Мақала қалай жазылады
Батыста қай істі қалай істеу керектігін түсіндіретін нұсқау-кеңес кітаптар қап-қап болып шығып жатады. Білгірлер қажет еткеніңді қалауыңша тәптіштеп ұғындырады. Сол кітаптар маған да желік беріп, қолыма қалам алғызды. Мен газетке мақаланы қалай жазу керектігі жайында нұсқау-кеңес жазып шығаруды ұйғардым. «Е, ол оп-оңай. Басыңа бір ой келе қалады да, қағаз қаламыңды алып, жазып тастайсың» , дейсіздер ғой, ә? Қай-дан! Бүгінде оп-оңай не бар... Баршаларыңыз сияқты мен де күнде таңертең газет оқимын да, жоқтан өзгеге ренжіп отырамын. Ойымда қашанда қырық-елу тақырып жүреді. Соның бірі қаламыма іліге кетуге дайын тұрады, бірақ маған олардың біреуі ғана керек... Он ойланып, жүз толғанып, өзіме де, газет иесіне де, жарық дүниені жалпағынан басып жүрген жердегілерге де зияны тимейтін біреуін таңдап аламын. Сауысқанша сақтанып, бір сөз жазып – бір ойланамын... Сөйтіп, мақалам дайын болады! Әйелім де дайын болып, есік көзінде көлденеңдеп тұрады: – Не жазғаныңды оқып көруіме бола ма? – дейді. Болады десең де, болмайды десең де – бәрібір алып оқиды. Бет-аузы батпақша былбырап: – Өзіңді аямасаң да, балаларыңды аясаңшы, - деп күрсінеді. – Е, не боп қалды? – Қазіргі кезде бүйтіп жазуға бола ма екен? – Жарайды, сонда не істе дейсің? Әйелім байырғы бағбан тәрізді: мынаны алып таста, мынаны қысқарт, мынаны құрт, – деп мақаламды күзей бастайды. Онымен жекпе-жекке шығар мұршам жоқ, бұйрығын бұлжытпай орындаймын. Енді бір кезде көзі жыпылықтап ұлым жетіп келеді: – Әке... Сен жазып қойыпсың... – Неменені жазып қойыппын? Ұлымның бетіне қарасам, өзімнің де жылағым келеді: – Әке, анау ақырғы сөйлеміңді алып тасташы... – Ұлым-ау, ең дәмді жері сол ғой... – Әке, сол дәмдісін алып тастай салшы... Алып тастай саламын. Сонсоң қызым келеді. – Әке... – Айта бер... – Бірінші сөйлемің нелеу екен... – Нелеу? – Алып тастасаң... Онымен де бітпейді. Менің ескі көз бір юрист досым бізбен көрші тұрады. Не әйелім, не балаларымның бірі жүгіріп соған барады да: бізге болыса гөр, ол тағы бір мақала жазып қойды, - деп аттандайды. Досым жетіп келеді. – Иә? Бұл жолы не жаздың? – дейді ол, самарқау кейіппен сазарып. Мақаламды ұстата беремін, ол көзілдірігін түзеп, сыпайы жөткірініп алады да оқи бастайды. Қашанда оның оң жақ қалтасында – қылмысты істер кодексі, сол жақ қалтасында – баспасөз туралы заң жүреді. – Сенің мына бір сөйлемің... Қылмысты істер кодексі бойынша бұл үшін бір жыл түрмеге қамаласың. Мен ол сөйлемді сызып тастаймын. Жалғасы
Massaget.kz
Massaget.kz