ТОҢАЗЫТҚЫШ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛУ КЕРЕК?
Тоңазытқыш кез келген ас үйде маңызды рөл атқарады. Өйткені денсаулығымызға маңызды азық-түліктің бұзылмай сақталуын осы тоңазытқыш қамтамасыз етеді. Тоңазытқыш жайлы барлық сұрақтарға сарапшы маман жауап береді.
Тоңазытқышты қалай таңдау керек? Таңдау кезінде асхананың көлеміне ме, әлде үйдегі адам санына негізделу керек пе?
Әрине, адам санын да, ас үй көлемін де ескеру керек. Отбасы мүшелерінің талғамына да көп нәрсе байланысты: қаншалықты жиі және қандай азық-түліктерді сатып алатынына. Егер дайын мұздатылған өнімдерді қаласа – онда мұздатқышы үлкен тоңазытқыш алғаны жөн. Дереу мұздату функциясы бар тоңазытқыштар көп мөлшердегі азық-түліктерді тез мұздатуға арналған. Температура дереу -30 С-қа дейін түсіп кетеді, бұл азық-түліктегі барлық дәрумендерді сақтауға мүмкіндік береді. Мұздату процесі аяқтала салысымен, дереу мұздату функциясы өшіп, мұздатқыш камера қалыпты режимде жұмысын жалғастырады, бұл қуатты үнемдеуге септігін тигізеді.
Қазіргі таңда мультизоналы тоңазытқыш тиімді болып тұр. Мұнда қажетті температураны өзің қоятындықтан ол тоңазытқыш ретінде де, мұздатқыш ретінде де жұмыс істейді.
Егер отбасы аптасына бір рет қана барып, молынан азық-түлік алып қоюды қаласа, онда тоңазытқыш таңдауда азық-түліктің балғындығын сақтайтын аймағының немесе нөлдік камералы аймағының болуына назар аудару керек. Онда мұздатуды қажет етпейтін ет, балық, сүт өнімдері мен т.б. тез бұзылатын өнімдерді сақтауға қолайлы. Бұл аймақта тұрғылықты температура – 0 С-тен +3 С-ке дейін, демек азық-түліктің органолептикалық қасиеті өзгермейді, бұл бірнеше күн бойы азық-түлікті сол қалпында сақтайды.
Егер тоңазытқыш сатып алушы белсенді өмір сүрсе және әрдайым іс-сапарда немесе қандай да бір себептермен үйде көп болмайтын болса, онда «Демалыс» функциясы бар тоңазытқыш жарайды. Бұл тоңазытқыш бөлімін өшіре тұруға мүмкіндік береді, яғни қуатты үнемдеуде аса маңызды, ал мұздатылған өнімдер сол қалпында сақталып тұрады.
Және, әрине, тоңазытқыш таңдағанда ас үйдің көлемін де ескеру керек: жүріп-тұруға кедергі келтірмей ме, есігі ыңғайлы ашыла ма, ішінен азық-түлік алу ыңғайлы ма және т.б. Жалпы ас үйде техника «үштік» үлгісі бойынша орналасқаны дұрыс: тоңазытқыш – ыдыс жуғыш – плита.
Егер тоңазытқыш гүрілдеп тұрса не істеу керек?
Бұл тоңазытқыштың дұрыс орнатылмауынан болуы мүмкін. Ішіндегі сөрелер мен оған қойылған азық-түлік дірілінен сондай дыбыс шығады. Мәселені шешу үшін тоңазытқыштың аяқтарын дұрыстау қажет. Жеке тұрған тоңазытқыш сонымен қатар қабырғаға немесе жиһазға тиіп тұрмау керек.
Тоңазытқыш таңдағанда оның гүрілдеу-гүрілдемеуін қалай білуге болады?
Тоңазытқыштың діріл деңгейі әрқашан оның сайттағы сипаттамасында және өндіруші каталогында көрсетіледі. Ол пайдаланылатын компрессор мен гүріл реттеу материалдарына байланысты. Жақсы тоңазытқыштардың үлгісіне байланысты гүріл деңгейі 37-ден 42 дБ-ге дейін жетеді. Салыстыру үшін: әңгімелесу – 45 децибелді құрайды.
Егер тоңазытқышты сырып алған болса не істеу керек?
Ереже бойынша, тоңазытқыштың сыртқы қабаты сырылмайтын материалдардан жасалады. Егер соған қарамастан сырылып қалса, онда эмальдалған тоңазытқышты қайта эмальдау қажет, ал егер есігі полимерден жасалған болса – қайта ысып жылтырату керек. Тоңазытқыш өндірушілері мен сервис орталықтары мұндай қызметтерді атқармайды, өйткені сырылып қалу кепілдік жағдайға жатпайды.
Кейбір азық-түліктерді тоңазытқышқа салар алдында қаптау керек деген рас па?
Қапталмаған өнімдердің барлығын қаптап салған жөн. Біріншіден, бұл тоңазытқыштың тазалығы үшін маңызды. Иісі қатты шығатын тағамдарды да қаптау қажет. Ірімшікті қаптамай салса, иісі шығып қана қоймай, тез кеуіп кетеді. Жалпы қаптама өнімнің тез кебуінің алдын алады.
Кейбір азық-түліктерді тоңазытқышта сақтамау керек деп жатады (мысалы, картопты). Бұл рас па және неге?
Шынымен, кейбір азық-түліктерді тоңазытқышта сақтау дұрыс емес. Мысалы, нан тоңазытқыштағы барлық иісті сіңіріп алады, ал жоғары ылғалдылықтан көгеріп кетуі мүмкін. Тоңазытқыштағы картоп дәм татып кетеді, өйткені +7 С және одан төмен градуста ондағы крахмал қантқа айнала бастайды. Қызанақты да тоңазытқышта сақтамау керек: олар жылы жерді жақсы көреді және тоңазытқышта дәмі өзгере бастайды. Пияз да тоңазытқыштағы жоғары ылғалдылықтан тез бүлінеді. Банан, ананас пен қауын суықтан қорқады, сол себепті оларды да тоңазытқышқа салмау керек.
http://reactor.inform.kz