Ауылдағы табысты әйелдер жетістікке жету тарихымен бөлісті
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Астанада бірінші рет өткен ауыл әйелдерінің форумында бизнесте, әлеуметтік салада, мемлекеттік қызметте жүрген әйелдер өздерінің жетістікке жету жолдарымен бөлісті.
Форум барысында «Менің жетістігімнің тарихы» номинациясының лауреаттары баяндама оқып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Мені қанаттандырған адам – анам
Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданындағы «Айка» шаруа қожалығының жетекшісі Аэлита Ахметсалимқызы мал шаруашылығымен ғана емес, ауыл туризмімен айналысады және ағылшынның асыл тұқымды жылқысын өсіруде.
«Менің жетістік тарихым еліміз тәуелсіздік алған жылдармен тығыз байланысты. Қазіргі уақыттағы менің ең үлкен мақтанышым – Кіші Жеменей сайындағы алма бағы. 2016 жылы алма ағаштарын отырғыздық. Туризм саласын қолға алғалы біз жаққа Австралия, Польша, Италия, Англия, Франция, Швейцария, Украина, Ресейден қонақтар келді. «Айка» шаруа қожалығы қайырымдылық жұмыстарымен де айналысады. Өскемендегі «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмектесеміз», - дейді ол.Сондай-ақ, ол 2001 жылы өз қаражатына Зайсан қаласында мешіт салдырған.
«Мен кәсібім арқылы ауданның экономикалық дамуына үлес қосқаным үшін қуанамын. Мені жетістікке жетуге қанаттандырып, шабыттандырған адам – анам екенін айтқым келеді. Ол қазір 79 жаста. Анам өте еңбекқор адам. Қазіргі күнге дейін ауданның тыныс-тіршілігіне белсене араласып, қиын жағдайға тап болған жандарға көмектеседі. Ол мені сөзбен ғана емес, іспен де қолдайды», - дейді ол.Колледж ашу – уақыт талабы болды
«Прогресс» жеке политехникалық колледжінің директоры Жанна Телпекбаеваның апасы да, ата-анасы да педагогика саласында еңбек еткен жандар. Алматыға оқуға келген ол күндердің бір күнінде ауылына қайтып баратынын түсінген. Ол 2002 жылы ауылында колледж ашқан.
«Мені ата-анам, жұбайым қолдады. Қаңырап бос тұрған ғимаратқа өзіміз жөндеу жұмыстарын жүргізіп, сол ғимаратта отбасымызбен бірге тұрдық», - дейді ол.Қазіргі уақытта колледж қабырғасында 500 студент оқыса, оның 300-і мемлекеттік тапсырыс бойынша оқып, шәкіртақы алады.
«Кәсіппен айналысатын ауыл тұрғындары маған шағын бизнеспен қалай ашуға болатынын оқығысы келетінін айта бастады. Сол кезде «Бастау» бизнес жобасы жұмыс істей бастаған. Сол кезден бастап бизнеспен айналысу саласын дамыта бастадық. Уақыт өте келе мүмкіндігі шектеулі адамдар кеңес сұрай бастады. Сөйтіп 2010 жылдан бастап Колледжде «Іле ауданында тұратын мүгедектерді кәсіптік даярлау» әлеуметтік бағдарламасы бойынша мүгедектер оқи бастады. Колледжде тігін цехы жабдықталған. 2010 жылдан бастап 2017 жылға дейін мүгедектігі бар 200-ге жуық әйел оқыды», - дейді Жанна ТелпекбаеваМұғалімдікті тастап, жеміс егуді қолға алдық
«Coca-cola Белестері – 2016» әлеуметтік жобасының жеңімпазы, Қарағанды облысының тұрғыны Шолпанай Тұрдышева өзінің жетістікке жету жолын ерекше ықыласпен баяндады.
«Дәл бүгін, дәл осы жерде маған сөз беріп, жетістікке жету тарихыммен бөлісуге мүмкіндік берілгені үшін қуаныштымын. Мен 4 баланың анасымын. 2004 жылы Ташкент қаласынан елге келдім. Ташкентте мектепте орыс тілінің, ал жолдасым математика пәнінің мұғалімі болды. 2004-2005 жылдары жер үйіміздің ауласына 250 шаршы метрлік жылыжай салдық. Бала-шағамыз дәрумені мол, таза жеміс-жидек жесін деп ниеттендік. Қарағандының ауа райы жағдайында қияр мен қызанақ өсіруге болатынын білдік. Содан өсірген жеміс-жидектерді туған-туыс, дос-жарандарға бере бастадық. Уақыт өте келе оны сатып алатындар қатары пайда болып, бізге табыс алып келді. Сөйтіп жолдасымыз екеуміз ақылдаса келе жылыжай аумағын 450 шаршы метрге ұлғайттық», - дейді ол.Шымкентте ұстаздық етіп жүрген Шолпанайдың ата-анасы жұмыстарын тастап, оларға қолғабыс болу үшін Қарағандыға келген екен.
«Coca-cola Белестері» деген жобаға қатысып, 4000 доллардың грантын ұтып алдым. Осы жоба арқылы таза экологиялық өнімдерді қалай алуға болатынын меңгердім. Осы істі қолға алған кезде мені қолдаған ата-енеме алғыс айтам. Олар да қасымызға келіп, көмектесті. Адам еңбек ету арқылы шыңдалады, сол еңбектің арқасында дәл қазір сіздердің алдарыңызда сөз сөйлеп тұрмын», - дейді ол.