Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құтырған иттің даусы қарлығып шығады

Құтырған иттің даусы қарлығып шығады



Өткен жылы Шымкенттің өзінде бірқатар адамдардың құтыру ауруына шалдыққан оқиғалары болғаны белгілі. Сондықтан бұл қауіпті дерт жөнінде жұртты жиі құлағдар етіп отыруды парыз санаймыз.
 Құтыру  – жүйке жүйесін қатты зақымдайтын ауру. Бұл дерт адамдарға жан-жануарлардың тістеуі арқылы, сілекеймен қанға берілу арқылы жұғады. Құтырма энцефалиті (бас миының қабынуы) сал ауруы, құрысқақ түрінде шығады. Негізінен құтырған жан-жануарлардың сілекейі ауру белгісі білінбестен, бірнеше күн бұрын-ақ жұқпалы болады. Ол адамдарға көбінесе үй хайуанаттарынан – ит, мысықтан (сирек кездеседі), сондай-ақ етқоректі аңдардан (қасқыр, түлкі) тарайды.
 Ауырған ит тынышсызданады, тамақ жемейді, одан кейін су көрсе үрейленіп, қаба бастайды, үргенде даусы қарлығып шығады, аузынан сілекей шұбырады.
 Құтырманың асқынып кетпеуінің өзіндік жолы да бар, ол – уақтылы антирабикалық вакцинаны егу. Жасырын кезең орта есеппен 1 –2 айға, кейде 7 аптадан 1 жылға және одан да көп уақытқа созылады.
 Дерттің үш сатысы бар:
 - Продромалды кезең 1-4 тәулікке созылады, дене қызуы көтеріледі, бас ауруымен, шаршау, тәбетті жоғалтумен сипатталады. Жануар тістеген, қапқан тұсқа жақын маңда невралгия, терінің жоғары сезімталдығы білінеді.
 - Қозу сатысы 4-7 күнге созылады және психомоторлық ұстамамен сипатталады. Жарыққа, әртүрлі дыбыстарға, шуларға жоғары сезім­талдық байқалады. Науқас озбыр, долы келеді, галлюцинациялар, сан­дырақтау, қорқыныш сезімі пайда болады, құрысу, бұлшық ет парездері мен салдануы бірге жүреді.
 - Салдану сатысында көз бұлшық еті жансызданады, жұту функциясы бұзылады. Науқастың аузынан көбік ағады, ол судан қорқады. Өлім тыныс алу аппаратының зақымдануынан, тыныс тоқтауынан болады. Дерт   58 күнге, кейде 10-12 тәулікке созылады.
 Құтырудың хайуандарда көрінетін белгілері: Біртүрлі күйде болады, кейде сұлқ жатады, мазасызданады, ашуланшақ болады, аузы көбіктенеді, ішіп-жей алмайды, жанына жолағанның барлығын қауып, тістеуі мүмкін. Хайуан 5 – 7 күннің аралығында өледі.
 Адамдардағы клиникалық көрінісі: Сырқат  көбінесе жағымсыз күйлерден басталады. Хайуанның тісі батқан жер ауырады. Мұның арты қызбаға ұласуы мүмкін. Сонымен қатар адамның ұйқысы қашып, көңіл-күйі болмайды, мазасызданады, ашуланшақ болады, шаршау сезімі мен түрлі дыбыстарға, бейнелерге түршігіп тұрады. Сондай-ақ аузы көбіктенеді, ішіп-жей алмайды, тыныс алуы мен жұтынуы қиындап, ақыл-есі бұзылып, сандырақтауы мүмкін және онда судан, жарықтан үрейлену пайда болады, бет-әлпеті жаңа ғана жылаған адамға ұқсас келеді. Аузының сілекейі қоюланып, же­лімделе береді, құтырып, алас­ұрады. Өлім алдында талма ұстап, дене құрысып, сал болып қалады.
 Бұл қатерлі дерттің алдын-алу үшін мына жайларды есте ұстаған абзал: Егер сізге біреуді тістеген немесе қапқан хайуан құтырған болуы мүмкін деген ой келсе, хайуанды байлаңыз немесе бір апта сыртқа шығармай ұстаңыз. Тістеген жерді сабынмен, сумен және сутегі асқын тотығымен жақ­сылап тазартыңыз, жараны жаппай ашық қалдырыңыз. Егер хайуан бір аптаға жетпей өлсе немесе ұстатпай кетсе зардап шеккен адамды ауруханаға апарыңыз, сол жерде оған қатарынан бірнеше рет құтыруға қарсы дәрі егіледі.
 
Айгүл ТҰРЫМБЕТОВА,
Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданы
қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы
эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы.


03 қазан 2018 ж. 796 0