Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жорытқанда жолың болсын, Кабананга!

Жорытқанда жолың болсын, Кабананга!



Ойда болғанымен жоспарда жоқ-тұғын. Еуропа лигасының маңызды кезеңінде кетіп қалғаны қызық болды. «Астанаға» қиын болды. Патрик Твумаси кетеді деп шулап-тулап жүр едік, аяқ астынан Кабананганы шығарып салдық. Амал жоқ, енді «Астана» Еуропа лигасындағы жорығын Кабанангасыз жалғастырады. 02.02.2018 1518 «Боз бала болып келіп едім, кемелденген шағымда кетіп барамын. Маған деген ыстық ықыластарыңызды, жақсылықтарыңызды, қолдауларыңызды ұмытпаймын. «Астана» командасы, Қазақ елі менің мәңгі жүрегімде», деп Кабананга алғыс айтып, жылы лебізін білдіріпті. Конголық шабуылшы Сауд Арабиясының «Аль-Наср» клубына ауысты. Трансферлік құны 2 млн еуроға бағаланыпты. Бұл Қазақстан футболының тарихында бұрын-соңды болмаған ең ірі трансферлік келісім. Маркетингтік, имидждік тұрғыдан «Астана» көздегеніне жетті деуге де болады. Қомақты қаржы тапты. Оған енді «жорытқанда жолың болсын!» дейміз. Қанша дегенмен Кабананга жоқтан гол жасайтын, жойқын соққыларымен, шебер техникасымен, жылдамдығымен, өзіне деген сенімділігімен, ерекше ойынымен көзге түскен ойыншы. «Астана» қаржы жағынан пайда тапқанмен, алдағы «Спортингпен» өтер қос ойынды қалай өткізбек? Кабанаганы дәл осы шақта жібергені дұрыс болды ма? Португалиялықтармен ойында оның орнын кім басады? Міне, осы тектес сұрақтар қазір қазақ жанкүйерлерінің көкейінде тұрғаны анық. Сол секілді бас бапкер Станимир Стойловтың басты уайымына айналғаны анық. Кабананганың қаншалықты қажетті ойыншы екенін алдағы қос ойынның қорытындысынан байқайтын боламыз. Дей тұрғанмен таяқтың екінші шеті барын да ұмытпайық. Енді үнемі қосалқы құрамда қалып жүретін Роман Мұртазаев, Джордже Деспотович секілді футболшыларға жол ашылды. Сондай-ақ, үйіріне қайта қосылған Бауыржан Жолшиев оқу-жаттығу жиынында жақсы қырынан көрініп, Станимир Стойловтың сеніміне қайта кірсе, бұрынғы бабына қайта оралуы мүмкін. Стойлов тұсында «Астананың» бірқатар маңызды ойыншысы кетті. Бірақ болгар маманы ылғи да лайықты ойыншылар алып, маусым соңында жоғары нәтижелерге жетіп жүрді. Қысқасы кеткен шәкіртінің орнын жоқтатпады. Стойловтың бұл жолы да бір білгені болар деген үміт жоқ емес. Қара Қабыланға алдағы уақытта сәттілік, ал «Астанаға» «Спортингпен» өтер қос ойында тек жеңіс тілейміз! Еркебұлан ЖОМАРТ, «Егемен Қазақстан» СОҢҒЫ

Egemen.kz
03 ақпан 2018 ж. 1 102 0