Бомж да бай болған
«Мына өмір не болып кетті? Мағынасыз әрі қызықсыз. Айлығым шайлығымнан артылмайды. Жұмысым тіптен ауыр. Отбасымда әйелім және балаларыммен қыдырмағалы қашан? Мүмкін осы жұмыстан шығып, басқа жеңілдеу жерге барармын. Бәлкім көрші Мұрат секілді қарауыл болсам ше? Қайта бір күн жұмыс істеп, екі күн демаламын. Сол демалыста барлығына уақыт табамын. Несі бар? Есесіне қазіргідей шаршап-шалдықпаймын, керісінше екі күнде ұйқымды қандырып, шаршағанымды басамын» деп ойлады Жандос жұмыстан қайтар жолда. Бұл оның жұмысы туралы алғашқы ойлауы емес. Күніне, тіпті сағатына жұмыстан шаршағанын айтып, қасындағылардың құлақ етін жеп қоятын. Одан қалды жұмысты кінәлап отбасымен қарым-қатынас орнатуды қойғанын да жиі естуші еді ұжымдастары. Тіпті олар Жандостың зіңгіттей жігіт бола тұра шағымдана беруінен жалыққан. Жалыққандығы сонша кейбіреулері «Енді не дейсің бізге? Бар да басқа жұмыс істе» деп зекіп тастайтын. Бұл сөз оған ашу үстінде айтылса да, Жандос оны шын қабылдап қалды. «Расымен, басқа жұмыс неге іздеп көрмеске?» деп сол сәттен бастап жер-жерде ілінген жарнаманы елеусіз қалдырмайтын болды. Бұл ойды әйелі Ажарға айтып көрді. Әйелі «Қазіргі жұмысың жақсы емес пе? Айлығы жақсы, отырған жерің таза, ұжымдастар ұйымшыл» деп қолдау білдірді. Оны түсінетін Жандос бар ма? Жоқ деп шапаттанып, «Сен мені түсінбейсің» деп өзіне дүрсе қойды. Амал жоқ, әйелі «Онда өзің біл» деп көндіккендей болды.
Ертесіне Жандос тағы да шаршаңқы болып оянды. Таңалагеуім атқаннан жұмысқа аяғы тартпай, аузына бір үзім нан салды да шығып кетті. Салы суға кетіп, аяғын сылбып басып, қолындағы сөмкені зорға көтеріп келеді. Дәл бір дүниенің бар ауыр жүгі соның иығында секілді. Арайлап атқан ақ таңға да, айналасындағы адамдардың аман-сау жүргеніне де қуанбайды. Бар арманы – жұмысын ауыстыру. Егер ерік берсе, жұмыс істемеу. «Әйелдерге рахат. Үйде отырып, не ішем, не кием демейді. Барлығын еркектің мойнына артып қояды. Біз ше? Таң атқаннан, кеш батқанға дейін жұмыс істейміз. Жалықтым осыдан» деп тағы ойлады Жандос. Осылайша ойдың құшағында келе жатқан оны «Аға, 50 теңге берші» деген дауыс шошытып жіберді. Басын жоғары көтеріп қараса, үстінің сау тамтығы, киімінің бүтін жері жоқ әлдекім алақанын жайып тұр екен. Аяп кетті. Алайда, ақшаны қолына бірден ұстатқан жоқ. Біраз ойланып тұрды да, қалтасынан 1000 теңге шығарды.
– Мен саған осы ақшаны беремін. Бірақ бір сұрақ қойсам жауап бересің ба? – деді Жандос. Неге бұлай сұрағаны өзіне де беймәлім.
– Иә, иә, – деп жанары жәутең қақты әлгі қаңғыбастың.
Жандос ерік-жігерін бойына жинады да:
– Осы кейіпке қалай түстің? – деп ақырын сұрады. Мұндай сұрақты күтпеген қаңғыбас не дерін, не айтарын білмей тосылып қалды. Әрі-бері кетуге ыңғайланайын десе, аяғын әлдебір күш тұсаулап тұрғандай. Кете алмады. Амалсыз әлде өз еркімен бе, әйтеуір жауап беруге бел байлады.
– Эх, – деп күрсінді ол. Ұзақ ойланып, жасаураған көзін қолымен арлы-берлі сүртті де, Жандосқа қарап елеусіз жымиды. Сосын әңгімесін бастады.
