Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕРТЕҢІН ОЙЛАҒАН АЛТЫН ЖИНАЙДЫ

ЕРТЕҢІН ОЙЛАҒАН АЛТЫН ЖИНАЙДЫ


Қазақстан – алтын қоры бойынша әлемдегі үздік 20 мемлекеттің қатарында. Анығы – 17-орын. Таяу мерзімде 15-орынға табан тіресек деген мақсатымыз да бар. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев бұл ойын үнемі айтып жүр. Өткен жылы журналистермен кездескенде бас банк ішкі нарықта алтынды сатып алу құқығынан бас тартпай, резервтерді толықтыра беретінін айтқан. Сондай-ақ ол Ұлттық банк алдағы уақытта да нарықтағы тазартылған алтындарды сатып ала беретініне тоқталған. Ақышев «Егер жұмыс қарқыны сақталса, алдағы он жыл ішінде алтын қоры ең көп 15 елдің қатарына кіруіміз мүмкін» деген-ді. Жалпы, алтын қоры рейтингінде өзімізден бұрын тұрған мемлекеттерге назар аударсақ, бұл жоспарды таяу мерзімде бағындыруға мүмкіндік бар екендігі байқалады. Оның үстіне, еліміз жыл сайын алтын өндірісін орта есеппен 16 пайызға арттырып келеді. Әзірге өндіріс әлеуетінің бар болғаны 50 пайызын ғана пайдаланып отырмыз. Келешекте шикізатпен қамтамасыз ете алсақ, өндіріс қарқыны еселеп артары сөзсіз.

Алтын қоры бойынша үздік ондыққа кіретін мемлекеттер жайлы аз-кем мағлұмат:
1. АҚШ – алтын қоры бойын­ша әлемдік көшбасшы. Ел қойма­сында 8133 тонна таза алтын сақ­талып тұр. Бұл – АҚШ-тың валю­талық резервінің 73,8 пайызы.
2. Германия – Еуропа елдері ішіндегі алтын қоры мол ел.
3. Италия – Ұлттық алтын қоры жөнінен Еуропа елдері ішін­де 2-орынға жайғасқан бұл мем­­лекеттің алтын қоры 1999 жыл­­­­­­дан бері тұрақты екенін ерек­ше атап өтуге болады.
4. Франция – Еуропада мем­лекеттік алтын қоры бойынша 3-орынға ие.
5. Қытай – Шығыс Азия елдері ішінде көшбасшы.
2015 жылы маусымда Қытай алтын валюта қоры жөнінен алғашқы бес­тікке кіретін стату­сын қайта­рып алды.
6. Ресей – ТМД бойынша көш­басшы. 2016 жылы бұл ел ал­тын қорын бірден 200,7 тоннаға арт­тырды. Ресейдің Орталық банкі жыл сайын алтын қорын арттырып отыруды дәстүрге айнал­дырған.
7. Швейцария – осынау ша­ғын, бірақ өте бай мемлекет әлем­де адам басына шаққандағы ал­тын қорының молдығымен 1-орынға ие.
8. Жапония – Шығыс Азия елдерінің арасында екінші орынға ие. Дегенмен бұл елдің Ұлттық алтын қоры соңғы 16 жылда өзгерген жоқ, 765 тоннаны құрап тұр.
9. Нидерланды – 612 тонна алтын қорына ие. Бұл елдің ва­люта қорының 62,8 пайызы.
10. Үндістан – қомақты алтын қоры бар елдердің ондығын қорытындылап тұр.
Еліміздің алтын қорының тарихы 1992 жылдың 7 қаң­та­рынан басталады. Осы күні Елбасы 5 алтын құймасын алтын қорында сақтауға табыс еткен. Содан сәл бұрын, анығы 1991 жылдың желтоқсанында 2 күміс құйманы тапсырған. Осылайша, Елбасы көпке үлгі көрсетіп, елі­міздің алтын қорының қалыпта­суына дәнекер болды. Дегенмен өзіміз өз болып, мемлекеттің ал­тын қорын еселеуге 2000 жылдан бастап ден қойдық. Ол түсінікті де, өтпелі кезеңді артта қалдырып, ел экономикасы тұрақты дамуға бет бұрғаны осы кез. Кестеге көз салсақ, 2011 жылы алтын қоры­мыз аздап ортайғанмен, содан бері үздіксіз еселеніп келеді.

