Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі

Дәуір


Әлем әдебиетінің жауһары, жапон классикасының көркем өкілі Акутагава Рюнос­ке туындылары жер жүзінің әр қиырынан өз оқушысын тапқан. Оқырман шығармаларды оқи отырып, психологиялық, әлеуметтік ойларға еркін енеді. Осындай бәсі биік дүниелерді біздің жерлесіміз, жас аудармашы Ақтілеу Қалдыбай тәржімелеумен айналысып жүр.
Бүгінгі санымызда солардан қысқаша үзінді жариялап отырмыз.
Редакциядан
Ол жиырма жаста... Әлдебір кітап дүкенінің екінші қабатында қаз-қатар тізілген су жаңа жинақтармен еуропалық үлгідегі жиылмалы саты арқылы танысып тұр. Мопассан, Бодлер, Стриндберг, Ибсен, Шоу, Толс­той...
Қас қарая бастағанына қарамастан көздің жауын алатын қалың томдардағы жазулардан жанарын тайдырмағаны – танымының аясын кеңейтуге деген зор құштарлығынан... Аңсарын аударған тек авторлар емес, білдей бір ғасыр. Ницще, Верлен, Ағайынды Гонкурлер, Гауптман, Достоевский, Флобер...
Ымырт ығыстыра бастаған жарыққа жармасып жүріп, елеулі есімдерді санасына сіңірді. Бірақ, кітаптар сәт сайын қою қараңғылықтың шымылдығының тасасына тығыла берді. Құлшынысы сарқылуға айналған жігіт төменге түсуге ыңғайланғанда тас төбесінен электр жарығы жанды.
Биіктен әдеттегіден кішкентай боп көрінген сөрелер арасындағы сатушы мен сатып алушылар сондай жан аярлық хәлде еді.
– Адам өмірі Бодлер жазған өлеңнің бір жолына да татымайды.
...Біраз уақыт “аяныштыларға...” күйіне телмірді.
Ана
Сұрғылт түсті киімдегі науқастар қойынына құйылған реңі түнеріңкі, көлемі ат шаптырым бөлменің ажары көңілсіздікке сүңгіген. Ақылынан алжасқан күйі жан-тәнімен фисгармония­да әнұран әуендерін ойнаған әйелден өзге біреуі биге құмартса керек, селк-селк секіреді.
Ол бетінің екі ұшы қызарған дәрігердің “еті үйренген көрінісіне” көп қарады.
Расында, ауада қалқыған иіске дейін есіне түсірген анасының он жыл бұрын “осылардан” мүлде айырмасы жоқ-тұғын. Түк те...
– Ал, жүрейік...
Екеуі дәліз бойындағы түрі түндей бұйығы төрт қабырғаның біріне кірді. Бұрыштағы спирттелген адам миы салынған үлкен шыны құтылардан жеңіл, әрі ақшыл ұшқындар байқалады. Жұмыртқа ақуызын сеуіп қойған секілді... Жол сілтеушісімен болған әңгіме барысында да ойынан анасы кетпеді.
– Өзін ауқымы зор, электр тоғын тарататын жарқыраған қара машина санайтын мына мидың иесі N. кәсіпорынында инженер қызметін атқарған.
Серігіне тура қараудан жасқанған жігіттің назары далаға ауды. Үстінде жаңғақша шағылған бөтелкелердің сынықтары шашылған тас дуалдан басқа ештеңе көрінбеді. Тек кірпішті басқан сирек мүктерге көмескі сәуле шашқан әйнек үгінділері ағараңдайды.
Жапон тілінен аударған
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ
05 желтоқсан 2018 ж. 902 0