Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘСКЕУЛІКТЕРДІ ТАҢҚАЛДЫРғАН ҚАЗАҚ

МӘСКЕУЛІКТЕРДІ ТАҢҚАЛДЫРғАН ҚАЗАҚ

Көп балалы отбасында дүниеге келген ол жасынан зерек те пысық болып өсті. Жас кезінен еңбекке бейім болып, малға үйір болды. Бұл әрбір қазақ баласына тән қасиет десек те, оның малжандылығы ерекше еді. Орта мектепті ойдағыдай бітірісімен сол кезгі дәстүр бойынша әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Ол кезде әскерге бармаған бозбаланы кыздар жігіт қатарына жатқызбайтын.
Әскерден оралған соң Дүйсехан Алматы қаласындағы іргелі автопаркке жүргізуші болып орналасты. Әскери борышын абыроймен атқарғаны, тапсырылған тапсырманы бұлжытпай орындайтындығы туралы әскери бөлімше командирі қол қойған мінездеме оның жұмысқа тез орналасуына елеулі септігін тигізген еді.
Алғашқы күннен-ақ Дүйсекең тыңғылықты ісімен, техниканы сүйетіндігімен көзге түсті. Айлық, тоқсандық өндірістік жоспарларын үнемі мерзімінен бұрын әрі артығымен орындап жүрді.
Дүйсекеңнің еліміздің солтүстік өңірлеріндегі егін жинау науқанына қатысқан кездері де болды. Сонда осы бір шымыр да ширақ бидай өнді жігіт автомашина жүргізудің шебері ретінде өзін таныта білген еді. Темір «тұлпардың» құлағында ойнаған жайдары жігітті әріптестері де, ауыл егіншілері де лезде жақсы көріп кеткен-ді.
Бірде автомашина жүргізетін жастардың арасында Бүкілодақтық жарыс өтті. Ол кезде Қазақстан КСРО-ның құрамында болатын. Бұл жарысқа Дүйсекең де қатысты. Кәсіпорында өткен жарыста ә дегеннен өзгелерден озып шыққан ол аудандық байқауға жіберілді.
Аудандық жарыстың да жүлдегері атанып, Алматы қаласы жол жүргізушілерінің жарысына жіберіледі. Жүздеген жүйріктен озған шеберлердің арасынан суырылып шығу, әрине оңай шаруа емес. Дегенмен Дүйсекеңнің сенімі тағы да жеңімпаз атануға жол ашты. Ол қала жастарының арасынан да озып алға шықты. Сөйтіп бірінші орынды иеленді. Енді Дүйсекеңнің алдында бір ғана мақсат тұрды. Ол – Қазақстан бойынша өткізілетін жарыстың жеңімпазы атану болатын. Ал Мәскеуде өтетін Бүкілодақтық жарыс туралы ойлаған да жок. Алайда бәрі басқаша болып шықты. Мәреге бір мәрте ғана барып келуге жететін жанармайға (бензин) ол үнемдеудің, шеберліктің нәтижесінде мәреге үш рет барып келуді жүзеге асырды. Керемет және бұрын-соңды болмаған көрсеткіш бұл. Қазылар алқасының төрағасы риза болғаны соншалық қарапайым қазақ жігітінің арқасынан қағып, республика бойынша бірінші орынды иеленгенін өз аузынан хабарлады. Осылайша Дүйсекең ойламаған жерден Қазақстан чемпионы атанып, Мәскеуге жолдама алды.
