Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Үзілген үміт

Үзілген үміт

Пойыз орнынан қозғалды. Жансая коридорға шығып, ашық терезеден жазық далаға көз жіберді. Дүниенің шетсіз де шексіз екенін сол сәтте аңғарғандай. Бір жағынан күллі әлем осынау жазықтан тұратын сыңайлы. Жүрдек пойыз жылжып ару Алматыны артқа тастаған сайын, Жансаяның сол қалаға деген сағынышы мен қимастығы байқалды. Әлдеқайда жақын, әлдеқайда қымбат. Бірақ қайта айналып баруға құлқы жоқ. Себебі, осы қалада ол қарекет етіп, күйбең тіршіліктен қол үзбеді. Күрмеуге келмейтін тағдырдың кермек дәмін татты. Қайғы қамытын киіп, қуанған сәті аз болды. Көзі жылай-жылай домбығып ісіп, үміті білте шамның әлсіз жарығындай сөнуге айналды. Осының барлығына Алматы кінәлі еді. Әлде сезімге ерік беріп, жүрегіне әмір жүргізе алмаған Жансаяның жазығы ма?
Жансая Алматыға он сегізге толар-толмас шағында келген болатын. Туған жері Сыр елінде жүргенде қиындықтың не екенін білмейтін. Оқушы кезінде әкесінің жоқтығы жанына батушы еді. Қазір жартылай жетімдікке де еті үйренген. Күнделікті үйдің тірліктері, анасы мен сіңлісінің бұған үміт артуы үйреншікті, осылай болуы өмір заңдылығындай көрінетін. Сол себепті Сырдағы өміріне шағым айтып, қабақ түймейтін. «Барымен базар» демекші, анасы мен сіңлісіне, басында баспана барына, талғажау етер ас табылғанына шүкіршілік айтып жүрді. Алайда, Жансаяның сіңлісі олай өспеді. Кәмила бала шағында аурушаң болғандықтан, әкесі мен анасы оның бетіне жел тигізбей, маңдайын күн шалдырмай бақты. Шаңырақта Кәмиланың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс ретінде сезілді. Уақытқа бөгет жоқ. Осылай күн кешіп жатқан отбасы бір-ақ күнде ойрандалып, отағасы о дүниеге аттанды. Уылжыған екі қыз анасының жауапкершілігінде қалды. Әрине, тұңғышының тірлігі тындырымды. Ол әркез анасына қолғабыс болып, жоғын тауып, жыртығын жамасты. Ал кенжесі Кәмила «алма піс, аузыма түстің» кейпін кейді.
Оқуда озат, үзеңгілестерінен үздік шығып жүрген Жансая мектеп бітірген соң дизайнер болуды жоспарлады. Жоғарғы оқу орнына тапсыратын сәт тақаған сайын оқу орындарының тізімін жасақтап, әр университеттің білімі мен білігін тексерді. Өзінше саралады. Бірақ жас қыздың арманына анасы кедергі жасап:
– Оқуды кейін оқысаң да болады. Одан да бізге ақша жағынан жәрдемдес. Сіңліңді білесің, сәби кезден сырқаттан көз ашпайды. Өзі сабақты әрең алып жүр. Сен қазір бойжеттің. Оң мен солыңды тани аласың. Кез келген істі дөңгелетіп, шаруаны ширақ бітіресің. Сондықтан Алматыға барып жұмыс істесең қалай болады? Анау көршінің қызы Әсел осыдан үш жыл бұрын кеткен екен. Қазір бір ресторанның администраторы дей ма бірнәрсе. Сонымен сөйлесіп, сонда офицант немесе ыдыс ­жуушы болсаң жарамай ма? Есесіне айлығы жақсы. Квартираға да, бізге жіберуге де жетеді. А? Не дейсің бұған? – деді.
