Бізге не керек?
Осыдан тура бір ғасыр бұрын Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақ керегінің көбі әркімге-ақ мағлұм ғой: біз кейін қалған халық, алға барып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – депті «Қазақ» газетінде. Ұлттың шын мәніндегі жанашыр ұлының бұл сөзінің жаны бар-ақ. Ойлап қараған кісіге Қасым ақынша айтсақ, «лебі әлі күнге дейін үйіріп» әкететінін ұғынасың. Ұлт қажеттіліктерінің жүз жыл бұрынғы тізбегіне тағы нені қосуға болады? Қазаққа шынымен де не қажет? Білім керек пе, ғылым керек пе? Денсаулық керек пе, он саулық керек пе? Жоқ әлде басымызға сынақ түскенде бірлік керек пе?
Иә, бүкіл әлемді жайлаған пандемияның салдарынан тұрмысымыз тұралап, сандық жүйенің сыр беріп тұрғанын аңғардық. Әлеуметтің әлеуеті де керемет деуге келмес. Үкімет тұрмысы төмен, көпбалалы, осал топтағы отбасыларға әлеуметтік көмек түрлерін тағайындап, төтенше жағдай кезінде жұмыссыз қалғандарды да ескерді. Осылайша жұмыссыз халыққа ең төменгі табыс мөлшерінде 42500 теңге беруді ұйғарды. Дегенмен онлайн жүйе бәрін ойдағыдай шеше қоймады. Теңгенің әлегі төтенше жағдайды естен шығарып, әлеуметтік көмек үшін әкімдіктің есігін қағуға дейін апарды. Үнсіз дерт үдеп, үйден шығуға үрейленген халық неге бір жерге шоғырланудан қорықпайды?
Ал жуырда дүрліккен елді сабырға шақырған Елбасы Н.Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деп үндеу-мақаласын жариялады. Медициналық сынақтан сүрінбей өту үшін расында да бірлік керек. Әуелі билік пен бұқараның арасындағы бірлік хақында тарқатсақ. Қиын-қыстау күн туғанда халық талғажау етер тағамына қаржы керек екенін ескерген билік көмек қолын ұсынды, әрине. Ел әлеуетін сақтап, әрбір азаматтың жағдайына қамқорлықпен қараудың мүмкіндіктерін жария етті. Мемлекет басшысы да халықты абыржымай бірлікте болуға шақырды, қамсыз қалмаудың үкіметтік шараларын белгіледі. Мұның бәрі айналып келгенде халқына деген ізгі ниетін, өзінің көмек қолын созғанын білдірсе керек. Алайда, сандық жүйеге әлі толық әзір емес екенімізді тағы да байқадық. Оңай олжа, тегін дүниені қалт жібермейтін еріншектеу халық үшін бұл үлкен дауға айналды.
Тарихқа бір мәрте бұрылып қарасақ, қазақ небір зұлматты соғысты, нәубетті ашаршылықты бастан кешірді. Кеңес Одағының ресми деректеріне сенгеннің өзінде, 1930 жылдың жазынан 1933 жылдың жазына дейін 3 млн 379 500 қазақ ашаршылықтың құрбаны болған. Мұның бір миллионнан астамы көрші елдерге босып кеткендердің қатарына жатады. Бұған 1921-1922 жылдардағы аштық құрбандарын қосыңыз. Онда 1,7 млн адам шейіт болды. 1937-1938 жылдары 110 мыңнан аса адам қуғын-сүргінге ұшырады. Солардың 25 мыңнан астамы атылып кете барды. Жаныңды қуырып, жүрегіңді паршалайтын бұл естеліктер осы күнге шүкіршілік білдіруге жетіп артылады. Теңге үшін қаншама тағдырды тәуекелге тігіп топтасқаннан ұтарыңыз 42500 теңге болса, жоғарыдағыдай зілі басым статистикаға жұтылып кетер қауіптің бағасы өлшеусіз. Осыдан соң бізге тағы сабыр, шыдам керек деп ойламайсыздар ма? Өйткені, сабыр – бұралаңы көп өмір жолында жұмыр басты пендеге күш-қайрат беріп, сан түрлі ауыртпалықтардан абыроймен алып шығатын асыл қасиеттердің бірі. Олай болса дертке дауа табу үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару қажет.
Басымызға дерт түскенде қазақтың қамқор көңілі қайта оянғандай. Жұғымды сөз айтып, қайырымды іс жасаудан кенде емеспіз. Бұл Елбасы айтқан бірлікке бастар қадамның бастамасындай. Бірлік туралы жерлесіміз Нұртөре Жүсіптен асырып айта алмаспыз. Оның «Мың құмырсқа және біз» мақаласындағы мына мысалға қараңызшы: «Атлант мұхиты үстінде мың құмырсқа қалқып келеді. Жай келе жатқан жоқ: қыз-қыз қайнаған тіршілік, дән тасып, жапырақ арқалап, жұмысқа жегіліп, асау толқынға жанталаса қарсылық көрсетіп, не керек, ӨМІР мен ӨЛІМ арасында арпалысып жатыр... Мың құмырсқа! Мұхит суына батпайды. Тіршілігі де тоқтамайды. Қашан жағалауға жеткенше өмір үшін жанталасады. Жағаға жеткесін құмырсқа қыбыры да, жыбыры да тоқтамайды. Жаңа жылдың жарқын күндері әлемдік телеарналардың біріне телміріп отырып осы көріністі көрдім. Көрдім де ойландым. Мың құмырсқа неге мұхит суына батпайды? Неге ыдырап кетпейді? Құдайдың құдіретін қараңыз: бір-бірімен тығыз байланысқан құмырсқалар толқын ұрғанда алдыңғы екі аяғымен бір-бірін қармап алады екен, соның арқасында олар асау толқынға сал секілді қарсыласады, араларына су кірмейді, қалтқы тәрізді қалқи береді, сөйтіп жатып тіршілік жасауын тоқтатпайды. Біздің қазаққа осы мың құмырсқаның бірлігі бұйырмаған ба?» дей келе, оқырманға ой тастайды. Байқасаңыз елді бірігуге, көбеюге, бір әрекет қылуға, төтенше жағдайға осылайша төтеп беруге шақырып тұрғандай. Олай болса дәл қазіргі сәтте бізге керегі амандық, саулық. Мың құмырсқа секілді сел соққанда сетінемей, бірлікпен бәрін жеңетінімізге сену.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