"Қазақстан барысы - 2019" анықталды
2019 жылғы «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетсек, жартылай финалға Айбек Нұғымаров (ШҚО), Айбат Сейтен (Нұр-Сұлтан), Руслан Әбдіразақов (Алматы) пен Ерасыл Қажыбаев (ШҚО) шыққан болатын.
Ерасыл Қажыбаев финалға барар жолда Айбат Сейтенді жеңсе, Айбек Нұғымаров Руслан Әбдіразақовтан айласын асырды. Турнирдің үшінші орнын Руслан Әбдіразақов иеленді. Айбат Сейтенмен өткен тартысты белдесуде алматылық балуан Айбат Сейтеннен басым түсті.
Ал финалдық белдесуде шығысқазақстандық қос балуан Айбек Нұғымаров пен Ерасыл Қажыбаев нағыз тартысты өнер көрсетті. Алғашқы ұпайды Ерасыл алғанымен, белдесу басталғаннан кейін қателікке жол беріп, Айбек жартылай жеңіске жетті. Тартысты сәттердің бірінде Ерасыл есепті теңестіруге жақын қалған еді. Ақыры, Айбек Нұғымаров таза жеңіп, екі дүркін «Қазақстан барысы» атанды.
Айта кетерлігі, Айбек Нұғымаров 2013 жылы да «Қазақстан барысы» атанған болатын.