Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Маңғыстау облысында жан-жануардың құтыруы бойынша 5 факті расталған

Маңғыстау облысында жан-жануардың құтыруы бойынша 5 факті расталған


Маңғыстау облысында жан-жануардың құтыру ауруы бойынша 5 дерек анықталды. Оның екеуі - Жармыш ауылында, үшеуі - Қарақия ауданында. Бұл туралы 16 ақпан күні Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Бекмұрат Жүсіпов мәлімдеді. Қазір Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің мамандары Жармышта тексеру жүргізіп, вакцинациялаумен айналысуда. Мамандар осы уақытқа дейін 27 сынаманы Астанаға жіберген. «Жармыш ауылында 2 түйе, Қарақия ауданында 1 түйе, 1 жылқы және 1 жабайы қасқырдың құтыру ауруымен ауырғаны анықталды. Бұл өлген жан-жануарларды зертханаға тапсырудың қорытындысы бойынша белгілі болып отыр», - дейді Бекмұрат Жүсіпов. Қазір Жармыштағы екі шаруа қожалығы мен Қарақия ауданының Бостан, Құранды және Құрық ауылдарының кейбір елді мекендерінде шектеу қойылған. «Шектеу қойылды дегеніміз - карантин емес. Карантин - бұл бүкіл бір территорияны жабу, ол территорияға кіріп-шығуға тыйым салу. Шектеу кезінде ондай тыйымдар қойылмайды. Сондықтан, біздің облыста - карантин жоқ. Тек ауру табылған кейбір қораларға, ауылдарға ғана шектеу қойылды»,- деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары. Атап өтілгендей, құтыру ауруы шыққан шаруа қожалықтарында малдармен қоса адамдарға да екпе жасалуда.   «Республикалық эпизоотияға қарсы жасақтың» мамандарына құтыру ауруына қарсы дәрі келді. 19 бас мүйізді қара, 814 бас мүйізді ұсақ малға, 78 бас түйеге, 19 бас жылқы малына және 3 итке құтыруға қарсы вакцина егіліп жатыр. Дәрілер Астанадан келді»,- деді  ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша бас мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспекторы Қуанышкерей Мырзатаев. Еске салайық, еліміздің бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Маңғыстаудың Жармыш ауылында түйелер жаппай қырылып жатқаны туралы хабарлаған болатын. Бұл ақпаратты кейін Маңғыстау облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шамғали Хамиев теріске шығарды. «Жармыш округінде 40 түйе өлді деген қауесет шыққан. Ондай мәлімет ресми тіркелген жоқ. Жалғыз Жармыш емес, аудандағы бүкіл ауылдар бойынша екі айдың ішінде 10 түйенің ғана материалы тапсырылған. Екі түйеден ғана құтырудың қоздырғышы анықталды. Құтыру ауруы қорытындысы берілген екі шаруашылыққа шектеу шаралары енгізілді. Құтыру - карантин жарияланатын аурудың түріне кірмейді, тек шектеу шаралары енгізіледі», - деді Шамғали Хамиев.    
inform.kz
17 ақпан 2018 ж. 1 741 0