Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «ҚАРА АЛТЫН» ҚЫСПАҚТАН АЛЫП ШЫҚТЫ

«ҚАРА АЛТЫН» ҚЫСПАҚТАН АЛЫП ШЫҚТЫ


2017 жылмен экономикамызға ауыр соққан кезеңдер артта қалғандай әсерде қош айтыспақпыз. Өйткені әлеуетімізді әлсіреткен соңғы әлемдік дағдарыстан еліміз енді ғана еңсе көтеріп келеді. Дүниежүзілік банк қазіргі ахуалымызды сараптай отырып, «Қазақстанның алға жылжуына тағы да мұнай бағасының өсімі әсер етті» деген қорытынды жасады. Сонымен бірге, халықаралық ұйым біздегі агросектор мен өңдеуші өнеркәсіптің, транспорт пен сауда-саттықтың экономиканы ілгерілетудегі үлесін жоққа шығармайды. Сарапшылар мұнай бағасының өскені және өткен жылы еліміздегі ең ірі Қашаған кен орнының іске қосылғаны бюджет табысының артуына себеп болып отыр дейді. Бірақ экономиканы әртараптандыру мәселесі еліміз үшін әлі де өзекті.
Дүниежүзілік банк келтірген статистикаға сүйенсек, Қазақстанның ЖІӨ-і 2017 жылдың алғашқы тоғыз айында 4,3 пайызға өсті. Бұл еліміздің мұнай бағасының құлдырауы салдарынан болған дағдарыстан бой түзей бастағанын көрсетеді. Сөзімізді ЖІӨ 2016 жылдың алғашқы үш тоқсанда небәрі 0,4 пайыз болғаны дәлелдей түседі. Сараптамаға сүйенсек, экономикалық өсімнің жо­ғарылауына себеп болған мұнай секторы екен. Себебі, Қашаған кен орнының 2016 жылы іске қосылуы еліміздегі мұнай өндірісінің 12,5 пайызға ұлғаюына әсер еткен. Бұл 2016-2017 жыл­дардың қаңтар-қыркүйек айларындағы өндіріс көлемін салыстырғандағы көрсеткіш. Биыл дәл осы мерзім аралығында мұнай бағасы 24 пайызға қымбаттаған болатын. Соның арқасында тек мұнай секторы ғана емес, құрылыс нарығы да қарқын алды. Қалай десек те, мұнай кен орындарының өндіріс көлемін арттыруға бағытталған ауқымды жобаларының арқасында құрылысшылар да бір жасап қалды. Қара алтынның қымбаттауына негіз болған факторлардың бірі ретінде сарапшылар әртүрлі тоқтамға келген. Мысалы, тәуелсіз сарапшы Сергей Смирнов өзінің сараптамасында ОПЕК+ келісімі мұнай бағасын жыл басында 50 доллардың айналасында ұстап тұрса, қазір барреліне 60 АҚШ доллары­ның шамасында екенін жазған. Одан бөлек, АҚШ жерінде болған дауыл бірнеше кен орнында мұнай өндірісін тоқтата тұруға мәжбүр еткен. Сауд Ара­биясы мен Катар және Иран ара­сындағы қарама-қайшылықтар, Сауд Арабия­сындағы 200-ге тарта ханзаданың, биз­несмендер мен шенеуніктердің жемқор­лыққа қатысы бар деп айыпталуы мұ­най­дың құнын төмен түсірмеуге ықпал еткен. Бұл оқиғаға қосымша Нью-Йорктің Порт-Аторити автовокзалында болған жарылыс инвесторлардың назарын геосаяси тәуекелге аударды. Соның әсе­рінен болар мұнай бағасы тағы да кө­те­рілді. Investing порталының мәліметтеріне сүйенсек, қазір Brent маркалы мұнай барреліне 64,73 АҚШ долларынан саудаланып жатыр.
Дегенмен сарапшылар «аспаннан мұнай доллары жауатын» күн әлі туған жоқ дейді. Себебі, аймақтардың энер­гетикалық сұранысы өзгерген. Мысалы, Еуропа энергияны тұтынудың шарықтау шегіне жеткен. Оның орнына Азия мен Африка елдеріндегі сұраныс жоғары. Бірақ болашақта қалпына келетін энергия көздері мұнай өнімдерін энергетикалық баланстан ығыстыруы әбден мүмкін. Оған кейінгі кезде қара алтын секторын сер­гелдеңге салып қойған тақтатас мұнайы­ның өндірісін қосыңыз. С.Смирнов бұл өндірістегі инновациялық технологиялар нарықтың сұранысына дер кезде бейім­делуге мүмкіндік беретінін айтады. Осыған дейін мұнай өндірісін арттыру үшін кемі 5-7 жыл қажет болса, тақтатас мұнайын өндіретін кен орнындағы жаңа техно­логиялар бұл мерзімді қысқартып қана қоймай, оның өзіндік құнын төмендетуге де көмектеседі екен.
