КӨРЕГЕН ҰСТАЗ
№159 «Еңбекші» жетіжылдық мектебінде шәкіртерінің ықылсына бөленген Бекболат Ивашев деген мұғалім болды (ол 1960-1567 жылдар еді). Негізінен бастауыштың мұғалімі. Қарапайым, кеңпейіл, дархан көңілді жан болатын. Ешкімге дауыс көтеріп сөйлемейтін. Бұзақылық жасаған оқушының да басынан сипап жіберетін. Тентек мінез танытқанын, балағат сөздер айтқанын естіген емеспін. Бұлайша сенімді сөйлеуімнің себебі де бар. Ағаймен көрші тұрдық. Үйіміздің арасында үй болған жоқ.Ауырсақ, ұйқымыз қашып немесе бұзақылық жасай қалсақ, қорқынышты түс көрсек анамыз сол ағайға апаратын. Басымыздан сипап, білегімізден ұстап, жақсы сөздер айтып, көңілімізді жұбатып, жанымызды жадыратып жіберетін.
Бір ғажабы, сабақ үстінде әр оқушының түнде сабаққа қалай дайындалғанын, қандай іспен шұғылданғанын көзбен көргендей етіп нақпа нақ айтып беретін. Дәлдігі сондай басқа жаққа бұлтара алмайсың, мойындайсың.
«Ағай оның бәрін қалай білдіңіз?» десек, «Үйде айнам бар, содан көріп отырамын» дейтін Біз ұстаздың сөзіне иланатынбыз. Бекболат ағай сол кездің өзінде қазіргі компьютерлік әлемнің кереметін болжай білген сияқты.
Ал шындығында ауыл малын жайғап, кешкі асын ішіп тыныстаған уақытта ағай оқушыларының үйлерін сырттай қадағалап, шәкірттерінің немен айналысатынын бақылайды екен. Оқушылардың түнгі мезгілде қыдырыс жасап, уақыттарын босқа өткізбеуіне бұл тәсілдің айтарлықтай әсері болған секілді.
Ағайдың тағы бір кереметін айтайын. Қазір әлеуметтік желіде сан (цифр) арқылы немесе әріптер арқылы сурет салу әдісі көрсетіліп жүр. Осылай сурет салуды бізге Бекболат ағай осыдан алпыс жылдан астам уақыт бұрын үйреткен еді. Тақтаға 1-ден онға дейінгі санды жазады: (1.2.3.4.5.6.7.8.9.10.)
Сосын осы көрсетілген сандарды пайдалана отырып адамның кеудеден жоғары бейнесін салады.
Сонда адамның (төмендегі) суреті шығады.
1 – маңдайы, 2 – мұрны, 3 – аузы, 4 – иегі, 7 – шляпасы, 8 – шляпаның етегі, 9 – құлағы,10 – көзі...
Орыс тілін жетік білетін. Ата-анасынан ерте айырылып, балалар үйінде тәрбиеленген екен. «Қазақстанның халық әртісі, күміс көмей әнші Роза Бағлановамен балалар үйінде (Қазалы кенті) бірге болғанмын» деп анда-санда сөз арасында мақтанышпен айтып қоятын. Шалғайдағы қазақы ауыл болған соң ба, біздің мектепке орыс тілі пәнінен беретін мұғалімдер көп келмейтін. Келгенінің өзі ұзақ тұрақтамайтын. Сондай кезде олардың орынын Бекболат ағай алмастыратын. Ағайдың орысшасымен-ақ талай шәкірті білім белесінен сүрінбей өтті. Ауыл поштасына келетін «Правда», «Известия», «Комсомольская правда» газеттерін Бекболат Ивашев ұстазымыз ғана оқитын. Жастар тәрбиесіне, педагогикалық жаңа талаптарға қатысты мәселелердің мазмұнын сабақтан тыс болатын тәрбие сағаттарында оқушылар мен жас ұстаздарға айтып беретін.
Ағайдың бойында көптеген жақсы қасиеті бар еді...
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ







