Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар жылы: 10 бағыт бойынша жұмыс атқарады

Жастар жылы: 10 бағыт бойынша жұмыс атқарады


Өткен жылы Елбасы халыққа арнаған Жолдауында жастарға ерекше көңіл бөліп, биылғы жылды жастар жылы деп жариялау керектігін атап өтті. Осы орайда, біз аудандық жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Біржан бақтыбайұлымен сұқбаттасып, шиелілік қыз-жігіттердің жағдайын, сондай-ақ, жаппай құрылып жатқан жастар кеңесінің атқарып жатқан жұмысы туралы білген едік. Белсенді топтардың жай-күйі мен алдағы жоспарлар да әңгіме өзегіне айналды.
– Алдымен, шиелілік жастың портретін жасасақ. Қоғамның бас­ты қозғаушы күші негізінен қай салада тер төгіп жүр?
– Өңірімізде мемлекеттік жастар саясатын тиімді жүзеге асыру мақсатында кешенді жұмыстар атқарылуда. Жалпы өңірде жастардың ахуалы тұрақты сипатталады. Әлеуметтік зерттеудің нәтижесіде аудан жастарының 85 проценті өмірлік жоспарының жүзеге асырылатынына сенімділікпен қарайтындығын білдірген. Бұл дегеніміз ауданда креативті, белсенді жастар басым деген сөз.
Қазіргі таңда заман талабына сәйкес техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары. Өкініштісі, бұл салаға жастар көп бара бермейді. Біз ауыл шаруашылығы саласында маңдай терімен еңбек етіп, адал жұмыс жасап жүрген жастарды насихаттауымыз керек. Себебі осы салаға жастар бара бермейді.
«Жастар жылының» салтанатты ашылуына барлық өңірден ауыл шаруашылығы саласындағы жұмысшы жастар шақырылды. Мұның өзі қарапайым еңбек адамдарына, оның ішінде ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне деген Мемлекет басшысының қолдауы деп бағалаймыз.
– Көптеген мекемелерде жастар комитеті жұмыс жасап жатыр. Олардың жастардың құқығын қорғауда маңызы қандай? Жалпы, бұл ұйымдарға шағым айтып, көмек сұрап келген жас мамандар кездесті ме?
– Бүгінде Шиелі ауданы бойынша 2015 жылдан бастап 5 жас­тар комитеті жұмыс жасайды. Комитеттің құрылудағы негізгі мақсаты – еліміздегі жастардың патриотизмін, шығармашылығын дамыту, қоғамдық ұйымдарымен бірлесе отырып, жұмыс жасау болып табылады.
Біз – өз кезегінде аталмыш ұйымдармен тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Комитет мүшелері ауданның мәдени-көпшілік шараларына үнемі белсенді қатысып отырады. Жалпы, бұған дейін бұл ұйымдарға шағым айтып, көмек сұрап келген жас мамандар кездескен жоқ.
– Түсінікті, Шиеліде тағы бір белсенді топ – еріктілердің бар екенін білеміз. «Жастар жылының» ресми ашылуында Елбасының өзі ерікті жастарға ерекше тоқталды. Біздің өңірде олардың қызметі қандай деңгейде?
– 2017 жылдан бастап аудандық «Жастар ресурстық орталығы» жанынан «Достар әлемі» еріктілер жасағы жұмыс жасап келеді. Құрамында 400-ден астам мүшесі бар. Барлығы дерлік белсенді жастар. Ол жастарға келгенде сөйлеу мәдениеті, көшбасшылық қабілет, шешен сөйлеу, ұйымдастырушылық қабілеттерін дамытуға көмек береміз. Еріктілер жасағы аудандағы жалғызбасты қарттардың ауласын тазартуға атсалысып отырады. Аудан көлемінде ұйымдастырылатын көптеген шараларға белсенді түрде араласатын да солар. Еріктілер жастар орталығына әр сәрсенбі күні жиналуды дәстүрге айналдырған. Онда жастар түрлі ұсыныс-пікірлер айтып, ой алмасып отырады.
– «Демалыс күндері баратын жер таппаймыз», «жастардың сейіл құрып, уақытын көңілді өткізуі үшін ешқандай орталық жоқ» дейтіндер аз емес. Бұл пікірмен келісесіз бе?
– Бұл жаңсақ пікір. Тек қана белсенділік, ниет керек. Аудан жастарының бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында кентте 2 спорт кешені, орталық алаң, көптеген скверлер салынуда. Сонымен қатар, аудандық кітапхана жанынан «Самғау» коворкинг орталығы жұмыс жасайды. Орталықта караокемен ән айтуға, тегін ғаламтор пайдалануға, ыстық шәй ішуге болады. Жас­тар жылында аудан жастары мен жастар ұйымдарының басын қосатын «Жас­тар сарайы» салынады деп жоспарлануда. Осы сарай салынған жағдайда жастардың емін еркін кіріп шығуы үшін ішінде би залы, жаттығу залы, кіші кинозал орналастыру ойымызда бар.
– «Жастар жылында» аудан жастарын қандай жаңалықтар күтіп тұр? Жоспарыңызбен бөліссеңіз.
– Қазіргі таңда ауданда «Жастар жылын» атап өту жөнінде біршама жұмыстар атқарылуда. Арнайы жоспар облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемовтің келісімімен аудан әкімі Ә.Оразбекұлымен бекітілді. Соған сәйкес 10 бағыт бойынша жұмыстар атқарылатын болады. Олар – жастарды нәтижелі жұмыспен қамту, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру, өңірге қажетті мамандықтарға әлеуметтік көмек көрсету, қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралақ спортты дамыту, жастарды еңбекке ынталандыру, жастарды жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту үшін жағдай жасау, қаржы сауаттылығын арттыру және жастар арасында кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін жағдай жасау, жастар үшін қолжетімді тұрғын үй жүйесін дамыту және жас отбасыларды қолдау. Сонымен қатар, қоғамдық пікір көшбасшыларын, блогерлерді, вайнерлерді мемлекеттік жастар саясатын жария етуге кеңінен тарту сынды ауқымды шаралар қамтылады.
Қазіргі таңда ауданда «Жастар жылының» ашылуы жөнінде жастардан тың идеялар жинақталып, қай жерде өткізетінімізді ақылдасу үстіндеміз. Облыс әкімінің қатысуымен облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы наурыз айында ауданда өтуі жоспарлануда. Тамыз айында аудан жастарының лагері ұйымдастырылады. Тұңғыш рет аудан жас ұстаздарының форумы өтеді. Республикалық деңгейде жастар арасында бокстан және облыстық деңгейде таэквондодан турнирлер өткізіледі. Жұмыссыз жастар арасында «Көкпар-2019» жарыс өтеді. NEET санатындағы жастармен әлеуметтік жұмыстың жаңа технологиялары бойынша семинар-тренинг ұйымдастырмақшымыз. Тамыз айында Бәйгеқұм ауылында облыстық жастар кәсіпкерлер слетін өткізу жоспарланып отыр.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет! Ауданда «Жастар жылының» жоғары деңгейде өтуіне тілекшіміз.


Сұхбаттасқан
Гүлхан ЯХИЯ.
05 ақпан 2019 ж. 1 272 0