Павлодар мектептеріне жаңа форматтағы кітаптар әкелінді
Павлодар қаласындағы 42 мектептің барлығы жаңа форматтағы оқулықтармен қамтылды, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.
Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі оқулықтардың электронды нұсқалары алуға да мүмкіндік бір. Павлодар қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше 428 мың дана кітапты сатып алуға 515 млн. теңге бөлінді.
«Жаңа форматтағы оқулықтар, үшінші, алтыншы, сегізінші сыныптарға арналған әдістемелік оқу құралдары, сонымен қатар, жұмыс дәптерлерінің электронды форматтағы нұсқаларын бере аламыз. Оқулықтардың барлығы куар-кодтармен қамтылған. Олардың барлығы жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламаларына сәйкес», - дейді ведомствоның бас маманы Алла Деревина.Мекеме мамандарының хабарлауынша, оқулықтар балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты әзірленген. Мәселен, мектепалды топтар, шағын орталықтар мен балабақша тәрбиеленушілеріне арналған құралдар жеткізілді.
«Бүгінгі таңда облыс орталығында үш тілде білім беру жобасы белсенді жүзеге асырылуда. Мектеп оқушылары үшін физика, химия, ақпараттану, биология пәндерін ағылшын тілінде оқуға мүмкіндік жасалуда. Шаһарға жеткізілген оқу құралдарының жалпы саны – 4440 дана», - деп хабарлады мекемеден.Оқулықтарды тасымалдау бойынша 12 отандық баспа үйімен келісмішарттар жасалған. Бүгінде кітаптардың барлығы толық көлемде жеткізіліп, мектептерге таратылды.
Айта кетейік, биылғы оқу жылында оқушылар саны 3 мыңға көбейіп, 102 мыңға жетеді. 1-сыныпқа шамамен 12 мың бүлдіршін қабылданады деп күтілуде. Мектеп оқушыларын оқу құралдарымен қамту үшін 1 млрд. 116 млн. теңге қарастырылды.
Ақмаржан ӘДІЛБЕК
Baq.kz сайты