Өскемен тұрғынын тоңазытқыштан шыққан улы жәндік шағып алды
Ол тоңазытқышта жеміс-жидектердің арасында жатқан сары түсті жәндікті лақтырып жібермек болып, саусақпен іліп алады. Сол мезетте жәндік шағып үлгереді. Оқиғаның ұзын ырғасы осы. Зардап тартқан әйелдің айтуынша, жеміс-жидектің кейбірі – саяжайдан, ал кейбірі базардан сатып алынған.
– Бұл бүйі тоңазытқышқа жеміс-жидекпен жылы жақтардан жеткен тәрізді. Адамға аса қауіп туғызбайды. Мұндай сәтте аса қобалжымау керек. Бар болғаны антигистаминді (қызба мен қышымаға қарсы аллергиялық дәрі) қолдансаңыз жеткілікті, – дейді №1 қалалық аурухана токсикологиялық бөлімінің меңгерушісі Александр Мейстер. Дәрігер сөзінше, мұндай оқиғалар өте сирек. Былтыр, мәселен, бір-ақ рет тіркелген екен. Аталған өрмекші типтес жәндік жеміс-жидек жәшіктерінің ішінде оңтүстік жақтардан келетін көрінеді.
Науқас қазіргі уақытта өзінің жағдайы жақсарғандығын айтып отыр. Тек жәндік шаққан жер аздап ауырсынады екен.