Әрине, Жансая не сенерін, не сенбесін білмеді. Бала күнгі арманынан бас тартуды көңілі қаламады. Бірақ үнсіз. Оның орнына көздері сөйлеп жатқандай. Моншақтай жас үздіксіз тамуда. Басын көтеріп, анасына «Жоқ, мен оқимын» деуге ары жібермеді. Әрі таң алагеуім тартқаннан, қара кешке дейін тырбанып, тіршіліктің қамына кірісетін анасын аяды. Жансаяның іштей тынып, егіліп отырғанын анасы сезбей отыр дейсіз бе? Әрине, сезеді. Сезгендіктен болар қызын құшақтай сала «Құлыным-ау, қайтейін енді? Сенің білікті маман болып, білдей бір жерде жұмыс істегеніңді қаламайды деймісің? Бірақ амал жоқ қой. Сен жұмыс істеп маған көмектеспесең бір күні аштан өлетін шығармыз. Сондықтан анаңа өкпе артпашы» деп жылай жөнелді. Осылайша анасы мен қызы бір-бірін қапсыра құшақтап, іштегі шерді шығарып, ағыл-тегіл жылады.
Арада бір жұма өткеннен кейін Жансая өзегі өртеніп Алматыға келді. Поездан түскен бойда оны көрші Бақтыгүл апаның қызы Әсел күтіп алды. Жансаяға үй-жайдың және жұмыстың даяр екенін айтып, оны бір қуантып тастады. Осылайша Жансаяның жаңа өмірі басталды да кетті. Ол қайнаған қу тіршілікке қалай еніп кеткенін өзі де байқамай қалды. Күніге мейрамханадағы жұмысына барып, тапсырыс қабылдайды, ыдыс жуады, кешқұрым еден сүртеді. Жалақысын алған сайын жартысын өз кәдесіне жаратса, жар ақшасын ауылдағы анасына салып жібереді. Бір қарағанда уылжыған жас қыз тек ақша табатын құрал сияқты. Бір сәт театрға бармайды, көңіл көтермейді. Бос уақытында айналысатын сүйікті ісі де жоқ. Қолы босай қалып, демалыс алса жастыққа жатып қор ете қалады. Жеті күннің ішінде еншісіне тиген бір күн демалысын ұйқымен я болмаса пәтерді жинаумен өткізеді. Тіпті Жансаяның өмірінде жігітке де орын жоқ сияқты. Ол жайында ойланып та көрмепті. Бар арманы – анасының үмітін ақтау, сіңлісін оқуға түсіру. Шаңырақта қалған екі жанның жебеушісі болу. Ал өз өміріне көңіл бөлуге құлқы да, уақыты да жоқ.
Арада бір жылға таяу уақыт өтті. Бірақ Жансаяның ғұмыры бәз-баяғыдай. Дәл бір осы жол, осы өмір сол үшін сызылып қойғандай. Оны өзгертуге, одан ауытқуға болмайды. Бәрі-бәрі қаз қалпында. Тіпті Жансаяға сөз айтып, қылмыңдап тиісіп жүрген Сержанның да сезімі суымаған. Оның кеш сайын беретін гүлдері де, құлақтан кіріп, бойды алатын сөздері де сол баяғы. Сержан мен Жансая мейрамханада танысқан еді. Әуелгіде клиент ретінде келіп жүрген жас жігіт, уақыт өте келе Жансаяның жүрегін жаулауға тырысты. Соңғы уақыттары жиі-жиі келіп, бойжеткеннің тамырын басып көрді. Бірақ бұрын-соңды жігіт атаулыға жолап көрмеген ол қашқақтап, жанына жуытқысы келмеді. Оның айтқан жылы-жылы сөздері, «Нет­кен әдемісің, көріктісің!» деген мақтаулары құлағына түрпідей тиді. Ал Сержан қолынан ұстағанда кірпідей жиырылды. Тұла бойында бұл сезім бір жылға жуық уақыт жалғасты. Алайда, қыз көңілінде өзі де түсініп болмайтын бір ынтызарлық сезімі пайда болды. Сержанды күн өткен сайын көруге, оның тәтті сөздерін есітуге құштарлық бас көтерді. Осы бір сезім тереңнен оянған сайын, жас жігітті бір көрсем, онымен тым болмаса бір рет тілдессем деген ұры ой қоса оянды. Оны бір көруді, бір рет сөйлесуді қалаған ойынан қорыққан да жоқ. Қайта қуаныштан жанарында бір ұшқын пайда болды.
