Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақтың күрзі жұдырығы

Қазақтың күрзі жұдырығы

Кезінде қазақ боксында өшпестей із қалдырған, 75 келі салмақта әлемнің үздік үшінші боксшысы атанған Асылбек Қилымов деген қазақ болғанын аға буын өкілдері болмаса, кейінгі жас толқын біле бермейді. Шаршы алаңдағы 10 жылдың ішінде 216 жекпе-жек өткізіп, соның 82 пайызын, яғни 177-сін нокаутпен және уақытына жеткізбей жеңіспен аяқтаған ағамыздың соққысын КСРО бапкерлері тексеріп көрсе, 724 келіні көрсетіпті.
Ұрғанын құлататын боксшы – Асылбек Қилымов 1964 жылы Ресейдің Астрахан облысында дүниеге келген. Бірақ жұрт оны маңғыстаулық деп есептейді. Олай дейтіні, Асылбек ағамыздың отбасы 1977 жылы Ақтау қаласына қоныс аударады. Ағасы Әнуарбек Астрахандағы институтта оқып жүргенде бокспен айналысып, спорт шеберлігіне үміткер болыпты. Ақтауға келген соң ол, 13 жасар Асылбекті қолынан жетектеп, атақты бапкер Александр­ Драчке алып барады. Бокс қолғабын жаңа киген жас боксшы көп күттірмей, арада алты ай өткенде облыс чемпионы атағына қол жеткізіп, республикада топ жарды.
Арада бір жыл жеті ай өткенде, яғни 1979 жылы жасөспірімдер арасында Кеңес одағының чемпионы атанды! Жас боксшының бұл чемпионатқа қатысуының өзі бір тарих. Осының алдында өткен КСРО кәсіподақтар спорт қоғамының чемпионатында жеңіп тұрса да, прибалтикалық қарсыласының қолын көтереді. Бірақ КСРО чемпионатына бірінші-екінші орын алған боксшыларға жолдама берілетін еді. Алайда, қазақ баласын ешкім шақыра қоймайды. Бапкері Александр Драч бұрын Молдавияда әскерде болған екен, таныстарын салып жүріп Асылбекті Молдавия атынан қатыстырады. Содан қызық болады. Рингке Молдавия атынан қазақтың қара баласы шығып тұр дейді. Және шығады да, қарсыластарын бірінен соң бірін ұрып құлатады. Ақыры болмаған соң бапкерлер дауласып, мұны жарыстан алып тастауды ұсынады. Сол кезде жарыстың бас төрешісі, олимпиада чемпионы, халықаралық дәрежедегі төреші Г.Шатков: «Бала талантты екен, сондықтан бағын байламайық. Тек ешқандай спорттық қоғамға (ведомствоға) ұпай қоспай, жеке өзі үшін өнер көрсетсін» деп әділеттік танытып, чемпионаттың аяғына дейін қатысуына мүмкіндік береді. Асылбек болса барлық қарсыластарын күйрете жеңіп, чемпион атанады. Содан кейін ғана олар қазақ баласын боксшы ретінде тани бас­тады. Бұл жеңісінің кездейсоқ емес екенін дәлелдеген Асылбек бұдан кейін жасөспірімдер арасында 1980 және 1981 жылдары қатарынан тағы 2 рет топ жарып, 3 дүркін КСРО чемпионы атанды және 1981 жылы оқушылар спартакиадасының да жеңімпазы болды. Ол сонымен қатар 1982 жылы жастар арасында да КСРО чемпионы атанып, Еуропа чемпионатының қоласына қол жеткізді. Бокс тарихында мұндай шапшаңдықпен биік белестерді бағындыру бұрын-сонды болмаған құбылыс еді. Сөйтіп ол 17 жасында КСРО-ның негізгі құрамасына қабылданады. Сол жылы Германияда өткен халықаралық турнирде Асылбек неміс боксшысы Генри Маскені талдырып тастапты. Қазақ боксшысынан оңбай таяқ жеген сол Генри 1988 жылы олимпиада, 1989 жылы әлем чемпионы, 1985 жылғы әлем кубогының жеңімпазы атанды, үш дүркін Еуропа (1985, 1987 және 1989) чемпионы болды. 1990 жылы кәсіпқой боксқа ауысып, IBF тұжырымы бойынша жартылай ауыр салмақта әлем тәжін киді. Осыған қарап-ақ, Асылбектің қандай боксшы болғанын бағамдай беріңіз. Кеңес үкіметінің қазақтарға қырын қарайтындығы кесірінен Асылбек аталған әлем чемпионаты мен олимпиада ойындарына бара алған жоқ. Барғанда Генриді шаршы алаңды қуып жүріп сабайтын еді... Бір кем дүние деген осы, амал қанша?
