Ұзақ жасаудың құпиясы
Ұстаз. Осы бір ауыз сөздің өзінен біздің тіліміздің құдіретін, қадір-қасиетін аңғаруға болады. Бір ауыз сөздің қанша баламасы барына таңғаласыз. Ұстазды мұғалім, оқытушы, тәрбиеші ағай деп атай береміз. Баланың инабаттылығы, сыпайы тәрбиесі ұнаса, кім тәрбиеледі екен, білімді болса, оқытқан кім екен, ұстамды болса, ұстазы кім екен деп риза боламыз. Сондықтан да ұстаз беделі қай қоғамда болса да төмендеген емес.
Ислам дініндегі ең мықты ғұламалардың бірі Әбу Ханифаның Имам Ағзам шәкірті Ибрахим Нахи өзінен жеті көше кейін тұратын ұстазының үйіне қарай аяғын созбайды екен. «Алты Алаштың кіл жақсылары жиналғанда, төрдегі орын ұстаздікі» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, ұстаз бейнесі, оның қадір-қасиеті – адам санасында күн сайын биіктеп, жаңғыра беретін асыл бейне. Сондықтан да әрбір саналы азамат ата-анасынан кейінгі өмірдегі ең қымбат адамы ұстазы екенін естен шығармайды. Біз де осы тәрбиеден жастайымыздан үлгі алғандықтан мұғалім келе жатса, қай мұғалім болса да алдын кесіп өтпей, бас киімді қолымызға алып, ұстаз өткен соң барып орнымыздан қозғалатынбыз.
Менің 1953 жылы №159 Еңбекші қазақ орта мектебінің табалдырығын аттағандағы алғашқы ұстазым Сәрсенбек Байжанов ағай болды. Қазір жасы 97-ге аяқ басып бара жатыр. Мен басқа оқушылардан мектепке он бес күн кешігіп келдім. Алғаш сыныпқа бас сұққандағы көңіл күйім әлі есімде. Қыркүйек айы болса да, ағайдың аяғында хром етіп, үстінде солдаттардың алқымына дейін түймеленетін сителі бар екен. Ұстазымның түрі сұсты көрінді, отты жанарына қарап едім, денем дір ете қалғандай болды. Дәл сол уақыт Сәкеңнің жер дүниені жалмаған, 28 млн адамның өмірін қиған 11428 күнге созылған екінші дүниежүзілік соғыстан оралып, Түркістан педагогикалық училищесін бітіріп, қызметін бастаған кезі екен. Соғыста әбден әскери тәртіпке үйренген, бір сөзін көп қайталамайтын әскери адамның қолынан тәрбие алу бізге де оңай соққан жоқ. Алаңсыз ағайдың қасқабағына қарап, тырп етпей отырамыз. Үйге берген тапсырманы мүлтүксіз орындаймыз. Сабақтан қалуға да ағайдан қорқамыз. Мен қыстыгүні тамағым ауырып, сабақтан бір күн қалып қойдым. Ертесіне барайын десем, ағайдан қорыққан соң ағайдың нағашысы Кенжегүл апай ертіп апарып:
– Әй, Сәрсенбек, мына інімнің тамағы ауырып, кеше сабақтан қалып қойыпты, енді қалмайды. Ұрыспа, – деп айтып кеткені әлі есімде. Негізі бірінші сыныптағы ұстаздың қаталдығы адамның бүкіл өміріне, өмірлік ұстанымына әсер етеді екен. Ұстазың қатал болса, тәртіпке мойын ұсынып үйренесің, ол бүкіл өмірде дағдыға айналады. Ал жақсы дағды – білім алуға жол ашады, бастауышта алған білім санаңда өшпейтін, миыңнан кетпейтін білім. Қазақ оны «Жасыңда алған білім тасқа басқан таңбадай» деп шегелеп айтқан. Ағай 1953-1954 жылдары оқу жылын аяқтап, №156 Н.Бекежанов атындағы мектепке ауысып, Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың химия-биология факультетін сырттай оқып бітіріп, зейнетке шыққанша қызмет жасады. Ағайдың еңбек кітапшасында Еңбекші, Н.Бекежанов атындағы мектептерде жұмыс істеді деген екі-ақ жазу бар. Ұстазымызды осы тұрақтылыққа, дағдыға тәрбиелеген, өзі көрген қиындығы мол өмір мектебі шығар деймін. Әсіресе, талай боздақтың өмірін жалмаған Ұлы Отан соғысының отты жылдары ағайдың өмірінде, мінез-құлқында, өмірлік дағдысында өшпес із қалдырғаны байқалады.