Қыз жүрегінің жібігенін байқады ма, Сержан «темірді қызған шағында» соқты. Күнара кездесіп, сыйлықтың да бәсін арттырды. Бірте-бірте Жансаяның жүзі жадырап, Сержанға, Алматыға, күллі әлемге ғашық бола бастады. Айналасы қызылды-жасылды бояуға боялғандай құлпырып кетті. Сержанды бір сәт көрмесе тұра алмайтындай халге жетті. Содан не керек, Сержан мен Жансая Алматыда жүріп азаматтық некеге ­отырды. Жансая әуелгіде табан тіреген пәтерінен шығып, Сержанның жалдамалы үйінде тұрақтады. Кәдуілгі ерлі-зайыптылар сықылды өмір сүрді. Көрші-қолаң, дос-жараңға өздерін бір отбасымыз деп таныстырды. Бір өкініштісі, Жансаяның анасы мұның біреуінде білмейтін. Ауылда сарылып сағынып отырған анасына жаңа өмірі туралы жақ ашуға дәті шыдамады. Дәл бір ұрлық жасағандай, өз-өзінен қуыстанып, сөйлесуді азайтты. Есесіне ақшаны екі еселеп салып, анасы мен сіңлісінің материалдық жағдайына жәрдем көрсетті.
«Мен екіқабатпын». Сенбі күні Жансая ­Сержанды осы жаңалықпен ұйқысынан тұрғызды. Күн шықпастан жан даусы шыққан Жансаяның бұл қылығын ерсі көрді ме әлде ұйқысы қанбады ма, Сержан бастапқыда түсінбей қалды. Одан кейін Жансая сөзін қайталап «Менің аяғым ауыр» деп төсекте секіре бастады. Сержанның ұйқысы шайдай ашылып, өз құлағына өзі сенбей, қайта-қайта сұрақтың астына алды. Содан соң тұңғиық ойға батып, үн-түнсіз жуынатын бөлмеге еніп кетті. Суға шомылған соң, есін жиды ма, келе сала Жансаяға дүрсе қоя берді.
– Мен не саған бала керек дедім ба? Неге екіқабатпын деп қуанып тұрсың? Дереу, дереу алдыр баланы! Мынау қалада баланы қалай асыраймын деп тұрсың? Алдырмасаң, осы сәттен бастап кете бер, – деп Жансаяны иығынан жұлқылап-жұлқылап итеріп жіберді.
Көз жасы көл болған Жансая демде не істерін білмей, жарының көңілін аулауға тырысты. Ойы онға, санасы санға бөлініп, Сержанды көндіруге тырысқанымен еш әсері болмады. Күндердің бір күнінде Сержан жүктерін жинады да, ұшты-күйлі жоқ болды. Етегі жасқа толып Жансая жалғыз қалды.
Алматыға жұмыс іздеп кеткен жалғызбасты ананың қызы құрсағына бала бітіп Қызылордасына қайтты. Әу баста анасы ешнәрсе түсінбеп еді, пойыздан қарны шермиіп, тепкішектен әрең түсіп келе жатқан қызын көргенде ғана мән-жайды білді. Көптің көзінше амалсыз ернін тістеледі. Бірақ үйге келгеннен кейін анасы абдырап, жан терге түсті. Қызым қасиетінен айырылды деп ішіне у түскендей қынжылды, бір сәтте бауыр еті баласынан жиренді. Не де болса, мына хабар анасына төбесінен жай түскендей әсер етті.
– Жетпегір! Ақыр заманның тас түйнегі. Қарғыс атқыр. Қай бетіңмен келдің? Ел-жұртқа не айтамыз енді? Мен үшеуіңді қалай асыраймын? Қара басты ма сені? – деп қызын тоқпақтады.