Мәскеудің аты Мәскеу. Онда сыншы көз де, қаңқу сөз де көп. Күн-түн ізденіс, дайындығы мен сенімі оны тағы да ілгері жетеледі. Жеңіс шыңына бастады. 15 рес­публикадан іріктеліп қатысқан шебер де кәсіпқой жүргізушілердің арасынан Дүйсекең ойып тұрып үшінші орынды иеленді. Сөйтіп Қазақстанның, қазақ халқының даңқын аспанға шығарды. Қой бағып, мал өсірген қарапайым елдің өкілі техника «тілін» ешкімнен, әсіресе автотранспорт отаны атанған Еуропа жастарынан кем білмейтінін, қажет болса қыр қазағының темір «тұлпарды» ешкімнен кем меңгермейтінін осылайша паш етті. Бүкілодақтық Комсомол комитеті мен КСРО Транспорт министрлігінің Мақтау грамоталарымен марапатталды. Бұл жиырмадан енді ғана асқан қазақ жігіті үшін аз жетістік емес еді.
Сол жылы Дүйсекең Қазақтың мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының ауыл шаруашылық инженерлерін дайындайтын факультетке оқуға кабылданды. Оны ойдағыдай бітірген соң мемлекеттік, халық және ауыл шаруашылық салаларында түрлі лауазымды қызмет атқарды. 1944 жылы дүние есігін ашқан Дүйсехан ­Шойбеков Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Дүйсекеңнің бала кезден бір әдеті не нәрсені істесе де өзінше, дербес және ешкімнің айтуынсыз әрі шығармашылықпен атқарғанды жаны қалайтын. Әрбір істе өзіндік қолтаңбасын байқатуды ұнататын. Ол бұл мақсатына еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қол жеткізді. Алғашқылардың қатарында автомектеп ашты. Бұл оқу орны жүздеген автоәуесқойлардың білім алуына мүмкіндік туғызды. Өзі бас болып және өзі іріктеп алған маман ұстаздар автотранспорт жүргізу куәлігін алушыларға білімді көрнекі кұралдармен және тәжірибемен ұштастыра беруді жолға қойды. Техниканың әрбір тетігін, оның атқаратын қызметін, сондай-ақ жүру ережесінің барлық белгілерін бүге-шігесіне дейін айтып-түсіндіруді алғашқы күннен қолға алды. Содан да болар Дүйсекеңнің автомектебінде оқып жүргендер мен оқығысы келетіндер қатары бір толас­тамады.
Дүйсекең жеті қырлы, бір сырлы жан. Әсіресе, қазақы дәстүрлерді, қазақы мінезді, қазақы кәсіптерді өзіне жақын санайды. Атадан балаға мирас болып жатқан мал өсіруді ұнатады. «Күнделікті малдың даусын естіп, қидың иісін сезінбесем тұра алмаймын. Соңдықтан да қаладан – Алматыдан жырақ, саяжайда тұрамын. Мұнда әлгі айтқан мақсатыма жетуге мүмкіндік бар», – дейді ол әңгімесінде.
– Дүйсеке, сіз қазір кәсіпкерсіз. Яғни, дербессіз. Әрбір ісіңізді өзіңіз ойланып, толғанып, көңіліңіздің қалауы бойынша атқарасыз. Кәсіпкерлікке келуге не себеп болды? – деген сауалымызға:
– «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс. Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектің жолында жалықпай жұмыс істеу керек», – деп Алаш зиялысы ­Ахмет Байтұрсынұлының осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын айтып, жазып кеткені белгілі. Бұл нағыз ұлтына және халқына жаны ашыған адамның ой-пікірі екені даусыз. Қазақ өзі кәсіпкер халық. Ішсе де, кисе де адал еңбегінің, маңдай терінің нәтижесіңде болғанды ұнатқан. Мен де сол қазақтың бірімін. Әкем де кәсіпті сүйді, бізді де солай тәрбиеледі. Қазіргі талап та шынтуайтына келгенде, кәсіпке тіреліп отыр. ­­Елбасының негізгі мақсаты – нарықтық, кәсіби мемлекет орнату. Оны жүзеге асыратын қоғамдағы белсенді топ – кәсіпкерлер. Осы кәсіпкерлердің тапқан табысы бюджеттік мекемелер мен зейнеткерлерге еңбекақы және зейнетақы болып төленеді. Демек кәсіпкер қазіргі таңдағы шешуші тұлға. Елімізде 130-дан артық ұлт пен ұлыс тұрады. Жылдан жылға төл халқымыз өсіп келеді. Қазір қазақ саны 12 миллионнан асты немесе республика халқының 80 пайызын құрайды. Ал шетелде 5,5 миллион туысымыз бар. Шүкір аз емеспіз. Енді өз шаруамызды өзіміз колға алуға тиіспіз. Осыны мақсат тұтсақ біздің жеңіске жететінімізге мүмкіндік мол.
