ЕЛ ҚОРҒАНЫ – ӘЛМЕРЕК
ЕЛ ҚОРҒАНЫ – ӘЛМЕРЕК
(деректі поэма)
Қазақтың мамыражай ғасыры еді,
Бейуаз ел еш қаперсіз жатыр еді.
Тәңіртау сілемдері шымылдық боп,
Үйсін таудан Өртекес есіледі.
Қыз мінезді Текестің жағасы ну,
Төрт түлікке жерұйық, еліме ду.
Қайың-тал, шырғанағы бойлай өсіп,
Шалкөде, Қарасаздың маңайы дүр.
Мұны көріп жоңғардың көзі аларды,
Барымтаға бас қойып, тағыланды.
Қазақты ынжық көріп, малын айдап,
Қарсы келсе қылышпен басқа салды.
Әркі ішіп бұлғақтаған мастары да
Қазақтың ауылына қолын салды.
Қыз-қырқынды ұрлап ап, басын кесіп,
Өртекес қан қасапқа лезде айналды.
Ай өтті бұзық жоңғар құтырғалы,
Қазаққа күн туды ғой шытырманды.
Албандар басын қосып Қарқарада
Ойласты жау көршіден құтылған-ды.
Қайғысын айтты жылап қарт-шалдарым,
«Талауға түсті, – деді, – мал-жандарым.
Бұл қазақта кек алар ұл жоқ па?!» – деп,
Ағызды көздерінен сораларын.
Осы сәт бала Әлмерек атып тұрды:
«Ұл бар, бізбіз!» – деп елдің бетін бұрды.
«Кек аламыз, біз бармыз, бергін бата!» –
Деп тізерлеп, қамшысын жерге ұрды.
Он жеті жаста еді сонда Әлмерек,
Келе жатқан ұртында мұрт тебіндеп.
«Ел қорғайтын ұл туды!» – деп қуанып,
Бата берді батырға қарт Сырымбет.
Жігіттерді жинады бір алаңға,
Үйретті жауынгерлік іс-айлаға.
Жәңгірханды өлтіріп Ғалдан серен,
Ел тағдыры тұр еді нысанада...
Төрт-бес жыл өте шықты содан бері,
Әлмерек жиырма үштен асқан еді.
Жанында Байсейіт пен Биеке бар,
Өз бауыры Олжай да сапқа ерді.
Қаптаған жау жақындап келе жатты,
Он мыңдай қол жоңғардың сесі қатты.
Шолжаң Шонжы екі мың қазақтарды
Жекпе-жекке шақырып төсін қақты.
«Алдымен күш сынасып алалық-ты»,
Деп Шонжы қия басты шалалықты.
Рұқсат ап Әлмеректен Төлес ұлы
Биеке Дәу семізге тура шапты.
Ақ семсер жау қаруын қағып өтті,
Бассыз Дәу айдалаға лағып кетті.
Түстен кейін Мөңкенің мөңірейген
Денесін де Шонжыға алып жетті.
Жасағы алып жетті өлексені,
Шонжыны ашу қысып, жағы семді.
Ертесін Шой қарасын саптағанмен,
Олжай оны ат үстінде-ақ жазым етті.
Үш күнге озды жаумен алысқалы,
Әзірге аламанға барыспады.
Келесі шайқас үшін ер Сырымбет,
Баптаған Хангелдісін табыстады.
Қасқырдың жүрегіне жерік болған
Анадан туған ұл еді бұл Ханкелді.
Он жетіні толтырған балаң жігіт,
Түменбасқа Доржыдай пары келді.
Жеңілмеген ешкімнен Доржы қара,
Тақым басты атына бір долдана.
Қазақша жүрдім-бардым білуші еді,
Сұрады: «Кім еді, – деп, – атың бала?»
«Хангелді әкең болам, қоқаңдама,
Артыма сүрттім сенің атаңды да»,–
Найзасымен Доржыны тік көтеріп,
Лақша өңгеріп лақтырды топ алдына.
Абдырап жау қарады арғы жаққа,
Күші қалды еріксіз болбырап та.
Жеңілген төрт батырын сыбап тұрып,
Шонжының өзі мінді арғымаққа.
Қазақтың бас қолбасы Әлмеректі,
Шақырды жекпе-жекке әлін білмей.
Әлмерек дәл жанына тақағанда,
Жүрегі дір-дір етті өңін бермей.
«Бұл не қылған рухты батыр тағы?
Иығында қос арыстан атылады».
Таубұзар бабасына сыйынып ап,
«Әлмерек! Әлмерек!» – деп шақырады.
Шонжының басқа тепті қара қаны,
Ашудан қызып кетті алақаны.
Бір уыс аз қазақты таптап өтсем,
Деп ышқына көздерін алайтады.
Бір кезде айбалтасы ұшып түсті,
Найзасы мен қылышы жерді құшты.
Құтырынған Шонжының әлі құрып,
Домаланған әудемге басы ұшты.
