Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Теннис: Ұлыбритания - Қазақстан матчында корт иелері тағы да алға шықты

Теннис: Ұлыбритания - Қазақстан матчында корт иелері тағы да алға шықты

Федерация кубогы ІІ Әлемдік тобының плей-офф кезеңінде Лондонда өтіп жатқан Ұлыбритания мен Қазақстан матчында Юлия Путинцева мен Йоханта Конта кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Олардың екеуі де өз елдерінің бірінші ракеткалары, қазақстандық теннисші әлемдік рейтингте 38-орында болса, қарсыласы 46-сатыда еді. 

Бірінші партияда Юлия сәттірек ойнап, Конта көбірек қателесті. Есеп - 6:4. 

Екінші сетте есесіне ұлыбританиялық спортшы брейк жасап, 3:0 есебімен алға шықты. Ақыры мұны тағы бір брейкпен бітірді - 6:2. 

Үшінші, шешуші партияда есеп 1:1 болған мезетте Ю.Путинцева брейк жасаумен бірге өзі доп бергенде, бірде-бір рет мүлт кеткен жоқ - 3:1. Тағы бір брейк - 4:1. Бұдан кейін Конта брейк жасап, өз геймін де алып, есепті қысқартты - 3:4. Юлия өз геймін бермеді - 5:3. Алайда ұлыбританиялық теннисші таразы басын теңестірді - 5:5. Ақыры ол жеңісті жұлып әкетті - 7:5. 

Осылайша Ұлыбритания - Қазақстан матчында корт иелері алға шықты - 2:1. 

Аса тартысты бәсеке 2 сағат 24 минутқа созылды. 

Енді бар үміт Зарина Дияста деуге болады. Ол Кэйти Бултерді ұтпаса, Қазақстан құрамасы жеңіліс табады. Егер өзгеріс болмаса, жұптық сында Галина Воскобоева мен Анна Данилина ұлыбританиялықтар Хезер Уотсон мен Хэрриет Дартпен сынға түседі. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың ел намысын қорғауды бақыт санайтынын және Ұлыбритания - Қазақстан матчын бастайтынын және корт иелерінің алға шыққанын, содан кейін Ю.Путинцеваның таразы басын теңестіргенін жазған болатынбыз. 

Автор: Елжан Ералы
21 сәуір 2019 ж. 786 0