Мұнай бағасы теңгеге неге әсер етпеді?
Бір кездері жауапты шенеуніктер ұлттық валютамыздың девальвацияға ұшырауын мұнай бағасының құлды­рауымен тү­сіндірген еді. Сәйкесінше, халық оның құны қайта көтерілгенде теңгеміз де күшейе түседі деп күтті. Бірақ үміт ақталған жоқ. 2017 жылдың көк­темінде теңгенің сәл ғана нығайғанын айтпағанда, жаздың соңы мен күз айларында валюта нарығы күрт құбылып отырды. Бұған қатысты са­рапшылар мен лауазымды тұлғалардың пікірі бір арнада тоғысып отыр. Мысалы, OilGasProject ЖШС директоры Жарас Ахметов теңгенің курсына қазіргі опе­рациялардағы сальдо (айырмашылық) әсер етеді дейді.
– Қазіргі операциялар дегеніміз – инвестициялық түрлі төлемдер, экспорт пен импорттан түсетін ақша, тауарлар, көрсетілетін қызметтер. Осы операциялар негізінде пайда болған айырмашылықтар теңгенің курсына әсерін тигізіп отыр. Егер сальдо оң болса, онда теңге нығаяды, егер сальдо теріс болса, онда ұлттық валюта әлсірей түседі. Меніңше, үшінші тоқсан қорытындысы бойынша ағымдағы операциялар нәтижесі әлі жарияланған жоқ, бірақ алдыңғы 10 тоқсан бойынша сальдо көрсеткіші теріс мәнге ие болған. Дәл осы жағдай теңге курсына салмақ түсірді. Қазір мұнай бағасы өсіп жатыр, экспорт және импорт бойынша балансымыз күшеюде. Бірақ бізде экспортқа қарағанда импорттың өсімі жоғары. Көп нәрсені импорттау арқылы біз шығынға ұшырап жатырмыз. Осылайша, сальдоның теріс көрсеткіші теңгеге қысым көрсетуде. Валюта біресе әлсірейді, біресе күшейеді, бұл өзі қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Мүмкін, бұл да дұрыс шығар. Өйткені оны күшпен ұстап тұрамыз десек, одан әрі көп шығынға батамыз, – дейді ол. Сарапшы мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асқан кезде бізде сальдоның жағдайы әлдеқайда оң болғанын айтады. «Бұдан кейін мұнайдың қайтадан сол деңгейге жеткенін көреміз бе, жоқ па, білмеймін. Бізге ендігі қалғаны импорттау мәселесін қысқартуды қайта қарастыру, әсерлі инвестиция тарту керек. Бұл ретте атқа­рыла­тын жұмыс өте орасан. Соның басын қайырсақ та біраз жетістікке жетуші едік» деді Жарас Ахметов.
Осыған дейін Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов те Forbes Kazakhstan басылымына берген сұхба­тында ұлттық валюта бағамы халықтың оған деген сенімі мен ұлттық экономи­каның сатып алу қабілетінің көрсеткіші екені айтып өткен. Ол «Егер экономи­камыз керемет өсім көрсетіп жатса, теңгенің де күшейе түскенін байқаймыз. Өкініштісі сол, әзірге мұнай жалғыз әрі негізгі көрсеткіш болып тұр. Мысалы, бір-екі жыл бұрын Арменияда драм рубльмен бір мезетте құлдырады. Бірақ әлі де сол қалпында тұр» деді. Осы сауал төңірегінде Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақы­шев­тің пікірін «Айқын» да жариялаған болатын. «Қазақстанға келіп жатқан экспорттық түсім көбейсе, тең­генің де құны артады. Мұнай бағасының өзгеруі әр секунд сайын экспорттық түсімге әсер ете алмайды. Мысалы, егер фьючерске сәйкес, мұнай белгілі бір бағамен сауда­ланып жатса, оның пайдасы үш ай немесе одан көп уақыттан кейін ғана түседі. Көп­шілігі мұнай бағасының қымбаттағаны ұлттық валютаға да бірден әсер етуі керек деп ойлайды» дейді Данияр Ақышев.