Мен өзім ұстазыма деген сүйіспеншілігімді, қызметімді жүрегімнен бір сәтке болса да жоғалтқан емеспін. Ұстазым 80 жасқа толғанда бірінші сыныпта түскен суретімізді үлкейтіп әкеліп, сыйға тартқанымда балаша қуанып: Есіркеп, бұл сурет менде жоқ еді. Сен қалай сақтағансың? – деп риза болды. Ұстазымнан қоныс аударғанда да екі немеремді ертіп апарып, батасын алдым. Бірде барсам, үлкен залда намаз оқып отыр екен. Бесін намазының уақыты өтіп кеткен. Біраз күтіп кірсем, бөлме салқындау екен. Алдында адамдардың есімі жазылған ескі көк дәптер жатыр. Оған онша мән бермедім. Амандасып болған соң, мына жер салқындау екен, ауырып қалмайсыз ба деп едім:
– Мен соғыста шыныққан адаммын. Анау-мынау салқынды елей бермеймін. Көп ауырып көргенім жоқ, уайымдама, – деді. Тағы бір барғанымда алдында баяғы көк дәптер жатыр екен, бірақ сырты жаңалау көрінді. Үйге келген соң інісі Абайға хабарластым. (Абай Баукенов көп жыл директор болып, елге еңбегі сіңген азамат) Ағайдың алдында өткен жолы барғанымда ескілеу, адамның аттары жазылған дәптер жатыр еді. Жақында барсам, тағы да сол жатыр. Бірақ сырты жаңа көрінді дедім. Абай: «Ол дәптердің ішінде ағайдың соғыста шейіт болған достары, ағайын-туыс, өмірде сыйлас болған достары, барлығы 600 адамның аты-жөні жазылған. Сәкең сол 600 адамды әр намаздан кейін 120 адамға бөліп, Құран бағыштайды. Дәптерді аша-аша шеттері мүжілген соң, қайтадан жаңалап қояды», – деді. Ұстазымның жұрттың бәрінде кездесе бермейтін қасиетін көргеннен кейін Алланың ерекше жаратқан пендесі екеніне көзім жетті. Ағайға сіздің ғасырға жуық өмір сүруіңіздің, ұзақ жасауыңыздың құпиясы неде деп сұрақ қойдым. Ол сәл ойланып, аз-кем үнсіздіктен кейін әңгімесін бастады.
– Мен өмірде көп қиындық көрген адаммын. Өмірімнің қиын болуы өзіме де байланысты болды. Мен тек адал өмір сүруге ұмтылдым. Сондықтан ұстаз болдым. Қарапайым ұстаз болғаннан артық мансапты, дәрежені керек қылмадым. Маған бірнеше рет мектепке басшы қызметіне ұсыныс болды. Өзімнің өмірлік ұстанымым, яғни қарапайым мұғалімнен басқа қызметті керек қылмадым. Адам ұзақ өмір сүру үшін өз кәсібін дағдыға айналдыру керек, қанағатшыл болу керек, – деді.
Адам ұзақ өмір сүру үшін ой еңбегі мен дене еңбегін ұштастыру керек. Мен өмір бойы адал кәсіппен айналысып, содан тапқан табысты, яғни жалақыны қанағат тұтқан адаммын. Жұбайым Жәмила отбасында бала тәрбиесімен айналысты. Өйткені, біздің жанұяда он бала болды. Оларды асырау, оқыту, тәрбиелеу оңай болған жоқ. Отбасыма қажетті көкөніс, ет, дақылдың барлығын өзіміз өсіріп, күнделікті тамаққа керек өнімдерді сырттан сатып алмадық. Есік алдындағы жерді игердік, мал ұстадық, ет, сүт бәрі өзімізден табылды. Бұл бір жағы балаларымды еңбекке тәрбиелеуге септігін тигізді.
Мен өмірбақи біреуді сыртынан көре алмай әңгіме айтып, күндеп, жамандап көрген адам емеспін. Өмірді қысқартатын, жүрекке салмақ түсіретін үлкен қасірет, ол – іштарлық, қызғаныш, көре алмаушылық. Бұл әрине, қазақта көп кездесетін дерт. Оны ұлы Абай «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ. Бес жаман іс білсеңіз» деп басып айтқан ғой. Сосын адам баласы өмірге деген құштарлығын, ізденісін тоқтатпау керек. Мәселен, мен өзім қатарлы ақындардың өлеңін, олардың айтысын жатқа білемін деп замандастары Арзолла, Іскендірдің айтысынан үзінділер айтып берді.
Зейнетке шыққан соң бес уақыт намазымды қаза қылмадым. Намаздан кейін аруақтарды еске түсіремін, оларға Құран бағыштаймын. Аруақты еске түсіру өзіңнің өткен өміріңнен жақсысын да, жаманын да, жастық шағыңды да еске түсіру деген сөз. Жас келген соң ауылдағы асқа, құдайы дастарқанға жиі барамыз. Ондай отырыстарда көп қариялар заманды, ел басқарған азаматтарды ауыл, аудан әкімдеріне көңілдері толмай, тіпті Президентке дейін әңгіме қылып жібереді. Меніңше әркім өз тірлігін адал атқару керек. Бәріміз Алланың алдында бірдейміз. Өз тірлігімізге жауаптымыз, есеп береміз. Алланың, ұрпақтың алдында қарыздармыз деп әңгімесін аяқтады
Мен де ұстазымның өмірлік ұстанымынан ой түйіндедім. Ұзақ өмір сүрудің құпиясы – адам өзінің болмысын бағалап, өзіне тән өмірлік дағды қалыптастыру. Өзіндік дағдысы болған адамның өмірлік ұстанымы болады. Ұстаным, дағды адамды алға сүйрейді. Қалыптасқан дағдысы бар адамда бос уақыт, зерігу, біреудің сыртынан әңгіме айту, көре алмаушылық деген жаман әдеттер болмайды. Адам өзін-өзі тәрбиелейді, күнделікті бес уақыт намаздан кейін ағайдың отырып, Құран бағыштауы адам жасын жаңартып, мидің сақтау қабілетін жасартып тұрады.
Ұзақ өмір сүрудің ең басты қағидасы – өзгені ойлап, жүрегіңе салмақ түсірмеу. Өмірлік дағдысы бар ағай да өз басынан өткен ауыртпалықтарды өмірлік дағдысының, ұстанымының мықтылығымен басынан өткізіп жатыр. Былтыр өзіне он перзент сыйлаған өмірдің қызығын да, қиындығын да бірге өткізген жары Жәмиладан айырылса, биыл тұңғыш ұлы Абылай өмірден озды. Басыңызға түскен барлық ауыртпалықты өмірлік дағдыға жеңдіріп, қалған ұрпағыңыздың қызығын көре беріңіз дегіміз келеді.
Есіркеп Шәдібеков,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі