Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сөзден тосылмаған қазақ

Сөзден тосылмаған қазақ

Сыр өңірі өзінің суырып салма ақындарымен, сөз асылын қиыннан қиыстыратын шешендерімен, жезтаңдай әншілерімен ерекшеленеді. Осы өнердің бәрін өзінің ерекше дарынымен, ақыл-парасатымен бойына дарыта білген сегіз қырлы, бір сырлы сыр азаматтары аз емес. Солардың бірі де бірегейі жерлесіміз – Жорабек Есенов ағамыз.
Ағайынды Бабабек, Жорабек ағаларымыз Сыр бойындағы білімді азаматтар. Оның ішінде Жорабек ерекше жаратылған ақыл-парасатына тұлғасы сай батыр пішінді, ұзын бойлы. Бітім болмысы көптің ішінде ерекше көз тартып тұратын азамат екен. Заманында алғашқылардың бірі болып орысша сауаттанған зиялылардың бірі. Әсіресе кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында өзінің қарым-қабілетінің арқасында Перовск уездік полиция басқармасының бастығы болып қызмет атқарған кезінде уездік өкімет кеңесінің төрағасы Гержодпен ерекше сыйластықта болыпты. Ол ­Гержодты қазақтың арасында қызмет атқаруға дайындап, оған қазақ тілі мен әдет-ғұрпын жетік үйреткен. Жорабек те орыс тіліне өте сауатты болғасын бір-бірін қатты құрметтеп, жұмыстан бос уақытта екеуара сөз жарыс­тырып отырады екен. Сондай сұхбаттың бірінде Гержод «Жорабек, сен орысшаға жүйріксің ғой. Менде қазақшаны жақсы білемін. Мен қазақша айтайын, сен табан астында кідірмей орысшаға аударып отыр» дейді.
– «Қазақ етті көп жейсіңдер. Ет – етке, сорпа – бетке» деген мақал бар ғой десе, Жөкең кідірместен «Мясо на мясо, бульон на лицо» дейді. Гержод «қазақта көшпей, қонбай қараша қатынын жоғалтты» десе, Жөкең «не ночевал, не ночевая черненкую бабенку потерял» дейді. «Қазақта айдағаның бес ешкі ысқырғаның жер жарар» дегенге, ағамыз ойланбастан «гонишь пять козел, свистишь на всю Европу» деген екен. Сонда Гержод риза болып, орнынан тұрып, Жорабекті арқасынан қағып, «сен ерекше жаратылған қазақсың, сөзден тосылмаған қазақсың» деп риза болған.
Гержод Перовск уезінде депутаттар кеңесінің төрағасы болған кезде революция жаулары деген күдікпен көп азаматтар атылғаны белгілі. Осы саяси науқан кезінде Гержод пен Жорабек ұсталған. Ташкентке күзетпен алып бара жатқан кезде тұтқынға алынған Жорабек ағамыз перронда үш рет «Әбдіхалық» деп айқайлапты. Әбдіхалықтың руы – Қыпшақ-Бошай. Сыр бойындағы алғашқы оқыған қазақтардың бірі. Сол кезде облыстық сотта хатшы болып қызмет істейді екен. Жорабек айдалып бара жатқанда Әбдіхалық деп айқайлады дегенді естіп, «Жорабектің құтылатын жолы бар екен ғой. Сосын әдейі маған айқайлаған. Естіп артымнан келер» деген ғой деп артынан іздеп барып, Жорабекті ақтап, түрмеден шығарған. Жорабек уездік полиция бөлімінің бастығы ретінде атылатын адамдардың үкімінен бәріне арабша қарсымын деп қол қойған деген деректерді ел аузынан естиміз.
Абақтыдан ақталып келгеннен кейін ағамыз елдегі сауаттандыру, колхоздастыру науқандарына белсене араласып, туған жеріне көп қызмет жасапты. Осы күнгі өзінің туған ауылы Бала биге еңбегі ерекше сіңген. Әсіресе елді аяқ сумен қамтуға, халықтың егіншілікпен айналысуына ықпал жасапты. Атадан аса туған ұлы Шахмардан Есенов әке жолын жалғастырып, бүкіл қазақтың қамын ойлаған азамат болғаны Жорабек сияқты ағамыздың тектілігінің заңды жалғасы деуге болады. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай, Рухани жаңғыру жолы жадымызда қалған осындай оқиғаларды хатқа түсіріп, тасқа бастырудан басталса керек.

Есіркеп Шәдібеков,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
02 қараша 2020 ж. 531 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930