Елімізде 200-дей алтын кені бар. Бұл кен орындарында зерт­телген алтын қорының көлемі – шамамен 1 159 687,4 келі. Алтын қорының құны шамамен 48 миллиард долларға тең. Осы­дан біраз уақыт бұрын Индустрия және жаңа технология ми­нистрлігінің Геология және жер қойнауын пай­далану комитеті еліміздегі ал­тын қорының кар­тасын жасаған. Зерттеу бойынша ең үлкен алтын қоры Шығыс Қа­зақстан облы­сында екен. Қор көлемі – 537,5 мың келі. Екінші орын­ды ием­денген Ақмола облы­сында 259,9 келі алтын қоры бар. Үштікті қоры­тындылайтын Қа­рағанды облысы қойнауында 114,8 мың келі алтын бар екендігі анық­талған. Аталған үш облыстан өзге еліміздің 8 аймағынан алтын қоры табылған. Осыдан-ақ елі­міз­дің қойнауы қазба байлығына толы екеніне тағы бір көз жет­кізгендей боласың.
Бір қуанарлығы – еліміз соңғы жылдары өз территориямыздан өндірілген алтынды өңдеп, өз елімізде қалдыру жолында еңбек етіп келеді. Ұлттық банк кейінгі жылдары алтын қорын арттыруға мықтап ден қойды. Бүгінде алтын өндіретін үш ірі зауытымыз бар. Олар: «Қазақмыс» корпорациясы, «Қазцинк» және «Тау-кен Алтын» ЖШС. 2012 жылы 21,13 тонна та­зартылған алтын өндірілсе, бес жылдың ішінде бұл меже екі есе ар­тып, былтыр Үкіметке 44,20 тонна алтын тапсырылды. Еліміз­дің бас банкі елде өндірілген ал­тынның бәрін сатып алуда.
Соңғы жаңалықтардың бірі – зергерлер грамдап алтын сатып ала бастады. Ұлттық банк пен Индустрия министрлігі зергерлерді қолдау мақсатында жылына 300 келі алтын сататын болды. Құны Лондон биржасын­дағы бағаммен сатылады. Осы­лайша, зергерлердің эксклюзив бұйымдарды жасауына мейлінше жағдай жасалмақ. Өйткені ата-бабамыздан зергерлік өнер мұра болып қалса да кейінгі кезде шикізаттың тапшылығынан бұл саланың біраз кенжелеп қалғанын зергерлер де жоққа шығармайды. Ел тәуелсіздігін алып, ұлттық мұрамызды дәріптей бастағалы қолдан жасалған зергерлік бұйым­дарға деген сұраныс та арта түскен. Бұл зергерлердің іздені­сіне оң әсер етті.
Алтын нарығының қыза тү­суіне өткен жылдың мамыр айы­нан бастап Ұлттық банктің екінші деңгейдегі банктер арқылы салмағы 10, 20, 50 және 100 грам­дық алтын құймаларды саты­лымға шығаруы да оң әсер етіп отыр. Алтын құймалардың бағалы құрал екенін бас банкир Д.Ақышев те растайды. Бұл құйма­ның сына­масы – 999,9. Алтын құймалар Қазақстанның ақша сарайында өндіріледі. Алтынды әлемдік дәстүр бойынша унция­мен өл­шесе де біздің елімізде грамдап өлшеу қалыптасып қалған. Ұлт­тық банк алтын құй­малар саты­лымға шығарылғалы әлемдік нарықтағы алтын құнын күн сайын жариялап отыруды әдетке айналдырды.
Алтын құймаларды сатуды алғаш қолға алған банктер – Халық банк, Еуразиялық банк және Цеснабанк. Қазақстанның Халық банкі тек өткен жылдың
1 маусымы мен 31 желтоқсан аралығында құны 600 миллион теңгеге тең 46,2 келі тазартылған алтын сатқан. Әзірге халық ара­сында 10 грамдық миниқұйма­ларды сатып алуға сұраныс артып тұр. Банк былтыр 613 дана
10 грам­дық алтын құйма сатқан. Көпшіліктің сұранысына ие ал­тын құймалардың ішінде 100 грам­дық құймалар екінші орын­ды ием­денді. Ал 20 және 50 грамдық ал­тын құймалар сәйке­сін­ше 213 және 163 дана сатылған.
Ұлттық банк алтын құйма­ларды сату ауқымын кеңейту үшін алдағы уақытта ақша айырбастау пункттерін де іске қосу жайлы ұсыныс тастаған. Бұл алтынға елдің қолжетімділігі арта түседі деген ойдан туындап отыр. Ақша айырбастау пункттері қауымдас­тығының президенті Аршын Ғалымбаев осы күнге дейін ақша айырбастау пункттерінің табысы тек шетелдік валюталарды сату мен сатып алудан түсіп келгенін, халыққа алтын құймаларды сату ақша айырбастау пункттері үшін қосымша табыс әкеліп, қаржылық жағдайын жақсарта түсетінін тілге тиек етті. Ол үшін нысан­дардың күзет қызметін күшейтіп, халыққа жоғары дәрежелі, сапалы және қауіпсіз қызмет түрлерін ұсыну керек екеніне де тоқталып өтті. Бұл жерде мына бір мәселені айтпай кетуге болмайды. Егер ақша айырбастау пункттерінде алтын құймаларды сатып алуға мүмкіндік туса, онда осы күнге дейін өз жинақтарын түрлі валю­тамен сақтап келгендердің біразы алтын құймаларға қарай көңіл аударары анық. Алтын құймалар бағасы да долларға байлаулы еке­нін ескерсек, алтын құйма сатып алу анағұрлым тиімді салым болуы да мүмкін. Қалай дегенде де қымбат бағалы металл қашан да өзінің құнын жоймайтынын тарих дәлелдеп берген. Сол үшін ертеңінің жарқын болуын, үрім-бұтағының ауқатты өмір сүруін қалайтындар алтын сатып алуға асыққаны жөн.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ
17 наурыз 2018 ж. 1 370 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930