Артындағы он мың қол қатты састы,
Ышқынып тауға қарай тұра қашты.
Ұшқан жебе дәл тиіп арқасына,
Қандарын талайының судай шашты.
Жетісу жері осылай қанға бөкті,
Жауларын жастандырып, гүлін екті.
Әлмерек ел қорғаны содан бері,
Аңыз боп ерлік ісі түзге жетті.
***
Қарқара. Қыстың тоңы жібіп қалған,
Ел маңы тыныштықтан тыныс алған.
Әлмерек жата алмады төсегінде,
Көкейінде сайрап тұр үмітті арман.
Үш жүзге бірлік керек жұдырықтай,
Ошақтың ас көтерген үш бұтындай.
Осыны жеткізсем деп Тәуке ханға,
Айшылық жолға шықты уақыт алмай.
Саудагерше жасанды жүздей жігіт,
Сүйіндік би, Әлмерек жанын түйіп.
Шынтақ асу қол бұлғап қала берді,
Перзенттерге оң сапар жолын тілеп.
Хан ордаға бет алды бұл керуен,
Артта қалды шөл дала, сайлар терең.
Ташкенттің аумағына ілінгенде
Шаң басқан жүздерінен сайды кірбең.
Тоқталып шатыр тікті жол шетіне,
Гүл майса, изен-жусан кеуде кере.
Тыныстап бұлағынан шөлін басты,
Ұқсатып Мыңжылқы мен Шалкөдеге.
Шолғыншы көп күттірмей келді, міне,
Сәлем берді алдымен Биекеңе.
Шашақты найза ұстаған жасауылдар,
Жөн сұрап, ертіп келді Төле биге.
Төле би күтіп алды құшақ жайып,
Нұр жүзінен құйылып тұр даналық.
Отызға да жетпеген оғлан екен,
Он төртінде дау шешкен, топты жарып.
Албанның ағаларын сөзге тартты,
Сүйіндік би Жетісу жайын айтты.
Жоңғармен жағаласқан күндер өтіп,
Алда бар деп соғатын дауыл қатты.
«Пана ғып бір өзіңді келдік, – деді,
Тәуке ханға жолықтыр бізді» деді.
Сексенде селкілдеген ақсақалдың,
Ел болып жау тойтару – көздегені.
«Ия, ақсақал, ханға ертең ертіп барам,
Ортақ кеңес құрамыз, жолын табам».
Деп Төле Әлмерекке жүзін бұрды
«Батыр жігіт сіз бе? – деп, – арындаған.
Хатыңызды алдық біз елшіңізден,
Сөздерің шықпайды, інім, есімізден.
Қазақтың үш баласы бірдей шапса,
Жаудың мысы басылар күшімізден.
Бұл жобаң біздің оймен тең еседі,
Бірлік жайлы хан күнде кеңеседі.
Таубұзар бабаң рухы риза болар,
Ата жолын ұстанған ер деп сені.
Жеңісіңді естідік Шонжыны алған,
Он мың қолды тықсырып, десі талған.
Көмек бере алмадық, кешіріңдер,
Ертіс жақты қорғадық сол бір заман.
Башқұрт, орыс батыстан ентелейді,
Оң бүйірді қоқандар тепкілейді.
Жау жағадан алғанда бөрі етектен,
Қашан елім тыныштық еншілейді?!
Деп Төле біраз толғап алды-дағы,
Қонақтарды дем алуға қалдырады.
Он күн өтпей Жетісу өкілдерін
Тәуке хан ордасына алдырады.
Өзі бастап тәртіппен алып кірді,
Сонда көрді Әлмерек талай пірді.
Үш жүздің алыптары төр жағалай,
Сәлемдесіп бұларға басын иді.
Таныды Қазыбек пен Әйтекені,
Көктемнің шуағындай өңі реңді.
Игі жақсы жиналған хан ордасы
Толқытып тебірентті көңілдерді.
Дәл ортада хан отыр иман жүзді,
Алпысты алқымдаған қыран көзді.
Кестелі айыр қалпақ, шекпен киген,
Әз Тәуке амандасып, алды сөзді:
– Отырыңдар, бауырлар, кел, төрлегін,
Елдің атын шығарған серкелерім.
Сүйіндік би сіз шығар, батыр қайсың?
Елге тұтқа болатын Әлмерегім?!
– Менмін, тақсыр! – деп Әлмерек ұшып тұрды,
Кеудесіне қолын қойып, құрмет қылды.
– Бәрекелді, азаматым, бәрекелді!
Хатыңды оқып, уәжіңе көңілім толды.
Бармасаң, келмесеңдер жат боласың,
Араласпай қалайша бақ табасың?!
Жұмыла жүк көтерсек жеңеміз деп,
Айтқан батыр сөзіне жоқ таласым.
Орта жүз, Кіші жүзбен қоян қолтық,
Араласа жүрсеңдер болмас олтық.
Іргеңдегі Қарасай ұрпағымен
Тонның ішкі бауындай жүргін жортып.
