Мен бір кітап оқыдым
ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері, республикалық «Айқын» газетінің директор-Бас редакторы, белгілі публицист-журналист Нұртөре Жүсіптің «Мың құмырсқа және біз» атты кітабы жарыққа шықты.
Естіген құлаққа кітаптың осылай аталуының өзі қызық әрі оның сырын білуге құштарлық артады.
Естіген құлаққа кітаптың осылай аталуының өзі қызық әрі оның сырын білуге құштарлық артады.
«Атлант мұхиты үстінде мың құмырсқа қалқып келеді. Жай келе жатқан жоқ: қыз-қыз қайнаған тіршілік, дән тасып, жапырақ арқалап, жұмысқа жегіліп, асау толқынға жанталаса қарсылық көрсетіп, не керек, өмір мен өлім арасында арпалысып жатыр… Мың құмырсқа! Мұхит суына батпайды. Тіршілігі де тоқтамайды. Қашан жағалауға жеткенше өмір үшін жанталасады. Жағаға жеткесін құмырсқа қыбыры да, жыбыры да тоқтамайды. Жаңа жылдың жарқын күндері әлемдік телеарналардың біріне телміріп отырып осы көріністі көрдім. Көрдім де ойландым. Мың құмырсқа неге мұхит суына батпайды? Неге ыдырап кетпейді. Құдайдың құдіретін қараңыз: бір-бірімен тығыз байланысқан құмырсқалар толқын ұрғанда алдыңғы екі аяғымен бір-бірін қармап алады екен, соның арқасында олар асау толқынға сал секілді қарсыласады, араларына су кірмейді, қалтқы тәрізді қалқи береді. Сөйтіп, жатып тіршілік жасауын тоқтатпайды. Біздің қазаққа осы мың құмырсқаның бірлігі бұйырмаған ба?».
Әдемі, салмағы батпандай ауыр, ойлы сөз. Кітап авторы елді бірігуге, ынтымаққа, бірлікке, әрекет етуге шақырады, қазақтың намысын оятады, ұлттық рух пен қайсар мінез танытуды нысанаға алады.
Кітаптың бірінші бөлімі «Қазақтың күні» деп аталады. Н.Жүсіп «Қайран, Ыбырай-ай» деген публицистикалық шығармасында сөз және тіл қадірін кетіріп, Абай және «Кел, балалар, оқылық» деп күллі қазақ даласына білім қоңырауын қаққан Ыбырай Алтынсарин әруағын қорлауға жол берілгенін өткір жазады. Жалпы, қоғамның сырқат ахуалы көз алдыңа келеді. Айталық, қазақ ұлтын жаһандану жағдайында құтқаратын құндылықтар қандай, Тәуелсіздікті тұрлаулы етудің тетіктері неде, ұлттық идея, мемлекеттік тіл мерейін көтеру мәселесі, бәрі бәрі де өзекті мәселе. Публицист Н.Жүсіп оқырманды ойландырып, толғандырып жүрген сан қырлы ахуалды дөп басып, барынша тұщымды әрі бұлжымайтын дәлелдермен келістіріп жазады.
Кітаптың «Замандас» және «Ұрпақтың үні» бөлімдерінің көтеріп отырған жүктері де өте салмақты. Автордың өмір, қоғам, тағдыр жайлы терең толғаныстары ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Ең бастысы қоғамның ең үлкен байлығы адам және оның тағдыры жөнінде жазған дүниелерінің теңдесі жоқ, қызықты оқылуы, бүгінде арамызда жүрген, сондай-ақ, өмірден озған адамдар туралы жазғандары жүректі шымырлатады, өткен заманғы оқиғаларды айна қатесіз көз алдыңа әкеледі. Журналист шеберлігі деп осыны айту керек. Енді Нұртөре Жүсіптің кітабын парақтап, жазған сөздеріне тағы бір көз салып көрейік.
«Біз қазақпыз, ата-бабамыз батыр болған, шешен болған» дейміз. Кеудемізді кереміз. БАҚ бетінде «Қазақ тіліңді ұмытпа» деп зар қағамыз. Өзбек сөйте ме? Кеуде қаға ма? Кез келген өзбек өзінің өзбек екенін күн сайын дәлелдеп отыр. Өзінің ала тақиясымен. Өзінің тілімен. Өзінің ерекшелігімен».
«Біз, қазақ, бүкіл әлемнің алдына түсіп, зырылдап бара жатырмыз. Бәрін де үйренгіміз келеді. Бәрін де игергіміз келеді. Бәрінен озғымыз келеді. Бәрі болғымыз келеді. Бірақ қазақ болғымыз келмейді. Неге?».
«Біз бәрін білеміз. Бірақ өз басымыздың қадірін қалай кетірмеуді білмейміз. Өйткені біздің ұлтта бас жоқ. Басы болмағасын, бас киімі қадірлі бола ма?! Басы болмағасын, тілі қадірлі бола ма?!
Біз бәрін сатуды меңгердік. Жерді сатқасын, елді сату қиын емес. Бас киімді сатқасын – басты сату оңай.
Басымыздан бақ-дәулет қалай кетіп барады? Басымыздан бақ-дәулет неге кетіп барады? Ойландық па?»
«Біз бәріне де қол жеткіздік. Мемлекеттің Туына, Мемлекеттің Әнұранына, Мемлекеттің Елтаңбасына! Бірақ құлдық санадан арыла алмадық. Таза мемлекеттілікке қол жеткізе алмай отырмыз. Мемлекет болмаған соң оның тілі де болмайды. Қазіргі қазақтың басындағы жағдайды басқаша сипаттау мүмкін емес. Түрі бір, тілі бөлек мемлекет болмайды! Бәйтерек те өз жапырағымен көктейді. Біз ағаш екеш ағаш құрлы болмай тұрмыз-ау!» Дей тұрса да дарынды публицист Нұртөре Жүсіп болашақ өмірге үлкен үмітпен қарайды.
«Біз ХХІ ғасырға еркін ел, егемен мемлекет, еңселі жұрт болып есік аштық. Өткенге де, өлгенге де салауат! Өшкен жоқпыз, өстік. Біз әлі қаулаймыз, қайта көктейміз! Жанған оттай лаулаймыз, ешкімді сөкпейміз. Енді біздің қазақты ешкім де қолынан қаға алмайды, жолынан шаба алмайды.
Ей, уақыт! Ей, заман! Көзіңді ашып қазаққа қара: ескен желдей, көшкен сеңдей, қиындықты еңсеріп, қайратты жиып белсеніп, біз келеміз!»
Қандай тамаша сөздер! Адамның көңіл-күйі құлпырып шыға келеді.
Ақтолқын Әлжанова,
ҚМУ студенті
ҚМУ студенті