Қашағаннан қандай пайда?
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов желтоқсанда өткен Үкімет отырысының бірінде шетелдік нарықтарда қазақстандық өнімге деген «сұраныстың қайта жаңғырғанын» айтқан еді. Сонымен бірге, әлемдік деңгейде мұнай және металл бағаларының өсуі Қазақстанның сауда балансының жақсаруына ықпал еткен. Одан бөлек, Қашаған кен орнын­дағы өндіріс көлемі жоспардан 46 пайызға артық шыққан. Министрдің айтуынша, жыл басында мұнда 5 млн тонна мұнай өндіру көзделген болса, қарашаға дейін ол 7,3 млн тоннаға жеткен. Осылайша, Қашаған еліміздің мұнай секторында Атырауды алға сүйреп, бұл аймақтағы өндірістің 21,4 пайызға жоғарылауына әсер етті. Сүлейменовтің бұл сөзін сарапшы Смирнов та растады. Өйткені биыл Қашағанның арқасында 81 млн тонна мұнай өндіру жоспарланған екен. «Өткен жы­лы бұл көрсеткіш 78 млн тонна еді. Келе­сі жылы өндірісті 86 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған. Бірақ Қаша­ған өндірілген өнімді бөліп алу келісімі арқылы жұмыс істейді. Сон­дықтан ондағы мұ­най тек экспортқа бағытталған» дейді ол.
Қалай болған күнде де мұнай бағасының арқасында бюджетіміздің табысы артты. Finprom сараптама агентігінің мәлі­мет­теріне сүйенсек, алғашқы жарты жыл­дықтың өзінде мұнай шикізатын экспорт­таудан түскен бюджет табысы 53 пайызға арт­қан. Бұл жағдай бізге оң әсер еткені анық. Тіпті Дүние­жүзілік банк Қа­зақ­станның экономика­лық өсіміне қатысты өз бол­жамдарын қайта қарап, көңіл көн­ші­терлік деңгейге көтерді. Халықаралық ұйым күздегі баяндамасында ол 2,4 пайыз­дан 3,7 пайызға жоғарылаған. Бұдан өзге құжатта еліміздегі жеке сектордың әлеуетін арттыруға кедергі келтіретін факторлар атап көрсетілген. «Жақында жарияланған Қазақстан жеке секторының диагности­калық зерттеуінде, сарапшылар АӨК, транспорт және логистика алдағы жылдары жеке секторға инвестиция тар­тудағы кедер­гілерден арылуға мүмкіндігі мол екені ай­тылған. Одан кейін энер­гетика, ақ­па­раттық-коммуника­циялық технологиялар орын алған. Бірақ олардың инвестициялық тартымдылығы төмен. Әр сектордың өзіне тән қауіп-қатер мен мүмкіндіктер бар. Со­нымен бірге, оларға әсер ететін факторлар да саяси динамика мен экономикалық басқаруға тікелей байланысты». Ендігі кезекте әр салада нақты құрылымдық ре­формалар жасалуы тиіс. Мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, тәуекелді төмендету үшін квазимемлекеттік сек­тор­дағы мекемелерді жекешелендіріп, қайта құрылымдау қа­жет. Жалпы алғанда, жеке секторды аяққа тұр­ғызуға көмектесетін мүмкін­діктер жетерлік. Егер ол толық жүзеге асса, жұмыс орындары көбейіп, кедей­ліктің деңгейі төмендеп, халықтың табысының артуына сеп болады. Дегенмен экономи­каның тұр­ғырына айналуы тиіс бұл салаға кедергі келтіріп отырған мы­надай жайттар бар: эко­номикадағы квазимемлекеттік сек­тордың үстемдік құруы, жұмыс күшінің төмен квалифи­кациясы, макроэконо­микалық осалдық және әлсіз аймақтық экономи­калық кооперация.
Иә, экономиканы әртараптандыру бұрыннан айтылып келеді әрі қаншама бағдарламаға негіз болды. Дегенмен біз әлі де шикізатқа тәуелділіктен арыла қой­мадық. Сарапшылар егер келесі жылы ОПЕК+ келісім өз күшін жоймаса мұнай бағасы осы қалпын сақтап қалады деген пікір айтты. Бірақ нарықты 100 пайыз дәлдікпен дөп басып болжау мүмкін еместігін ескерсек, 2018 жыл да тосын сыйларға толы болуы мүмкін.
 
 Кәмила ДҮЙСЕН, Абай АЙМАҒАМБЕТ 
26 желтоқсан 2017 ж. 1 467 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930