Алтыннан алқа таққан
Жастар – еліміздің болашағы, қоғамның белсенді өкілдері. Жасөспірімдердің спортқа деген ықыласы, жігері жыл сайын артып, спорт саласындағы жетістіктері еселеніп келеді. Әрине, бұл қуантарлық жайт. Жуырда Петропавл қаласында белбеу күресінен 2006-2008 жылы туылған ұл-қыздар арасында республикалық турнир өтті. Сондай-ақ, белбеу күресі Федерациясының төрағасы, облыстың «құрметті азаматы», қарулы күштердің генерал-лейтенанты Абай Тасболатовтың құрметіне орай ұйымдастырылған байрақты бәсекенің жалауы желбіреді.
Бүгінде еліміз бұқаралық спортқа ден қойып, салауаттылықты өмір салтына айналдырды. Кезінде жауырыны жер иіскемеген біздің бабалар, күрескенін жығып, алысқанын атып ұрған. Еліміздегі қазақ, самбо, дзюдо күресінен өзге белбеу күресі де қарқынды дамып келеді. Жуырда Петропавл қаласында жалауы желбіреген жарысқа еліміздің түкпір түкпірінен 200-ге жуық спортшы қатысып, 16 салмақ дәрежесінде күш сынасты. Қай кезде болмасын туған елдің туы көкке көтеріліп, әнұранымыз асқақтайтын екі жағдай болса, соның бірі спортшының жеңіске жеткен шағы. Міне, бұл белдесуде біздің өңіріміздің абыройын асқақтатып, мерейін асырған балуандар сапында жүлдеге іліккен № 10 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлектері топ жарды. Фараби Қытайбек 38 кг салмақта I орын алса, Мырзабек Мұстафаев 46 кг салмақта топ жарып, бапкердің үмітін ақтай білді. Осы тұста ең алдымен қос балуанды халықаралық, республикалық чемпионаттарда топ жарып жүрген жастарды әдіс-тәсілдерге баулып, баптап, тәрбиелеп жүрген жаттықтырушылар еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Бүгінде әр шәкіртін жарысқа қосқан сайын тақымын қысып, қолдау көрсетіп жатқан жаттықтырушылар Абай Жұманазар мен Рахат Советовтар бапкерлік қызметін атқарып, балғындардың байрақты бәсекеде жүлдеден көрінуіне септесіп жүрген азаматтар. Шүкір, біздің ауданның спорт саласы көштен қалған емес. Өздерінің жеңісімен баршамызды қуантып жүрген жастарға жеңісті күндерің көп болғай дегіміз келеді.
Шапағат Тілеубаев