ӨЗ ОТЫҢДЫ ӨШІРМЕ
Оқырманға жол тартқан оның әр туындысынан туған жеріне, асқар тауына, аңқылдаған ақжүрек халқына сүйіспеншілігі сезіліп тұрады. Оның кітаптары өмірді сүюге ғана емес табиғаттан тыныс алған әр ағашының әдемілігін көруге, табанымыз тиіп жүрген қара жердің қадірін білуге, тұла бойымызды жылытып, шуағын шашқан күннің нұрына шомылуға үйретеді. Ол қаламы мен қағазын серік ету арқылы қазақ әдебиеті мен қазақ журналистикасын биік белеске көтеріп кеткен жазушы – Оралхан Бөкей.
Иә, өскелең ұрпақ әңгімемізге арқау болған жазушының жүріп өткен жолын, адамдық болмысын өз көзімізбен көрген жоқпыз. Бірақ әдебиет алыптарының Оралхан туралы айтқан орамды ойларына қарап әрі жазушының жазған шығармаларын оқып, қазақ елінің маңдайына біткен біртуар азамат екенін байқаймыз. Мәселен, Талаптан Ахметжанның «Оралхан Бөкей – ақын. Әр әңгімесі, әр повесі ақындық жүрекпен өмір тылсымын терең түйсініп, сол жұмбақтан өзіндік тың пәлсапа түйе отырып жазылған. Ол – суреткер. Табиғат пен адам жанын ақындық көзбен жіті тінтіп, екінің бірі байқай бермейтін тылсым құпияларды өрнектейді. Және де сол суреттері өзі көргендегідей тылсым күйінде, жұмбақ қалында тұңғиығына сыр бүгіп тұрады» деген естелігіне қарап, жазушының тек әңгімені екі ауыз сөзбен өрбітіп қана қоймай, оқыған жанның көз алдына елестетуге тұрарлықтай сипаттап беретінін аңғарамыз. Бұл орайы келгенде өтірік жазыла салған сөз емес. Расында, О.Бөкейдің қай шығармасын алсаңыз да, оның сөздері бір-бірімен біте қайнасып, әдемі әуезге ұласып, жазушының өзіне ғана тән қолтаңбасының ырғанына түсіп, қолына алған кітапты кино қарағандай ынтық көңілмен оқығандай әсер қалдырады. Сонысымен де көбісі Ораға атап кеткен жазушы ұлы тұлға емес пе, тәйірі! «Оралхан бір оқылатын жазушы емес. Оралхан қайталап оқуды қажет ететін жазушы, түсінгеніңше оқи беретін күрделі суреткер» деп Дулат Исабеков айтпақшы, өткен жолы тақырыбымызға түрткі болған жазушының «Өз отыңды өшірмесін» қайталап оқып шықтым. «Өз отыңды өшірме» - жазушы Оралхан Бөкейдің роман жанрындағы алғашқы шығармасы. Бұл шығарма жазушының алғашқы романы болса да, жазылу стилі мен мазмұны жағынан автордың өзіндік қолтаңбасының кейпі жоғалмады. Тақырып таңдауда жаңылмайтын жазушыға бұл жолы ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Түрксіб теміржолы бойындағы қазақ жұртының тынысы арқау болды десек болады. Сұм соғыс аяқталғанымен, ел арасындағы дүрбелең әлі басылмаған уақытта тапқа бөлінген қоғамды, бірде олай, бірде бұлай құбылып тұратын алмағайып кеңес уақытындағы адамдар тұлғасын, олардың іс-әрекеті мен бір-біріне деген қатынасы біресе тартыс, біресе татулық арқылы баяндайды. Оралханды оқығандар біледі, оның әр шығармасында қазақ елінің танымы мен түйсігі, болмысы мен бітімі, дүниеге деген көзқарасы ерекше сипатталады. Құлашын кеңге жайған даланы ғана емес, сол даланы мекен еткен халықты да туындыларынан тыс қалдырған емес. Тіпті әйелдер бейнесін де ұлтымызға тән төл мінезбен біртұтас мазмұнда өрбітіп, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын тілге тиек етеді. «Өз отыңды өшірме» романы да жазушының өзіне тән машығымен өрілген. Жалпы роман бес бөлімге бөлінген. Әр бөлімнің өзінде тақырыптың ауқымын кеңейте түсетін, оқыған жанды еліте әкететін тараушалар бар. Жазушы өзінің қаламгерлік ұстанымын алға тартып, адамдардың тағдырын шұрайлы тілмен өрнектеп, ашу мен ақыл, парықсыздық пен парасат, сатқындық пен адалдық, аярлық пен тазалық сияқты сезімдерді бір-бірімен айқастырып отырады. «Түрксібтің қайлашы болып бастаған кәрі жұмысшыларының бірі туралы хикая» деп автор айтпақшы романның бірінші тарауы оқиғаның негізгі өзегі Дарханның айналасында өрбиді. Ол жастайынан еңбекпен етін пісірген, екі қолына бір күрек тапқан еңбекқор бала. Оның әкесі Таңатар