1984 жылы әлі 20-ға толмаған Асылбек ересектер арасындағы тұңғыш додасы, Ташкентте өткен КСРО чемпионатында 75 келіде қарсыласына шақ келтірмеді. Алғашқы сында атақты Вячеслав­ Чапайкинді ұрып талдырса, одан кейін алаң иесі Хакім Матчановты екі рет нокдаунға түсірді.
Жартылай финалда КСРО чемпионатының жүлдегері, тәжірибелі Егор Илинзеерді үш раунд бойы қуып жүріп сабады. Финалда атақты боксшы, КСРО чемпионы Александр Беляевті соңғы раунда айқын басымдықпен ұтып, КСРО чемпионы атанды. Өзбекстан астанасында Асылбектен басқа тағы 3 қазақ боксшысы, яғни Серік Қонақбаев пен Серік Нұрқазов және Кәрімжан Абдрахманов КСРО чемпиондары атанып, қазақтың төрт ұлы Лос-Анджелес олимпиадасының жолдамасын иеленгенмен, саясаттың кесірінен ол додаға қатыса алмады. Тап сол кезде қазақ жігіттерінің нағыз бабында тұрған шағы еді. Бірақ, тағдыр оларға олимпиада чемпионы атануды бұйыртпапты. Сөзімізге дәлел ретінде айтар болсақ, 1982 жылдың қазан айында Финляндияның Тампере қаласында өткен халықаралық турнирде Асылбектен оңбай таяқ жеп, жыларман күйге түскен, келесі 1983 жылы Тайландта өткен турнирде Қилымовтың соққысынан қашып жүріп, әрең жаны қалған кореялық Жун Суп Шин 75 келі салмақта Лос-Анджелес олимпиадасының чемпионы атанды. Тағы да бір кем дүние дейміз, басқа қолымыздан не келеді?
Қазақ баласының жойқын соққысын көрген ағылшындар сол кездегі ақшамен 1,5 миллион фунт стерлинг ұсынып, кәсіпқой боксқа шақырыпты. Ол кезде кәсіпқой боксқа кетпек түгілі, ол туралы ойлауға да болмайтын еді ғой.
1984 жылы Мәскеу қаласында атақты КСРО-АҚШ боксшыларының матчтық кездесуі өткені тарихтан белгілі. Аталған екі держава тек саясатта емес, спортта да бір-бірімен бәсекелес болады. 1982 жылы Мәскеуде өткен бірінші кездесуде 8:4 есебімен орыстар жеңіске жетсе, 1983 жылы Лас-Вегаста екі команда 6:6 болып тең түсті. Бұл жолғы жекпе-жекте екі жаққа да жеңіс ауадай қажет еді. Кеңес одағының намысын бұл матчта қазақтың 3 жігіті қорғады. Олар Серік Қонақбаев пен Серік Нұрқазов және 19 жасар Асылбек Қилымов. Оның қарсыласы атақты Майкл Гроган – АҚШ-тың қатарынан үш дүркін (1981, 1982, 1983 ж.ж.) чемпионы, жасы 28-де, әуесқой рингте 129 рет жекпе-жек өткізіп, оның 115-ін жеңіспен аяқтаған мықты. Гроган 1981 жылы атақты Эвандер Холлифилдті жарыс жолынан тайдырса, 1982 жылы әйгілі А.Беляевті оңдырмай жеңген еді. Осындай атақты боксшыны біздің Асылбек шаршы алаңда бір соққымен етпетінен түсіреді. Әрең дегенде есін жиып, қайтадан көтерілген Гроган қазақ ұлының тағы бір соққысы дөп тигенде тәлтіректеп кетеді. Төрешіге амалсыз жарысты тоқтатуға тура келеді. Осы алапат айқастан кейін Майкл Гроган боксты тастап кетіпті және ұзақ уақыт емделген көрінеді.