– Менің бұлай жүруіме өзім ғана кінәлімін. Әйтпесе кезінде менің де жұмысым, ақшам керек десеңіз мәшинем де болған. Әйелім мен үш балам да бар. Отбасыммен не ішем, не кием деп уайымдамай өмір сүрдік. Тапқан табысым жақсы болды. Бірақ жұмысым тым ауыр еді. Аптаның алты күнінде жұмыс істеймін. Жексенбі күні қалған-құтқан қағаздарды толтырамын. Осылайша өмірім өтіп жатты. Бір күні осының бәрінен жалықтым. Өзімнен-өзім жұмысқа деген зауқым қаша бастады. Жұмыстан шаршап келемін де, үйде отырған әйелімнің мазасын аламын. Я болмаса таңертең ұйқымнан тұрғым келмей жұмысқа кешігіп барамын. Содан не керек, қызметтегі абыройым мен белсенділігім азайды. Бастығым өз өтінішіңмен жұмыстан шық деген соң, көп ұзамай қызметтен кеттім. Сосын бұрынғыға қарағанда жеңіл жұмысқа орналастым. Біреудің машинасын айдап, жеке жүргізушісі болдым. Ол жұмысым баста рахат болды. Бастығым анда-санда ғана жұмысқа шақыратын. Бос күндері үйде теледидар қарап, ұйықтап, ұялы телефон шұқып уақыт өткіземін. Күндердің бір күнінде бұл жұмыстан да шаршадым. Қажыдым, жалықтым. Шыны керек, біреуге жалданып жұмыс істегім келмеді. Әйеліме басқа жерге ауысамын деп айттым. Сөйттім де бір күн жұмыс істеп, екі күн демалатын қызметке ауыстым. Анығын айтқанда қарауыл болдым. Өмірім бұрынғыдан да жеңілдей түсті. Екі күн боспын. Қаласам достарыммен кездесіп, қаласам ұйықтай саламын. Осылай қыдырысым көбейді. Демалыс күндері үйде отырмайтын едім. Құрдастарыммен көңіл көтеріп, таң атқанға дейін ішетін халге жеттік. Соның кесірінен қарауылдықтан қуылдым. Қалтамда көк тиын қалмады. Жұмыс істейін десем, оған мұршам жоқ, бір жағынан денсаулық та құрыған. Бұрынғыдай қабілет те жетіспейді. Ақыры не керек, әйелімнің ақшасымен күн көрдім. Арақ іштім, үйдегі мүлікті саттым. Болмаған соң үйді сатып, жұбайым екеуміз ажырасып кеттік. Әйелім төркініне кетті. Мен осында қалдым. Жақындарым маған жәрдем көрсетуден шаршаған. Ал мен алақан жайып күнімді көріп жүрмін. Кейде әлдекімдер нан, су алып береді, ал біреулері тиын-тебен тастайды. Шыны керек, бұл жүрісімнен шаршадым. Бұрын табысты жұмысымнан шаршадым деп көп шағым айттым. Шіркін, сол сәт айналып келсе ғой. «Жұмыстан шаршадым» деп бір ауыз айтпай, уақытымды тиімді пайдаланар едім, – деп ағынан жарылды көше кезген қаңғыбас.
– Қазір ше? Жұмыс істегіңіз келмей ме? – деп сұрағын жалғастырды Жандос. Қаңғыбас миығынан мырс етті де:
– Сен мені дәл осы күйде жұмысқа алар ма едің? Қазір менің алға қойған арманым не мақсатым жоқ. Қауқарым да, құлқым да жоқ. Тек өзегімді өртеген өкініш бар. Басымдағы бағымды бағалай білмедім. Жұмысым мен отбасымның қадіріне жетпедім. Бәлки, осы өкінішпен о дүниеге аттанармын, – деді. Жандос ұзақ ойланды. Бұдан кейін қандай сауал жолдарын да білмеді. Қолындағы 1000 теңгені мүсәпірдің қолына ұстатты. Ол ақшаны қолы қалтырай алып, көзінің жасын сүртіп, басын салбыратын кете барды.
Жандос та терең ойдың жетегінде қалды. «Бомж да бай болған екен ғой» деп ойлады. Бір сәтте өзінің де «Жұмыстан шаршадым» деп кейігені есіне түсті. Түскен бойда әлгі қаңғыбас сияқты жүргені көз алдына келді. Қазір бір сәтке жеңіліп, құласа, қайта тұрмайтынын сезді. Сосын Абай Құнанбаевтың «Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз келеді. Әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді. Әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді. Әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді. Әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» деген сөзі де ойға оралды. Содан кейін Жандос есін жиып, жұмысына шаршаған халде емес, шат-шадыман күйде аяңдады. Бұдан былай ол «Жұмыстан шаршадым» деген сөзді айтпайтын болды.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА