Дүние жүзіндегі киіктердің 95%-ы Қазақстанда ғана мекендейді
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Астанада Mega Silk Way ойын-сауық орталығында Каспий Құбыр Консорциумы мен National Geographic Qazaqstan журналының бірлесуімен «Ұлы даланың киесі» фотокөрмесі өтті.
Көрмені өткізудегі мақсат – көпшілік қауым арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, даланың аң-құстары, оның ішінде қазаққа етене жақын киіктер туралы тұрғындардың таным көкжиегін кеңейтуге және қоршаған ортаны қорғау проблемаларына қоғамның назарын аударту.
Бұл жануарларды қорғау және сақтап қалу ісінде Каспий Құбыр Консорциумының қосқан үлесі зор.
«Біздің компания бөкендерді ғарыштан бақылауға мүмкіндік беертін 30 дана қарғыбау сатып алуға 2016 жылы 21 миллион теңге, ал өткен жылдың өзінде тек зерттеу жұмыстарына ғана 27 млн теңге бөлді. Бүгінгі көрме «Ұлы даланың киесі» деп аталуы жайдан жай емес. Болашақта да осы бағдарламаны қолдайтын боламыз», - дейді «Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ-ның бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин.Киіктердің тағы бір ерекшелігі – ешқашан жетім қалған лақтарын далаға тастамайды. Ал кез келген киік жолынан маңырап шыққан құралайды кездестіре қалса, жанына барып емізіп, өзімен ертіп кетеді.
«Биыл 2017 жылмен салыстырғанда киіктің басы 215% өскенін мақтанышпен айтуға болады. Бүгінгі көрмеде осы салада істелініп жатқан жұмыстардың шет жағасын ғана көріп отырсыздар. Дүние жүзіндегі киіктердің 95%-ы бізде ғана бар», - дейді ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Марлен Айнабеков.
Baq.kz сайты