Жансаяның қайғысы одан сайын күшейді. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Қою қараңғылық түскенде өзін өлтіруді де ойға алды. Бірақ іштегі бір тылсым оны мұндай әрекетке итермелемеді. Бір күні Жансаяның ай-күні жетіп, толғақ қысты. Толғақ қысқан сайын анасы: «Бісміллә, бісміллә. Е, Алла өзің жар бол» деп Жаратқанға жалбарына берді. Жансая жаны қиналып, көп толғатты. Дәл бір өлім мен өмірдің ортасында қалғандай, жаны көзіне көрінді. Анасының білегінен тас қылып ұстап «Кешірші мені, кешірші» деуге ғана шамасы жетті. Ал дәрігерлер болса алып-ұшып болашақ ананың жағдайын жасады. Қызын алғаш көргенде қарғаған ана сыртта отырып «Бісмілләсін» жалғастыра берді.
Түн ортасы ауған шақта Жансая әбден терге түсіп, қиналып, әлсіреген кезде баланың даусы шыр етті. Жансая талып кетті.
Әлден уақыттан кейін Жансая есін жинап еді, дәрігерлер сүйінші сұрап ұстатқысы келген баланы қағып жіберді. «Құртыңдар» деп жан даусы шықты. Шырылдаған шақалақты жанына жуытпады. «Осы баладан неге өліп кетпедім екен» деген ой келді. Сәбиінің исі де, даусы да оны елжіретпеді. Көкірегі тас болып қатып қалғандай бір сәт бала жаққа бет бұрмады.
Анасы ауруханадағы жағдайдан кейін жаны түршігіп, жүрегі аузына тығылып қызы мен немересін ертіп үйге келді. Үйге келген соң барлығы басылар деп үміт артты. Бірақ Жансаяның халі бұрынғыға қарағанда ушыға түсті. Есінен ауысқаны соншалық бұғанасы қатпаған баланы таяқтың астына алатын болды. Ол зар еңіреп жатса да, көк ала қойдай етіп ұруды доғармады. Мұндай қитұрқы әрекеті әсіресе, үйде жалғыз қалғанда өрши түсетін. Қақаған қыста құрсағын жарып шыққан баласын тысқа шығарып, оның безілдегенінен ләззат алатын. Біресе қарқылдап күліп, біресе өзінен-өзі жылап, шашын жұлатын.
Қызының түсініксіз жағдайға тап болып, есі ауысқан адамдардың тірлігін істейтінін анасы ел-жұрттан жасырды. Қанша жасырғысы келгенімен, ақиқаты ашылды. Көрші-қолаң күн өткен сайын Жансаяның баласына көрсеткен қорлығына шыдай алмады. Шарана шырылдаған сайын жаулық жапқандар «Ойбуй, өлтірді-ау байғұсты» деп бетін шымшылайтын. Кейбір әйелдер болса «Мына қатынның ойын қара тұман басты» деп сыртынан сөз ететін. Әйтеуір не керек, осыдан кейін Жансаяны анасы өз қолымен жындыханаға тапсырды. «Бүйте берсе бір күні баласын өлтіріп тынады» деп жорамалдады. Туғанына қырық күн болмаған немересін бауырына басты.
Ал Жансая жындыхананың төрт қабырғасына телміріп күнін өткізді. Өткен күннің елесі көз алдында сағым болып елестеп, тағдырына налып, көзінің жасы көл болып аға берді, аға берді. Жындыханада жүріп өзін бұл дүниеге керексіз, артық адамдай сезінді. Расында. Мұның ендігіде ешкімі жоқ. Небәрі жиырма жасында жындыханаға түскен ол, ұзақ уақыт ел аузында «Жындыханадағы жас ана» деп айтылып жүрді. Одан кейін Жансаядан да, оның жақын-жуығынан да ұшты-күйлі хабар жоқ.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА

07 ақпан 2020 ж. 1 281 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930