Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі

Адал жар

Адал жар (ОҚИҒА)

Кереку қаласының шетіндегі шағын ауданның халқы ол әйелді түгелдей таниды деуге болады.  Оның аты Сезім. Отызға  енді ғана жеткен жас әйел дәрігерлердің қателігінен болып екі көзінен бірдей айырылса да күнде ертемен аяладамалардың бірінен  қалаға қатынайтын автобустарға өзі мініп қызметіне барып-келіп жүреді. Оның екі көзі су қараңғы болған  алғашқы кездерде бұл әлемдегі сенері мен сүйенері бір Алладан кейін күйеуі ғана болды. Күйеуі әскери адам. Бағына қарай жолдасы  Жандос иманды, таза жан еді. Әйелінің екі көзі зағип болып қалғанда  ішінен қан жылап тұрса да, әйелінің алдағы уақыттарда өз басын алып жүруіне, адам ретінде ешкімге және ешнәрсеге тәуелді болмай өмір сүруіне барынша қолдау көрсетуім қажет деп шешіпті.
     Сезім де қап-қараңғы болған  жаңа өміріне күн өткен сайын аздап-аздап үйрене бастайды. Үйде отырған кезінде жеңіл-желпі үй шаруаларын  ақырындап істеп үйренеді. Тіптен екі көзі көрмей қалуы соншалықты ауыр еместей сезілетін кездері де болыпты. Жандостың қамқорлығы да барынша артады. Бастарына күн туған осы сәттерде олардың  өзара сыйластығы мен бір-біріне деген сүйіспеншілігі де арта түскен болатын.
     Күн артынан күн өтіп Сезімнің ем алатын  мерзімі де аяқталып өз жұмысына қайта кіретін уақыты да жетіпті. Дені сау кезде үй мен жұмыс арасы алыс болса да автобуспен емін-еркін  жүре беретін Сезім үшін  қазіргі су қараңғы болған кезінде жұмысына барып-келу әлбетте, қиямет-қайыммен бірдей. Сондықтан да бастапқы кезде Жандос такси жалдап әйелін жұмысына қойып жеткіздіріп, алдырып тұрды және өзі үнемі бірге ертіп апарып, келер сағатында тосып алатын. Сондықтан Сезімнің көңілі орнықты болды.
     Бірақ осылайша үнемі асты-үстіне түсіп, қорғап-қолпаштау ешбір нәтиже бермейді,  әрі басқаларға тәуелділігі арта береді деген ой Жандостың көңіліне келеді де бір кеште әйеліне осы ойын айтқанда Сезім: «Немене?...сен не айтып тұрсың, мен көрмейтін соқыр адам емеспін бе, қайда бара жатқанымды қалай ажыратпақпын?.. Ұзамай сен мені тастап кететін шығарсың, мен сонда қалайша тірі жүремін?...»,-деп еңіреп бұлқан-талқан болғанда  «шын жыласа соқыр көзден жас шығатынының» керін келтіріп еді. Әйелінің осылай күйінгеніне  Жандостың жаны шығарда бөлек болғандықтан «Мен сені өзің жұмысыңа барып-келіп үйренгеніңше автобуспен бірге жүретін боламын» деп келіседі. Осылайша 2 апта бойы Жандос әскери киімін киіп алып әйелімен бірге оны жұмысына жеткізіп салып  жүрді. Осы 2 апта уақытта олар көруден басқа сезім мүшелері арқылы маңайындағы заттарды қалай ажырату, қандай нәрселерден сақтанып жүру туралы  біршама тәжірибелер жасап үйренеді. Сонымен қатар Сезімнің жұмысына барар  бағыттағы  автобус шоферлерімен  де танысып,  Сезімге үнемі  бір бос орын сақтап қоюды  тапсырыпты.
     Әлбетте, адамдар өздері талаптанып әрекет етсе қандай да қиыншылықты жеңетіні белгілі.Сонымен күндердің бір күні  Сезім ерте тұрып, жұмысына жалғыз өзі бара бастайды. Алғашқы кездері оған жалғыз жүру өте қиын болса да күн өткен сайын жеңілдеп, жүріс-тұрысы еркіндеп қалыпты әдеттерге төселіп үйреніп кетеді. Сонымен не керек, үш ай бойы осылайша жалғыз өзі жұмысына барып келіп жүрді.
     Бір күні әдеттегідей жұмысына бару үшін автобусқа отырып жатқанында автобус шопыры оған: «Сіз өте бақытты адам екенсіз!» деді. «Соқыр адам қалайша бақытты болмақ?» деп жауап қатқанында шопыр: « Мен үнемі байқап жүремін. Күн сайын Сіз автобусқа отырғалы келгеніңізде әскери киімі бар әдемі еркек  соңыңыздан ере келеді де Сіз автобустан түсіп көше бойымен жұмысыңызға жеткенше сыртыңыздан қарауылдап, жұмыс орныңызға кірген кезде Сізге алыстан қол бұлғап, сүю ишарасын жасайды да бұрылып кетеді. Өтірік айтсам жер жұтсын, оның осылай жүргеніне 3 ай уақыт болды» депті.
     Шопыр осылай дегенде Сезімнің көзіне қуаныш жасы мөлтілдеді.  Өйткені ол әйел бақытты еді, Алла тағала  оның көретін көзін алса да оған  көңіл көзі ашық өмірлік адал жарды нәсіп еткен  болатын...
 Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ


20 наурыз 2019 ж. 990 0