«ҮЛГІЛІНІҢ» ҮЛГІЛІСІ
Екі Социалистік Еңбек Ері, бір бүкілодақтық комсомол сыйлығының лауреаты шыққан өндіріс бригадасының жетекшісі туралы бір үзік сыр
Қазақы отбасында өскен, ұлттық үлгіде тәрбие алған Шайық Ықанұлы ақжарқын да кеңпейіл, білікті де беделді, өнерлі де жігерлі азамат болып ержетті. Жастайынан шаруаға араласып, «Үлгілі» ұжымшарының үлгілі жігіті атанады. Есейе келе басшы қызметке ауысып, бүкіл ғұмырын өндіріс жетекшілігіне арнады. Туған ауылының болашағы жолында күн-түн қатып тер төкті. Есімдері аудан, облыс түгіл, республикаға, сол кездегі кеңестер одағына танымал болған ондаған өндіріс өрендерін тәрбиелеп шығарды. Осы орайда күріш өсірудің шебері, Социалистік Еңбек Ерлері Шырынкүл Қазанбаева мен Батыр Ана Ұлбала Алтайбаеваның, Бүкілодақтық комсомол сыйлығының лауреаты Бағлан Әшірбековтың Шәкеңнің тәрбиесін көріп, ол басқарған бригада да еңбек еткенін тілге тиек етсек те жетіп жатыр.
Қазақы отбасында өскен, ұлттық үлгіде тәрбие алған Шайық Ықанұлы ақжарқын да кеңпейіл, білікті де беделді, өнерлі де жігерлі азамат болып ержетті. Жастайынан шаруаға араласып, «Үлгілі» ұжымшарының үлгілі жігіті атанады. Есейе келе басшы қызметке ауысып, бүкіл ғұмырын өндіріс жетекшілігіне арнады. Туған ауылының болашағы жолында күн-түн қатып тер төкті. Есімдері аудан, облыс түгіл, республикаға, сол кездегі кеңестер одағына танымал болған ондаған өндіріс өрендерін тәрбиелеп шығарды. Осы орайда күріш өсірудің шебері, Социалистік Еңбек Ерлері Шырынкүл Қазанбаева мен Батыр Ана Ұлбала Алтайбаеваның, Бүкілодақтық комсомол сыйлығының лауреаты Бағлан Әшірбековтың Шәкеңнің тәрбиесін көріп, ол басқарған бригада да еңбек еткенін тілге тиек етсек те жетіп жатыр.
Ақжарқын, кішіпейіл және барынша қарапайым еді. Осындай жұмсақ мінезіне қарамастан ісіне мығым, тыңғылықты әрі өзгелерден де осындай қасиетті талап ете білді. Содан да болар ол басқарған өндіріс бригадасы ширек ғасырдан астам уақыт ішінде бір де бір рет жоспарын орындамаған кезі болмапты. Тіпті, социалистік міндеттемесінің өзін ілуде бір болмаса, үнемі артығымен жүзеге асырып отырған.
Аудандық газетте ұзақ жыл қызмет атқарғандықтан Шәкеңмен кездесудің сан мәрте сәті түсті. Бірде егіс басында, бірде дала қосында, енді бірде қырманда талай ұшырастық. Бір байқағаным, Шәкеңнің қай кезде, қандай жағдайда дидарлассаң да сол бұрынғы ақжарқын, кішіпейіл қалпын сақтай білетіндігі таңқалдырмай қоймайды.
Күрішті суға бастыру ісінің қызып жатқан шағы еді. Аудандық партия комитеті мен атқару комитетінің арнайы тексеру тобымен бірге жолсапарға аттандым. Топты аупарткомның ауыл шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Ақылбай Сматов басқарды. Топтың міндеті – бір қатар күріш егетін ұжымшарды аралап, науқан барысын бақылау, кемшіліктерді болдырмау, орын алған жоюдың шараларын қарастыру. Менің міндетім – айтылған сын-ескертпелерді, жетістіктерді жазу. Құрамында ауыл шаруашылық мамандары бар топ жұмысын «Коммунизм» ұжымшарының (қазіргі Нартай ауылы) күріш алқаптарынан бастады. Аралап келеміз. Егістіктің бір жері көл, бір жері шөл. Қайсыбір күріш атыздарына су толып, тіпті кейбірін жуып-шайып кетсе, екінші атыздарда су жоқ, топырағы кеберіп жатыр. Мұның сырын топ мүшесі, аудандық ауыл шаруашылық басқармасының бас агрономы Сәрсен Қоңырбаевтан білгім келіп, сауал қойдым.
– Біздің ауданның инженерлік жүйемен тегістелген алқаптарға күріш егіп келе жатқанына он жылдан астам уақыт болды. Он жыл аз мерзім емес қой.
Олай болса инженерлік жүйенің мүмкіндіктерін диқандар неге толық пайдаланбайды? Қатар жатқан атыздардың неге бірінде су көп, екіншісінде дым жоқ. Мұның сыры неде? – дедім.
– Судың ағу ырғағының бұзылуы бұл, – деді бас агроном. Суға бастыру жұмысының арнайы кестесі жасалынып, су сол бойынша берілуі керек. Арықтағы суды әр бригада, әр сушы өзінше жығып ала берсе, осындай болады. Бір атызға жеткен су екіншісіне жетпейді. Осының салдарынан күріш те ала-құла боп өседі. Сондықтан да күрішті суға бастыру ісінің маңызы өте зор. Бұл диқан мен шаруашылық мамандарынан үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Аралап жүріп Шайық Ықанұлының бригадасына келдік. Суға бастырудың пәрменді де тыңғылықты жүргізілгені бірден көзге шалынды. Бір-екі күрішшінің егіс алқабы ғана қалыпты, қалғаны түтелдей дерлік суға бастырылып бітіпті. Әлгіндей ала-құлалық жоқ.
– Міне, – деді бас агроном маған қарап. – Күрішті суға бастыру жұмысы осылай жүргізілу керек. Бір де бір атызда артық су жоқ, бәрі де өлшеніп құйылғандай, су шайған атыз да жоқ. Бұл ұқыптылықтың нәтижесі. Бізді өндіріс жетекшісі, бригадир Шәкеңнің өзі қарсы алды. Үстінде көне жейде, аяғында резеңке етік, иығында кетпен.
– Оу, Шәке, немене күрішші болып кеткенбісің. Өзіңді танымай қалдық қой, – деді топ жетекшісі, аупарткомның ауыл шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Ақылбек Сматов әзілге бұра сөйлеп.
– Қолдан келсе күрішші болғанға не жетсін. Диқан болу нағыз мәртебелі іс қой. Бірақ сол қолдан келмей ме деймін. – Шәкең де әзілге әзілмен жауап беріп жатыр. Қазір біздер үшін нағыз жауапты кезең ғой. Оны өздеріңіз де білесіздер. Сондықтан да қарап тұруға болмайды.
Он бес күн болды үй бетін көрмегелі. Күндіз-түні егіс басындамыз. Судың бір қалыпты келуін, өзге арнаға бұрылып кетпеуін, атыздарды бір келкі жабуын, бәрін-бәрін қадағалап тұрмыз. Енді бірер күнде бригада қарамағындағы 450 гектар күріштік түгел суға бастырылып болады деген сенімдеміз.
– Ой, бәрекелді, – деді бас агроном, білікті маман Сәрсен Қоңырбаев ризашылық сезімін жасыра алмай. – Нағыз диқан, нағыз өндіріс жетекшісі осындай болса керек. Ауданда осы бригададан бұрын бұл істі аяқтайтын ұжым жоқ. Жарайсың, Шәке. Ісің жемісті болсын. Күз берекелі болсын. Күздің күні осы аймақ алтын дәннің тасқынына көмілетін шығар. Бұл қай диқанның жері?
– Шырынкүл Қазанбаеваның күріштігі.
– Ендеше Қазанбаеваға айта бар, биыл күріштің астында қалады, деді бас агроном нығарлай әрі шаттана сөйлеп.
Шайық Ықанұлының және ол басқарған бригада диқандарының еңбегі зая кетпеді. Ауданның бас агрономы жасаған болжам да айна-қатесіз келді. Оқығанның аты оқыған, тәжірибенің аты тәжірибе екен. Шырынкүл Қазанбаева шынында да алтын дәннен тау тұрғызды. Қарамағындағы өзіне бекітілген 30 гектар күріштіктің әр гектарынан 130 центнерден өнім өндірді. Атақты күрішші, ақ күріштің атасы, дала академигі атанған Ыбырай Жақаевтың дәстүрін жалғастырып, әлемдік рекорд жасады.
Ал 14 бала тауып, тәрбиелеп өсірген Батыр Ана Ұлбала Алтайбаева болса әр гектардан 110 центнерден күріш өндіруге қол жеткізді. Сөйтіп Шайық Ықанұлы жетекшілік еткен бригада да екі бірдей әлемдік рекорд жасалды.
Білікті бригадирдің ізденгіштігі, табандылығы нәтижесінде мол өнімге қол жеткізу бригадада дәстүрге айналды. Комсомолдық жолдамамен келген жас күрішші Бағлан Әшірбеков бас-аяғы 3-4 жылда диқаншылықтың қыры мен сырын меңгеріп, үлгілі звено жетекшілерінің қатарын толықтырды. Алдындағы апаларының тәжірибелерін жүзеге асыра отырып, әр гектардан 112 центнерден күріш өндірді. Колхоздың бас экономисі Тұраш Тұрсынұлының айтуына қарағанда, Бағланның ұжымшарға келтірген табысы 139065 сом болған. Осыншама қыруар ақшаға 10 «ДТ-75» тракторын немесе 7 комбайын сатып алуға болады екен. Әйтпесе осы ақшаға 46 «ГАЗ-53» маркалы жүк машина келетін көрінеді.
Жылдың қорытындысымен (1972 ж.) Шырынкүл Қазанбаева мен Ұлбала Алтайбаеваға Социалистік Еңбек Ері атағы берілсе, араға бір жыл салып Бағлан Әшірбеков Бүкілодақтық комсомол сыйлығының лауреаты атанды. Бұл туралы кезінде аудандық, облыстық және республикалық газеттерге жазған едім. Бағлан туралы өлеңмен жазылған очеркім басылды. Онда мынадай жыр жолдары бар еді:
«Атқарған ала жаздай жұмысты мың,
Көңілін күй тербейді күрішшінің.
Атанды облыстың чемпионы,
Ақ алтын дәннен жасап ырыс шыңын.
Себіліп бақыт нұры гүл өңінде,
Еседі шаттық күйі жүрегінде.
Сайланды делегат боп өндір өрен
БЛКЖО-ның ХҮІІІ съезіне.
Диқандық арман болған жас шағынан,
Табыстың табылды ол асқарынан.
Одақтық комсомолдың лауреаты
Атанды, міне, осылай жас Бағлан!».
Шайық Ықанұлы 1926 жылы Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарасты «Үлгілі» елді мекенінде (қазіргі Нартай Бекежанов ауылы) туып өскен. Қарындасы Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Еуропа суретшілері көрмелерінің жүлдегері Амангүл Ықанқызы ағасы туралы былайша әңгімелейді:
«Сөз басын әкемнен бастағым келеді. Әкеміз – Ықан Жаңабергенұлы төрт түліктің жайын білген таяғы құтты шаруа кісі. Әңгімешіл, аңыз-әңгімелерді көп білетін. Көпшіл еді. Үйімізден қонақ үзілмейтін. Анамыз ағамызды «ағатай» деп атаңдар деп үйрететін. Солай атап та кеттік. Ағатайым барынша ақкөңіл, балажан кісі еді. Сонысына қарамастан перзентті өте кеш көрді. Жеңгеміз біраз жылдан кейін көтерді. «Ештен кеш жақсы» дегендей, екі қыз, екі ұлды болды. Үлкені Құттықыз атақты сазгер, арқалы ақын әрі күміс көмей әнші Нартай Бекежанов мұражайының меңгерушілігінен бастады. Қазір аудандағы Жақаев музейінің басшысы. Ғалымжан Нартай ауылының әкімі. Батырхан Ақтөбе қаласында тұрады, бизнесмен. Гүлмаржан ауылда. Жеңгем Райхан ақжарқын, елгезек, кішіпейіл жан еді, о дүниелік болып кетт. «Келін енесінің топырағынан жаратылады» демекші, жеңгем ісмер болатын. Ал, анам он саусағынан өнер тамған шебердің өзі еді.
Қазір бәріміз де үйлі-жанды болып, өз жөнімізбен кеттік қой. Бірақ ағатайымызды ұмытқан жоқпыз. Менің жолдасым, екі қызым бар. Жолдасым Жәңгір Үмбетов – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, белгілі қыл қалам шебері. Қыздарым – үлкені Құралай, Алматы суретшілер академиясының оқытушысы, кішісі Меруерт тбасымен Оралда тұрады. Асыл ағатайымның ерен ісін, күн-түн қатып төккен терін ауылдастары, аудан жұртшылығы ұмытпайтынына сенемін...».
«Үлгілінің» («Коммунизм» колхозының орталық бөлімшесінің атауы)үлгілі азаматы, білікті өндіріс жетекшісі Шайық Ықанұлының туған жеріне сіңірген еңбегі әр кезде елдің есінде.
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Михаил Шолохов» алтын медалінің және «Қазақстанның құрметті
журналисі» төс белгісінің иегері.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Михаил Шолохов» алтын медалінің және «Қазақстанның құрметті
журналисі» төс белгісінің иегері.
–––––––––––––––––
Суретте (солдан):отырғандар – Батыр Ана, Социалистік Еңбек Ері Ұлбала Алтайбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амангүл Ықанқызы. Түрегеп тұрғандар – атақты тәлімгер-бригадир Шайық Ықанов, шаруашылықтың бас агрономы, бірінші дәрежелелі «Ұлы Отан соғысы» орденінің иегері Сұлтанхан Төрениязов (1972 жыл).