Кеңес одағы кезінде қазақ спортшыларының қай-қайсысы да өте көп қиянат көрді. Соның ішінде Асылбек Қилымовтың көрген қиянаты ерекше болатын. Оның ұрған адамын құлататын әдетін керісінше бапкерлері қойдыруға тырысыпты.
«Кейін КСРО құрамасы сапында өнер көрсете бастағанда бапкерлердің кей қылықтарын түсіне алмай-ақ қойдым. Финляндияда өткен халықаралық турнирдегі бірінші жекпе-жекте қарсыласымды бірінші раундта-ақ нокаутқа жібердім. Құраманың бас жаттықтырушысы Артем­ Лавров маған ұрысты. «Неге жұдырықтаспайсың?» дейді. Екіншісінде нокаутқа түсірдім. Лавров тағы жер-жебіріме жетті. Үшінші жекпе-жегімде қашып-пысып жүріп алдым. Үзілісте Лавров мақтады. «Міне, осылай жұдырықтасу керек» деп қояды. Соңында оны да сылқ еткіздім. Лавров тағы ұрысты. Ал мен түсінбеймін. Неге мен өзімді басқаға ұрғызып қоюым керек?!» депті Асылбек ағамыз қазақ спорт журналистикасының дарабозы Қыдырбек Рысбекке берген бір сұхбатында күйініп.
Осындай әділетсіздікке шыдамаған ғасырда бір туатын талантты боксшы тым ерте, яғни 23 жасында қолғабын шегеге іліп, спорттан кетуге мәжбүр болады.
1991 жылы Серік Қонақбаев басқа қызметке ауысады да, еліміздің бокстан мемлекеттік жаттықтырушысы болып Асылбек Қилымов тағайындалады. Ол тізгін ұстаған кезде Қазақстан құрамасы КСРО халықтары спартакиадасында (1991) тұңғыш рет командалық есепте топ жарды. Болат Теміров, Қанатбек Шағатаев, Игорь Шишкин және Николай Кульпин жеңімпаз атанып, 27 жастағы Асылбек Қилымов Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағына қол жеткізді. Бүгінде бизнес саласында жүрген атақты боксшы қолынан келгенше боксқа қолдау көрсетіп отырады екен.
«Қазақтың күрзі жұдырығы» атанған Асылбек­ Қилымов туралы спорт журналистері көп жазды. Жоғарыда айтып өткен Қыдырбек Рысбек ағамыздан басқа Нұрғазы Сасаев та ол жөнінде қалам тербесе, Бекен Қайратұлының даңқты боксшы туралы жазған «Шойын жұдырық» атты мақаласы «Егемен Қазақстан» газетінің 2017 жылғы 8 тамыздағы санында жарық көрді. Ол туралы әлі де талай жазылары сөзсіз. Тіпті Асылбек Қилымов туралы көркем фильм түсірілсе, кітаптар жазылса қазіргі жастарға нағыз үлгі алатын дүниелер болар еді.

Назгүл Гизатованың фейсбук парақшасынан алынды
21 қыркүйек 2019 ж. 1 352 0