да аядай ауылда қадірі асқан ақсақал. Көп жылдар бойы Омар байдың жылқысын бағып, адалынан ас тауып жүрген қарапайым қазақтың жанұясы. Алайда қоғамдағы өзгерістер қазақ отбасыларына да әсер тигізбей қойған жоқ. Оны Дарханның өмір жолынан байқаймыз. Қара күштің иесі, қандай да болсын жұмыстан қашпайтын Дархан салынып жатқан теміржолдың құрылысына араласып, сол жердің ыстығына күйіп, суығына тоңып, қара жұмысқа білек сыбана кіріседі. Адалдықтың ақ жолынан адаспайын деп қанша тырысса да Дарханның жолынан көсе көлденең кескен қиындықтар кездесе береді. Омар байдың сұлуы, егіздің сыңары, ай десе аузы, күн десе көзі бар Гүлия сияқты келіншегінің қапылыста қаза болғаны еңгезердей ерді есеңгіретіп жібереді. «Қатын өлді, қамшының сабы сынды» демекші жарының жаназасын шығару, оның үстіне ол жаман пиғылды адамның қолынан қаза болуы жығылғанға жұдырық іспетті болып, жарасына тұз сепкендей әсер қалдырды. Қартайған шағында бейнетінің зейнетін көріп, немере бағып, баланың қызығын көріп отырамын ба деген оймен жастығын жұмысқа арнаған Дарханның ендігі мақсаты - жары Гүлияның басына мазар тұрғызу. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін қолына билік тиген Оспан шаш ал десе бас алатын, адамдардың алдын орап отыратын залымдық пен зұлымдықтың иесі еді. Ол билік пен байлық үшін алдында тұрған адамға ойланбай жала жауып, өз мақсаты үшін адам өлтіруден де аянбайтын. Роман желісінде Оспан өткен мен бүгіннің екеуінде де сипатталады. «Баяғыда» деп аталатын тараулардағы әр оқиға Оспансыз өтпейді. Тіпті бір көзін Омар байдың қамшысы ағызып түсіргенде кектенген ол қолына билік тие саласымен кек алуды ойлаған. Көзі көгереңдеп, өзі әкіреңдеп келе жатырған Оспанға Омар шал «Үй болып, түтін түтетер шағың жетті. Бой жетіп келе жатқан егіз қызым бар, таңдағаның ал» деп астына көпшік қояды. Мұндай мүмкіндікті Оспан жіберсің ба? Ойланбастан ақылына көркі сай Гүлияға көз салып, енді оның жолындағы үлкен кедергі Дарханды құртуды жоспарлап кетеді. Бірақ Гүлияның сүйгені – Дархан. Оның айламен, жамандықпен өмір сүретін Оспанға екі бастан тимейтінін өзі де жақсы біледі. Оны ақылы біліп тұрса да, жүрегі мойындамай түптің түбінде не саған да, не маған да жоқ деген ұстанымды ұстап, Гүлияны қапылыста атып өлтіріп кетеді. Арамдықпен ас ішкен, қулығына құрық байламайтын айлакер Оспанның ардың да, адамның да сотынан ұялмайтындығының тағы бір дәлелі – Омар байдың қабірін ашуы. Иә, естіген құлаққа түрпідей тиеді. Бірақ байлықтан көзіне шел басқан Оспан алтын, күміс үшін мәйітке де тыныштық бермейді. Ақыр аяғында осы байлықты алып бара жатқан тұсында тұтылады. Ал құсадан қан жұтқан Дарханның қайғысын барша таныс теңдей көтереді. Бір жағынан Дархан жұбайынан айырылғаны жанына батса, екінші жағынан ошағының оты сөніп қаларына іштей өкінді. Себебі әкесі Таңатар өз үйінің отын сөндірмеуді осы Дарханға табыстаған болатын. Осыны ойлаған ол ендігі кезекте жарының ағасы Долдаштың ұлы Мұратқа іздеу салады. Ақыр аяғында Мұрат емес, Мұраттан туған Жалғас Дарханды іздеп табады. Көктен іздегені жерден табылғандай қуанған Дархан ендігі кезекте ошағының отын өшірмеуді Жалғасқа аманаттайды. Міне, туындының да «Өз отыңды өшірме» аталуы да тегін емес. Қазақ дәстүрінде отбасының, шаңырақтың тұтастығы – бірінші орында. Шығармада отбасы құндылықтары, атабаба мұрасына адал болу, ұрпаққа аманат етіп қалдыру мәселесі жақсы көтерілген. Бірақ автор бұл туындының атауымен тек мұны ғана айтқысы келмеген сыңайлы. Өз отыңды өшірме деген кітаптың тақыбыры ғана емес, адамның рухани күшін сақтауға, өмірден өз орнын табуға, үмітін жоғалтпауға арналған өмірлік ұран сияқты. Расында, әрқайсымыздың кеудемізде отымыз бар емес пе? Ендеше сол отты өшіріп алмауға қамданайық.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА