Ешкі дауынан қалған есті сөз
Шамамен 1850 жылдары қыпшақ еліне танымал Ақмырза бидің ауылына көрші қонған ел арасында дау шығып, ауыл екіге бөлініпті. Дауға кәдімгі бақырауық қара ешкінің жоғалуы себеп болған.
Әлгі ауылдың Нау есімді тұрғыны ешкісін жоғалтады. Ол өз ешкісінің терісін туыстас ағайынының қорасында жаюлы тұрған жерінен танып қалып, оны даулаған екен. Ақыры туған-туыс болып, дауласқандарды бітістіре алмай, Ақмырза биге жүгінеді.
Маңырауық бір ешкі үшін туысқаныңмен араздасып, би алдына келгенің қалай?,– дейді салған жерден Ақмырза би Науға қарап.Сонда Нау:
Ешкімді саусам, бұлақ еді, Іші толған лақ еді, Терісі бұтыма қап еді, Мүйізі пышағыма сап еді, Тоқтықарын майы бар еді, Тоқсан түйір құрты бар еді, – дейді.Ақмырза сол кезде:
Ешкіңнің мақтауын әбден келтірдің, енді сол ешкінің төрелігін өзің айтшы, – дейді.Сонда Нау:
Бидің жасаған билігіне бір ат, жасаған төрелігіне түк жоқ. Ешкімнің мойнына қосақ, артына тіркеу бер, – деп туысына қарайды.Осыдан кейін туысы айыбын мойындаса да, біраз малынан айырылып қалатынын ойлап, шошынып, көзі атыздай болып отыр екен.
Мұны байқаған Нау:
Қу туысқан, өлетін қойдың көзіндей көзің бозарып кетіпті ғой, қайыр қылайын. Төрелігі болды, енді кештім, – деген екен.Ағайын арасында ушығып тұрған дау осылай шешіліпті.
baribar.kz