Бірлік болмай қазақта тірлік оңбас,
Кеңескен торғайды да шүркей алмас.
Жау бетін біржолата тықсырайық,
Үш жүзім бір ордада қосып жамбас!
Хан сөзі рухтандырды бар адамды,
Осымен кездесу де шамаланды.
Албандар қайтар жолда еру болып,
Қарасай ауылына жақын барды.
Батыр ұлы Түрікпен құшақ жая,
«Ақсарбас!» деп қарсы алды малын соя.
Сол жерде Зәуре қызға ғашық болып,
Әлмерек отау құрды есін жия.
***
Арада үш мүшелдей өтті содан,
Әз Тәуке қайтқалы да бес жыл толған.
Албан елі абызы – ер Әлмерек
Шошып тұрды төсектен көріп аян.
«Жеті басты аждаһа таяп қалды!» –
Таубұзар бабасы нақ дауыстады.
«Жау келді!» – деп хабарлап ұлдарына,
Ешкім қамсыз қалмауын табыстады.
Жоңғар жау талай жылдар жатпай тегін,
Күш жиыпты алсам деп басты кегін.
Жөңкіле туған жерден көшті амалсыз,
Ақтабан шұбырынды қайран елім.
Жосыды ел жоңғардан ұрты арам,
Қазақты қырам деген тұрқы жаман.
Жұртта қалған жалқаулар шаһит болып,
Көшкендердің біразы жетті аман.
Жеті басты аждаһа жалын шашып,
Түркістанға жөңкіді күші тасып.
Жәнібек пен Райымбек қолды бастап,
Шеру тартты соғысқа жолын тосып.
Наурызбай Көкпектіде қанға орады,
Бір басы аждаһаның сорғалады.
Дегенмен жер қайысқан жау әскері
Түркістанды құмырсқадай қоршап алды.
Болат хан қашып кетті жан сауғалап,
Төле би қалды ордада ауа қармап.
Қаланы босатуға жарлық берді,
Қорғанбаса жау кетер бәрін жалмап.
Үш жүздің от ойнады намысына,
Қалай қарап отырар сағы сына.
Қабанбай мен Бөгенбай, Әбілқайыр,
Келіп кірді майданға жан ұшыра.
Әбілқайыр тостырып бар өзенді,
Елірген жоңғарлардың талды өзегі.
Азық-сусыз қаталап тысқа шыққан,
Жаудың бәрі жебеден тапты өлімді.
«Аттан, аттан, қазағым!» – дабыл ұрды,
Әйел, бала киініп сапқа тұрды.
Аспан мен жер арасы шаңдақ тұман,
Сыбан-Рабдан сасқаннан шатын ұрды.
Үш жүздің басы осылай біріккен-ді,
Қалмақ қырған соғысты елім көрді.
Аңырақай, Шамалған жер жастанып,
Халқымның келешегі көріктенді.
Боралдай, Қаскелең де ажал құшты,
Содан-ақ жау біткеннің дәрмені ұшты.
Шарыштың басын алып ер Абылай,
Хан болды қазағыма рухы күшті.
***
Әлмерек би еліне қорған болған,
Әулие деп пір тұтты қалың албан.
Егін егіп, отырықшы қауым етті,
Жайқалып Жер-анаға тамыр жайған.
Немерелер: Байсейіт, Малыбайы,
Ауыл болып аталып, өркен жайды.
Абызым тоқсан асып көз жұмғанмен,
Есімін ел ұмытпас басыбайлы.
Елдің қамын жеп өтті ұрпақтары:
Мұсылманбай, Тазабек, Саурықтары.
Үш жүз жыл бодандықтан босап шығып,
Қазағың күйді ұмытты құлдықтағы.
Әз баба, егеменді елміз бүгін,
Шекарамыз бекулі, тыныш күнім.
Қара қытай, орыс та бата алмайды,
Тереземіз теңескен жұртпыз бүтін.
Тіл мен дін, салт-дәстүрім озды төрге,
Тарихтың жаңаланды келбеті де.
Тек Қаскелең, Шамалған, Қордай, Шонжы,
Атаулары сол қалпында қалды мүлде.
Жаудың да батырларын құрметтеген,
Қазақтай ұлт жоқ шығар жер бетінде.
Көк кесене күмбезің – ел сыйынар,
Қастерлі орын Алматы маңында бар.
Мөлдір бұлақ – ерліктің батасындай,
Ұрпағыңа сыйлап тұр намыс пен ар!
Тәуба айтамыз Аллаға, тәубе Аллаға,
Бусанғандай осы күн Қарадала.
Ескерткішің еңселі көк тіреген,
Айбат қосып тұр қазақ айбынына!
Гүлжанат ШОНАБАЙ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, Әлем Халықтары Жазушылары одағының мүшесі. «Құрмет иесі», «Серпін» медалінің иегері. Республикалық, халықаралық мүшәйралар жеңімпазы.
Алматы қаласында тұрады.