Әкемнің аруағы ажалмен арпалысып мені аман алып қалды
Таяуда бір кісінің "аруақ деген адамдардың ойдан шығарып алғаны" дегенін естідім. Қонақта отырып дауласуды жөн көрмедім. Бірақ сол кісінің сөзі еш есімнен кетпей қойды. Сондықтан аруақтың бар екеніне дәлел болатын өз басымнан өткен оқиғаны "Алаш айнасына" жазып отырмын. Егер сол кісі менің осы жазғанымды оқыса, аруақтың бар екеніне сенер деп ойлаймын.
Бұл оқиға осыдан бес жыл бұрын болған еді. Денсаулығым сыр беріп, екі жыл бойы емхана мен аурухананың есігін тоздырдым. Ақыр соңында дәрігерлер «ота жасатпасаңыз болмайды, қатерлі ісікке айналып кетуі мүмкін» деген соң ота жасатуға келістім. Алдын ала бірнеше анализдерді тапсырдым. Бәрі дәрігерлердің ойындағыдай болса керек ота жасауға ауруханаға жатқызды. Ауруханада үш күн болып, тағы да қосымша тексеруден өттім. Үш күннен соң кешкілікте дәрігер келіп, «ертең ота жасаймыз, ештеңеден қорықпаңыз, бәрі жақсы болады» деп ескертіп кетті. Дәрігердің айтуынша, бұл аса ауыр ота емес. Ұзап барса, біржарым-екі сағатқа созылуы мүмкін.
Ота жасайтын күннің алдындағы түні түс көрдім. Түсімде маған ота жасалыпты. Аурухана палатасындағы төсекте жалғыз жатырмын. Маңайымда ешкім жоқ. Мындағылар қайда кеткен деп ойлаймын. Тысқа шықпақ болып, орнымнан тұрдым. Алдымда екі есік тұр. Қайсысы тысқа шығатын есік екенін ажырата алмай бөгеліп қалдым. Есіктерге жұқа перде тұтылған екен. Қарасам, бірінші есіктің арғы жағында қара киінген, бет-ауызы тұмшаланған біреу тұр. Ал екінші есіктің арғы жағында ақ киімді ақ сақалды кісі тұр. Ол «ана қара киінген адамға байқатпай маған қарай кел» дейтін сияқты. Ақ киінген кісіге бармақ болып бірінші есіктің тұсынан өте бергенде қара киінген кісі қолымнан шап беріп ұстай алды да өзіне қарай тартқылай бастады. Байқаймын, есіктің арғы жағы құз. Қара киінген кісі жіберер емес. Есіктен сүйреп шығарып, құзға құлатпақ. Қарсылық көрсетуге шамам келер емес. Енді сәл болса құздан құлаймын. Құладым-ау деген сәтте екінші есіктің арғы жағында тұрған ақ киімді кісі жүгіріп келіп, мені екінші қолымнан ұстай алды. Екеуі екі жаққа қарай тартқылап жатыр. Оянып кеттім. Таң атып қалыпты. Қара терге түсіп жатыр екем. Өз түсімнен өзім шошыдым. Бірден басыма жаман ой келді. «Мына отадан аман қалу қалмауым белгісіз екен-ау» деп жорыдым.
Сағат 9-да ота жасайтын бөлмеге алып барды. Соңғы есімде қалғаны - бетімді тұмшалап бір аппарат кигізіп жатқаны. Одан кейін көз алдым тұманданып, ұйықтап кеттім. Көзімді ашсам, төсегімнің аяқ жағында марқұм әкем тұр. «Әке» деп орнымнан тұрмақ болдым. Бірақ қозғала алмадым. Әкем маған «орныңнан қозғалма» дегендей ишара танытып, «анау есітіп қояр» дегендей көз қиығымен арт жағына меңзейді. Қарасам, әкемнің арғы жағында есіктен сығалап, түнде түсімде көрген еңгезердей қара киімді кісі тұр. Әкем қалықтап ұшып жүрген секілді. Сырғып барып есікті жаппақ болды. Бірақ әлгі қара киімді жалма-жан есікке жабысып, итеріп, ішке кірмек болып жатыр. Мен әкеме көмектесейін деп орнымнан тұрмақ болам, бірақ тұра алмаймын. Бір кезде қара киімді еңгезердей кісі әкемді ысырып ішке кірді. Көздегені мен секілді. Бірақ әкем оны мен жатқан төсекке жібермей алысып жүр. «Көмектесіңдер» деп айғайлаймын, бірақ даусым шықпайды. Әкем мен қара киімді кісі әлі алысып жүр.
Қанша алысқандарын білмеймін, әйтеуір, әкем шаршаған сияқты. Бір кезде қара киімді әкемді буындыра бастады. Бір кезде маған қарап «қазір менің соңымнан ермесең, әкеңді өлтіремін» деді. Мен әлгіге жалынып, «жарайды, тек әкемді өлтірме, босат» деп жалынып жатырмын. Ол әкемді босатты да, мені қолымнан жетектеп, есікке қарай беттеді. Әкем әлі де есін толық жия алмай жатса да «тоқта, оған ерме, кейін қайт» деп айғайлады. Ол кезде біз есікке жеткенбіз. Есіктен қарасам, арғы жақ құз. Әлгі қара киімді кісі мені қолымнан ұстап, төмен қарай секірді. Сол кезде әкем «тоқта» деп секіріп келіп мені ұстап қалды да, қара киімді кісі құздан төмен құлап бара жатты.
Көзімді ашсам, аурухана палатасында жатырмын. Жанымда інімнің әйелі отыр. Көзімді ашқанымды көріп, ол «О, оянды» деп айғайлап, дәлізге шығып кетіп, артынша қайта кірді. Оның соңынан екі дәрігер мен медбике ере келді. Келе сала дәрігер тамырымның соғысын тексеріп жатыр. Бірі сөзге тартып өзімді қалай сезіп жатқанымды сұрап жатыр. Мен аузымды жыбырлатып ақырын ғана «жақсы» деп жауап қаттым. Менің сөйлегенімді естіген соң дәрігерердің жүзіне күлкі үйірілді. Медбикеге бірдеңелерді тапсырып жатты. Ал келінім болса ебіл-дебіл жылап жүр.
Ота жасар алдында көрген түсім дәл келіпті. Кейін білдім, отадан кейін мен 9 сағат оянбай, өлім мен өмір арасында жатыппын.
Ауруханадан шыққан соң Алла жолына ас беріп, үйге молда шақыртып құран оқыттым. Сол кезде өлім-мен өмір арасында жатықан кезде көргендерімді айтып бердім. Молда «Алла қолдап, әкеңіздің аруағы сізді ажалдан арашалап қалған екен деді.
Қайран әкем, о дүниеде жатса да мені аман алып қалу үшін тоғыз сағат бойы ажалмен алысқан екен-ау!