Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жетім кемпірді» көргенде...

«Жетім кемпірді» көргенде...

Сол күннен бері көзімді ашып-жұмған сайын сол бір бейне көз алдымнан да, көңілден де кетер емес. Қазақ десе жаны мен жүрегі қоса елжірейтін Герольд Бельгер­дің радиодан айтылған мына бір сөзі жанымды одан сайын толқытты. «Ол кездегі, біз секілді жер аударылып, пана іздеп келгендерді құшағына алып, бір көмбе нанды бөліп жеген, ая­дай ғана үйінің бір бұрышын паналатқан, бауырына басқан қазақтарды бүгінгі қазақ­тардың ішінен шам алып іздесең де таппайсың...» – депті ол кісі.
Сөйткен... қазақтың бү­гінгі тірлігі не болып барады?.. Құрбан айттың екінші күні белгілі бір кісілердің өтінішімен екі қарияға азық-түлік, қажетті тұрмыстың заттарымен барып шығуым керек-тін. Күнделікті тірліктен бас көтере алмай, айттан кейін барып шығуға тура келді. Бірі – сексеннен енді ғана асқан кейуана, ал екіншісі сексенге келіп қалған татар ұлтының өкілі. Екеуінің тірлігі аспан мен жердей, құрсағынан шыққан екі ұл мен бес қызы бар қазақтың қара кемпірінің шағын ғана жер үйінің ауласына танауыңызды жаппай кіру мүмкін емес.
Ызыңдаған шыбын-шіркейдің көзіне қонып, аузынан ұшып жатқаны белгісіз күйде отырған ананы көріп, жүрегіміз табанымызға түскендей күй кештік. Ойымыз онға, санамыз санға бөлінді. Бүгінгі қоғамды әділетсіздік қана емес, безбүйрек-мейірімсіздік те жайлап алғанына тағы да көз жеткізгендей болдық. Әйтпесе, ақ сүтін емген сегіздің бірі, ең болмаса бес қыздың біреуінің анасын осындай күйге түсіруге қалай ғана дәті барды екен деген ой жанымызды жегі құрттай жеді. Не болмаса, қарттар үйі бар емес пе еді?
Қазіргі кезде қарттар үйі мемлекеттік бюджет, мемлекеттік қамсыздандыруға алынған адамдардың зейнетақысы, заңды және жеке тұлғалардың қайырымдылық жарналары, Қызыл Крест пен Жарты Ай желісі бойынша көрсетілген ізгілік көмек, жеке құрылымдардың қаражаты есебінен қаржыландырылады екен. Қарттар үйінде тұратын бір адамның айлық шығыны орта есеппен 7500 теңгені құраса, оның екі жарым мыңы оның зейнетақысы есебінен өтелетін көрінеді. Ал коммуналдық қызмет көрсетуге, жөндеу жұмыстарына, тамаққа байланысты шығындардың көп бөлігі мемлекеттік бюджеттен қарастырылған. Тірліктің бәрін тек қана қаржыға тіреп қойған бүгінгі заманда бизнес көзіне айналған жекеменшік қарттар үйі де бар болып шықты.
Тіпті осындай мемлекеттік емес, жекеменшік қарттар үйін көбейтуді жоспарлаған желілер де желігіп тұрған тәрізді. Өйткені, онда қарияларға көрсетілетін қызмет ақысы күніне шамамен 3500 теңгеден басталатынын ескерсек, таза қалталы азаматтардың қариялары ғана тұратын көрінеді. Осылай «Бір аяғы төрде, бір аяғы көрде» тұрған қарттарымыз да бизнес көзіне, тауарға айналып отырған мына қоғамға, заманға не дерсіз?..
Бұл дегеніңіз, халқымыздың басына түскен қасірет қой! Азғындық емей немене? О заман да, бұ заманда ата-анасынан безген ұрпақтан ертеңгі еліміздің иесі, жеріміздің иесі шығады дегенге кім сенер?! «Ата-анаң жынды болса, байлап бақ» деген халықтық пәлсафа қайда қалды? Ресми деректерге сүйенсек, бейнетінің зейнетін көреміз бе деген шақта қарттар үйін паналайтын қарияларымыз осылай керексіз бола берсе, енді бірер жылда әлемдегі қарттар үйі көп елдің алдына түсіп кетуіміз де мүмкін екен. Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының дерегі бойынша, қаламызда екі Қарттар үйі бар. Оның бірінде – 290 ешкімі жоқ, жалғызбасты қариялар тұрады, оның 70-сі қазақ. Арнайы әлеуметтік тұрғынүй деп аталатын екіншісінде үй-жайы бар, бірақ оны ұстап тұруға мүмкіндіктері жоқ қариялар өздерінің үйлерін үкіметке өткізіп, сол жерден керегінше бір немесе екі бөлме алып, пәтер сынды пайдалана алады.
Бірақ өздерінің шама-шарқына қарай тірліктерін өздері жасайтындар. Оларға тек түскі ас қана мемлекет бюджетінен бөлінген қаржы есебінен төленеді екен. Ол жерде барлығы 49 адамның төртеуі ғана қазақтар екен. Сонымен қатар, өткен жылы Қарттар жылы деп аталғандықтан, қалада «Белсенді ұзақ өмір» атты үш орталық жұмыс істей бастаған. Биыл тағы да екі орталық ашылмақшы. Оның тұрғындары – қалалықтар, үй-жайы бар, балаларымен бірге тұратын қариялар. Қалаған кезде сол орталыққа барып, көңіл көтеріп, түрлі ойын-сауықтар ұйымдастырып, күні бойы өз уақыттарын көңілді өткізуге болады. Көңіл-күйдің өмір сүру салтымызға тікелей байланысты екенін ескерсек, бұл орталықтың қарттарымызға өмір сүру салтын өзгертіп, белсенділік танытуына бар жағдай жасалған. Еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасымыз Н.Назарбаев «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Егде жастағы жеті мыңнан астам адам қарттар үйінде өмір сүруде, ал олардың көбінің дені сау, табысты балалары бар. Қартайған ата-анасын тастап кету деген біздің дәстүрімізде жоқ, ата салтымызда болмаған.
Қоғам туған баласы мен ата-анасын тастап кету секілді әрекеттерді масқара құбылыс ретінде бағалауы тиіс» деген еді. Рас-ау, қатыгездікке бой алдырып, өмірге әкелген ата-анасына қасірет шектіруге қандай да бір пендеңіздің дәті қалай барар екен... Қаламыздың қаракөз қандастарымыз көп шоғырланған Алатау ауданына қарасты Өжет ауылында қазақтың осынау шүйкедей қара кемпіріне көңіл бөліп, қолғабыс етер бір қазақтың табылмағаны ма? «Көрші ақысы – тәңір хақысы» дегенді айтқан ата-бабалар өсиеті, аманаты қайда жоғалып барады... «Мен бір бейбақ жетім кемпірмін» деген әлгі ананың сөзі бізді осындай деректер жинауымызға әсер етті. Әлгі ұлдары мен қыздары қаламыздағы осындай қарттарға жасалынып жатқан қамқорлықтарды көрмей, білмей отыр дегенге де сенгіміз жоқ. Ұлдың қайырымсыздығын кейде келіннен іздеп жатамыз.
Ал қыздарына не жорық? Олардың күйеулері ше, ертең «Өгізге туған күн бұзауға да туарын» түйсінетін біреуі болмағаны ма? Анаға жоқ мейірім, өз балаларының әкесі күйеуіне де жаны жыли қоймайтыны белгілі емес пе. Соны олар да сезінбегені ме? Әйтпесе, бес қызы бес күнде кезек-кезек барып қарап, жуындырып-киіндіріп, ас-суын әзірлеп беріп отырса, дәл осындай күйге түспес еді ғой... Айдың-күннің аманында Анасын шыбын-шіркейге талатып қойғаны санамызға сияр емес...
Неміс ұлтының өкілі болып өмірге келіп, қазақ болып жер қойнына кеткен жазушы Герольд ағамыздың иманы жолдас болсын, әлгі сөзін жылап отырып айтқанын, жанары боталап отырып айтқанын сөз жоқ сезіндік, сендік. Қазақ жаратқаннан баланы не үшін тілейді, бар болмысын, алпыс екі тамырына қан жүгіре отырып ақ сүт бергенде, ол шаранадан не күтеді екен? Осынау безбүйрек-қатыгездіктің қазақты айналып өтетін күні туар ма, жоқ па...

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ
«Тúrkistan»

03 қыркүйек 2019 ж. 1 383 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (9193)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (9192)

09 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930