Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУГЕ ӘЗІРЛІК ҚАЛАЙ?

ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУГЕ ӘЗІРЛІК ҚАЛАЙ?

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша заң қабылданғаны белгілі. Ал оған әзірлік қалай жүруде?
Дегенмен, латын әліпбиіне көшу жөнінде халық арасында екі ұшты пікір қалыптасқан. Бірі – орыс тілінің жетегінен құтылуда таптырмас тәсіл деп бағаласа, ал екіншісі – рухани, мәдени мұраларымыздың жоғалуына себеп болуы мүмкін деп санайды.
Жаһандану кезінде әлемдік тілдердің ықпалы артады, терминология халықаралық мазмұнға ие болады, басым тілдерде жасалған сөз тіркестері, шаблондар ұлттық тілдерге енеді және олар белсендірек қолданылады. Осындай болуға тиісті тілдік-мәдени үдерістер барлық тілдерге тән. Мемлекеттік, ресми тіл ретінде әбден қалыптасқан тілдер, ұлт өкілдерінің баршасы күнделікті сөйлейтін, жұмыс барысында қолданатын тілдер осы үдеріске төтеп беруге дайын әрі әлеуетті болады. «Латын әрпіне көшу – қазақ тілін дамыту мен жаңғыртудағы ішкі қажеттілік» деген Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі де осы жаһандану процесін меңзеп тұрғандай.
Ата Заң бойынша қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде, ал орыс тілі ресми тіл ретінде бекітілген. Дегенмен, елімізде мемлекеттік тілге қарағанда орыс тіліне деген сұраныс жоғары. Өйткені негізгі кітаптар, интернет-ресурстардың көп бөлігі орыс тілінде қолжетімді. Мемлекеттік және жеке меншік жұмыс орындарында да ісқағаздардың басым бөлігі орыс тілінде жүргізіледі. Сонымен қатар сонау кеңес үкіметінен бері келе жатқан орыс тілінің басымдығы әлі де байқалады. Яғни, нақтырақ айтсақ, біздің елімізде қазақ тілінің мүддесі қағаз жүзінде ғана жоғары, ал іс жүзінде орыс тілі басым екенін аңғаруға болады. Мысалы, қазақ тілін білетін маманның жұмысқа орналасу мүмкіндігі орыс тілді адамға қарағанда аз екенін айтуға болады. Мұндай мысалдарды қоғамда жиі ұшырастыруға болады.
Латын әліпбиіне көшу – қай жағынан алып қарасақ та, оң әрі батыл қадам деп бағалауға болады. Өйткені біз бұл тіл арқылы өз тіліміздің тазалығын сақтап қала аламыз.
Қорыта айтсақ, латын әліпбиіне ауысу заман көшіне ілесу қажеттілігінен туындағанын, ол өз еліміздің мүддесін жоғарылатуды көздеген саясатқа негізделгенін және тілімізді сақтауға әсер ете алатын бірден-бір фактор екенін мойындайтын уақыт жетті. Барлығымыз ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының мысалында келтірілген «аққу, шортан һәм шаян» іспетті жан-жаққа тартпай, керісінше ел болып, халық болып қолдау білдірсек қана көксегенімізге жетуге болады.

«Өскен өңір» ақпарат агенттігі

17 қараша 2022 ж. 1 586 0