БАНК МЕМЛЕКЕТКЕ АЛАҚАН ЖАЙМАУЫ КЕРЕК
Мемлекеттік қаржы есебінен банктерге қолдау көрсету шаралары тыйылуы керек. Сенатта өткен «Қазақстан экономикасын дамытудағы банк секторының рөлі» тақырыбындағы парламенттік тыңдауда палата төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осыны мәлімдеді. Кіріспе сөзінде спикер елді ілгерілетуге бағытталған бағдарламалардың табысты жүзеге асуы банк жүйесінің тиімді жұмысымен тығыз байланысты екеніне де назар аудартты.
Дегенмен Сенат басшысы «бүгінде банк менеджменті күрделі өзгерістердің қысымына төтеп бере алмай, жаңа қаржылық дәуірдің талаптарына сай деңгейін көрсетпегенін» ашық айтты. Бұл өз кезегінде «экономикалық жүйенің тұрақтылығына теріс әсер етіп, халықтың қаржы институттарына деген сенімін әлсірете түсті».
Қ.Тоқаев Мемлекет басшысының қаңтар айындағы жолдауында қаржы секторына серпіліс қажет екенін атап көрсеткенін еске салды. Еліміздің қаржы жүйесін реттейтін негізгі құрылым – Ұлттық банктің алдына банк жүйесінің жұмысын қадағалаумен қатар, банктер портфелінің жағдайын сауықтыру және берілген ипотекалық қарыздар мәселесін шешу міндеті қойылды. Сонымен қатар Президент банктердің портфельдерін «нашар» несиелерден тазартып, банк қожайындарының активтерді шетелге әкетуін тоқтату жөнінде өте орынды талап қойды.
Еліміздің банк секторын мемлекеттік қолдау аясында қомақты қаржы жұмсалғанын айта келе, Сенат төрағасы «уақытылы қабылданған шаралар нәтижесінде банк саласындағы жағдай біршама тұрақталып, заңды және жеке тұлғалар салымдарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалғанына» назар аударды.
– Бұл ретте мемлекеттік қаржы ресурстары есебінен мүмкіндігі төмен банктерге қолдау көрсету жөніндегі мәжбүрлі шаралардың соңы осы болар деп үміттенеміз! Мұндай саясат кейбір банктердің мемлекеттің қолдауына иек артып, қаржы саласындағы әділетті бәсекелестіктің бұрмалануына жол берумен қатар, банк секторы жұмысының тұрақтылығы мен беделіне теріс әсер етеді. Біздің ойымызша, Ұлттық банк қызметі негізінен қаржы жүйесіндегі тәуекелдер мен осы саладағы пайда болуы мүмкін құрылымдық түйткілдерге алдын ала баға бере отырып, қордаланған мәселелерді реттейтін тиімді тетіктерді кешіктірмей іске қосуға бағытталуы керек, – деп нықтады Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Бизнесті ұзақ мерзімге, тиімді мөлшерде несиелендіру арқылы ел экономикасының өсімін ынталандыру – банк жүйесінің басты мақсаты. Сондықтан Қ.Тоқаев банк саласында ықтимал қауіп-қатерлерді басқарудың ұтымды моделін қалыптастыруға шақырды.
– Біз банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығына кедергі келтіретін әлсіз тұстарды алдын ала анықтауға басымдық беруіміз қажет. Бұл қаржы саласын реттеу мен қадағалау жүйесін заңнамалық тұрғыдан одан әрі жетілдіре түсуді талап етеді. Өз кезегінде Сенат Ұлттық банктің қаржы саласын реттеу мен қадағалауды одан әрі жетілдіру жөніндегі бастамаларын қолдауға дайын. Қажет болса, тиісті заңдарға түзетулер енгізу арқылы Ұлттық банктің құқығын күшейтіп, екінші деңгейдегі банктердің иелері мен акционерлері жауапкершілігін арттыру керек, – деді Сенат басшысы.
Ол банк акционерлеріне және олармен байланысты тұлғаларға несие беруге заңмен шектеу қоюды ұсынды. Спикердің байламынша, олардың банк активтерін шығарып әкетуіне тосқауыл қояды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жұмысын жетілдіру маңызды болып отыр. өйткені қаржы саласындағы қарапайым тілдегі ақпараттың жетіспеушілігі азаматтар тарапынан тиімсіз шешім қабылдауға әкелуде. Қаржылық қызметтер түрінің көбеюі, олардың күн санап күрделенуі, алаяқтық тәсілдердің, қаржы пирамидаларының өріс алуы кезінде бұл шаралардың маңызы зор.
Парламенттік тыңдауда сөз сөйлеген Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жүздеген миллиард қаржысын банктерге бағыттау жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Ол банктердің экономиканы несиелендіруінің қазіргі проблемаларын шешу үшін бірқатар шаралар қабылданатынын жеткізді. Олардың қатарында «жинақ салымдарын енгізу арқылы банктердің қорландыру базасын күшейту», «банктердің облигациялық бағдарламасын қайта жаңғырту», «депозиттердің мерзімдеріне қарай ҚДКҚ шекті ставкаларын белгілеу» кіреді. Соның ішінде бірінші тетік «жоғарылатылған сыйақы мөлшерлемесін және жоғарылатылған мемлекеттік кепілдікті» көздейді.
– Ал «банктердің облигациялық бағдарламасы» БЖЗҚ-ның қаражаттарын 200 миллиард теңгеге дейінгі сомада банктер мен қазақстандық корпоративтік эмитенттердің қаржы құралдарына инвестициялауды қарастырады. Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес осыған қажетті шешімдерді қабылдады. Қаражат облигацияларды 5 жылға дейінгі мерзіммен сатып алу арқылы нарықтық талаптармен берілетін болады. Шоғырландыру тәуекелін төмендету мақсатында зейнетақы активтері банктердің әрбір облигациялары шығарылымының 50%-ынан аспайтын көлемінде инвестицияланады, – деді Данияр Ақышев. Оның түсіндіруінше, бұл тәуекелді жалғыз БЖЗҚ ғана емес, қор нарығының өзге қатысушылары да көтеруі үшін қажет.
Шараға қатысушылар алдында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Еуропа қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы кеңсесінің директоры Агрис Прейманис және басқалары сөз сөйледі. Пікірсайысқа сенаторлар Бірғаным Әйтімова, Мұхтар Жұмағазиев, Серік Жақсыбеков, Дәурен Әділбеков, Бақтыбай Шелпеков, Нариман Төреғалиев, Ғұмар Дүйсембаев қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Талқылауды қорытындылаған Сенаттың қаржы және бюджет комитетінің төрағасы О.Перепечина парламенттік тыңдау Мемлекет басшысының қаржы секторын «қайта жаңғырту» туралы тапсырмасын іске асыруға сеп болуға тиістігін атап өтті. Талқылау барысында ұзақмерзімді қаражатқа зәрулік, активтердің сапасы, қорландыру мен несиелеу арасындағы алшақтық, бизнестің қаржыландыруға балама таңдауының аздығы, қабылданған шаралардың реттеушілік ықпалына талдаудың жоқтығы туралы өзекті мәселелер айқындалды. Бұл мәселелерді шешу ұсынымдар жобасында көрініс тауып отыр. Ондағы ұсыныстар әлі де пысықталып, кейін тиісті мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.
Елдос Сенбай