Нені алғың, нені жегің, нені кигің келеді? Бәрі тұр. Тек калтаңда ақшаң болсын. Ал ақша болу үшін не істеу керек? Кәсібің болу керек, сонымен айналысу керек. Оған мүмкіндігің бар ма? Әрине, бар. Мемлекетіміз орта және шағын бизнеске ерекше көңіл бөліп отыр. Отандық бизнеске көмек пен қолдау жасау үшін нақты шаралар белгіленген. Осындай қамқорлықтың, батыл қадамдардың нәтижесінде қазір Қазақстан экономикалык өсу қарқыны бойынша ТМД елдерінде көш бастап келеді. Ресейден оқ бойы озық тұрмыз. Қазақстанды нарықтық экономикаға бейімделген ел деп алдымен Еуропа қауымдастығы, сосын АҚШ таныды. Осының нәтижесінде АҚШ пен мұсылман елдерінің және Еуропа мемлекеттерінің, көрші Қытайдың ақшалары Қазақстанға ағылып келуде. Қазір елімізге келіп жатқан инвестиция 25 миллиард долларды кұрайды екен.
Әрине, елімізде бүкіл тірлік кұлпырып, карқын алды деуден аулақпын. Бірақ қай салада болмасын ілгерілеушілік бар екені де рас. Оны көруіміз керек. Қиындықты сезінуіміз де керек. Ең бастысы, елімізде тыныштық орнап тұр. Сол ұзағынан болсын, – деп жауап берді.
Дүйсекең алпысты алқымдаған шағында ұлды болды. Оның атын Нұрқожа деп қойды.
– Дүйсеке, есімін неге Кенжебай деп қоймадыңыз? – дегенімде:
– «Үмітсіз сайтан» деген. Кім біледі, әлі де болар бәлкім. «Құдай берсе тастамаймыз, бермесе қақсамаймыз» деген халық емеспіз бе? – деді әзілге бұра сөйлеп.
Бұл Дүйсекеңнің әзілі емес, шыны еді. Қазақы қалпы еді. Қазақтығының бір нышаны еді. Оны үміті алдамады. Араға 2-3 жыл салып зайыбы Сәуле құлағы қалқиған тағы бір ұлды өмірге әкелді.
Нұрқожасы спортпен айналысып жүр, Алматы облысына танымал палуан. Кенжесі Нұрбек мектепте оқиды. Дүйсекең үш некелі болған жан. Барлығынан 7-8 перзенті бар. Олардың ішінде әке жолын қуғандары да жоқ емес. Бірінші әйелінен туған қыздары кәсіпкер деп естідік.
Алматының тау бөктеріндегі «Арал» саяжайында тұрғанда 10-15 ірі қара, 40-50-дей уақ мал ұстады. Сол шағын мекен тұрғындарын және көршілерін сүт пен етке қарық қылды жарықтық. Кейін ол аумаққа үйлер салына бастады. Малдың өрісі тарылды. Малсақ Дүйсекеңнің жанына бұл жағдай қатты батты. Аурулы болды... Ұзамай өмірден озды. Шариғат талабына сай діни рәсімдерін жасап, жылдық асын бергесін Сәуле балаларының жағдайымен мектепке, емханаға жақын қаланың ішкі жағына қоныс аударды...

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының
мүшесі,
АЛМАТЫ
20 қазан 2020 ж. 750 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930