше атап өткім келеді. Спортшыларымыз бен жаттықтырушылар құрамы осы жерде тұрып, тамақтанып, жарысқа да аталған спорт кешенінде шықты. Барлығы бір жерде болғаны команда үшін өте қолайлы болды. Біз жыл сайын Жақсылық ағамыздың жүлдесіне арналған турнирге келетінбіз. Енді міне даңқты спортшымыздың еске алу турниріне келдік. Сол жағы өте өкінішті. Ағамыз мәңгі біздің жүрегімізде» - деді Нурланбек Исмаилов өз сөзінде. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен Халықаралық турнир карантин талаптарына сай жанкүйерлерсіз ұйымдастырылды.
24.kz
24.kz