Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ƏУЛИЕ БОЛУ ОҢАЙ МА?

ƏУЛИЕ БОЛУ ОҢАЙ МА?


Ағалы-інілі екі кісі болыпты. Екеуінің де бойында тақуалығы мен қоса əулиелігі де бар екен. Олардың біреуі «мына заманда қалада тұрып, көп күнаға батқанша, ешкім жоқ далада жүріп, күнə атаулыдан алыстау болайын» деп тауды мекендеп, мал бағып тіршілігін жалғастырады. Көңілді кірлетіп, жүректі қарайтар харам жоқ жерде намазын да қаза қылмай, құлшылығын да уақтымен жасапты.
Екіншісі қаланың қақ ортасынан етік жамайтын дүңгіршек ашып, етікшілікпен айналыса бастапты.
Бір күні таудағы інісі ағасының хал-жағдайын біліп қайтпақ болып қалаға бет алады. Ағасына қойдың сүтінен дорбаға құйып ала келуді де ұмытпапты.
Сұрай-сұрай қаладағы ағасының жұмыс орнын да тауыпты. Дорбадағы сүтін (əулие емес пе) қабырғаға іле салып,екеуара əңгімеге кірісіпті. Дəл сол мезет бір əйел келіп етігін жөндетпек болса керек. Əйел етігін шешкенде, ашық балтыры көрініп қалады. Ағасы ештеңеге де мəн берместен аяқкиімнің жөндеуге келетінін айтып, іске кірісіп кетіпті. Əйел аяқкиімін шешкен күйі біраз отырып, жұмысы біткен соң өз жөнімен кете барыпты. Тауда жүргенде өңі түгіл түсіне де кірмейтін бұндай нəрсені көргенде қонақ болып келген інісінің ойы бұзыла бастаса керек. Дəл сол мезет оның əкелген дорбадағы сүті де тамшылап қоя беріпті. Бұның бəрін сезіп-біліп отырған ағасы сонда інісіне сынай қараған күйі сөз бастапты:
– Елден қашып,тау басында əулиелік қуу – əрине, оңай іс. Алайда, қайнаған халықтың тап ортасында отырып, өзіңді күнə атаулыдан қорғай білу білу – үлкен сын. Міне, гəптің бəрі осында. Екеуінің айырмашылығын енді ұққан боларсың. Бірақ інісі бұған илана қоймастан:
– Бəлкім,сен күнəларды сезінуден қалған шығарсың? – деп, өзіне қарсы дау айтыпты
– Егер мен күнəны сезінуден қалып, бұзылған болсам, онда бері қара, - депті де, ағасы орнынынан тұрып əлі тамшылап тұрған дорбадағы сүттің тесігін саусағымен сəл ғана сипағанда, сүт тамшылауын сап тиыпты.
Сонда ғана інісі:
– Айтқаныңыздың бəрі рас. Нағыз əулиелік – тауға қашып өзіңді харам мен күнəлардан қорғау емес, нағыз əулиелік – өзіңіз айтқандай, қайнаған халықтың арасында жүрір діндарлықты ұстана білуде екен, - деп ағасының айтқанын мойындапты.

«Тағылым тамшылары»
11 ақпан 2019 ж. 860 0