Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалаңаштану немесе жұлдыз ауруы жұқпалы ма?

Жалаңаштану немесе жұлдыз ауруы жұқпалы ма?


Тамыз айының орта тұсы. Алғашқы қоңырауға санаулы күндер қалған. Жаз бойы жырымшылап жинағанын жаратуға келген ата-аналар қаз секілді балаларымен тізбектеліп, мектепке қажетті киім-кешегін, құрал-жабдықтарын алуда. Күн де ыстық. Түскі үзіліске шыққан біз ауылға қарай бет алып, ГАЗельге асыға жайғастық. Мұнда да ата-аналар. Не алғанын, қаншаға алғанын әңгімелеуде. Бұрынғы мен бүгінді салыстырып, сараптап жатыр өздерінше. Сонда біреуі: «Қазіргі жастар біз секілді дейсің бе? Айтқанымды алмады. Қызыма тізеден төмен белдемше ал десем, ақыры қысқасын алды. Бірақ, заман сондай ғой. Жас кезде жастарша жүру керек. Қызымның айтқаны да дұрыс», – деп сөзін тәмамдады.
Иә, бұрындары жартылай жалаңаш қыздарды шетелдің фильмдерінен көріп, жағамызды ұстайтынбыз. Ал, бүгін ғаламтордың арқасында бұл көрініс үйреншікті бейнеге айналғандай. Бір өкініштісі, киім шешуден шетелді шаң қаптырдық. Қазір, өзгелерден гөрі қазақтың қара көз қыздарын жиі жолықтыратын халге жеттік.
Жұлдыз ауруын жұқтырып, танымалдылықты таңдағандар көбейді арамызда. Ән айтатын дауысы жоқ, оқиын десе өлең білмейді. Шарасыздықтан миы шайқалғандар не істесін? Киімін шешіп, тәнімен танылуды қолға алды. Мейлі, экранның арғы бетінде кім не істемей жатыр? Жалаңаштану да жаңалық болмай, аяғы ұлттық сәукелемізге келіп жетті. Айжан Байзақованың жолын қуған жамбылдық Шырын Наршаева бәрін қойып, ұлттық киімімізді масқаралады. Тіпті, ортаңғы саусағын шошитып, қолдарыңнан не келеді дегендей сыңай танытты.
Шешінудің алғашқы жемісін өткен жылы тамашаладық. Тағы да сол әлеуметтік желіде әпкелеріне еліктеген оқушы қыздардың шешінгені көпшілікке тарап кетті. Мұнымен қоса, айнаға қарап, мүсінін түсіретіндер мен кеудесін ашқандар да көбейді.
Ол аздай, жалаңаштанған қыздарды теле­бағдар­ламаларға шақырып, жұлдызбен сұқбат­тасқандай кездесулер де өтуде. Тентекті тыюдың орнына жарнамалауға тырысып жатқандаймыз кейде. Көкпар шабатын еркек таппай жүрген Зәмира сараптамалық бағдарламада ұрыс шығарып, ойын ортаға салғанда, кімнің ақылын тыңдап отырмыз деген ойға келесің еріксіз.
Бұл тек қазақстандықтарды ойландырып отырған тақырып емес. Басқа елдер осындай олқылықтармен күресуді қолға алып та үлгеріпті. Себебі, ғалымдар сұлу қыздардың суретіне көп қарау түрлі ауруларды алып келетінін айтқан. Олардың ойынша киімсіз сұлу тәнді тамашалау еркек кіндікке қай жағынан қарағанда зиян көрінеді. Ұятсыз суреттерге қарайтын еркектер сезімталдығынан айырылады, яғни, еркектік қабілеті төмендейді. Сол себепті әйеліне деген көз қарасы өзгеріп, ажырасуға дейін алып баруы әбден мүмкін көрінеді.
Берлин университетінің ғалымы Симона Кун жалаңаш әйелді ғаламтордан көп тамашалаған жігіттің миы толығымен бұзылатынын мәлімдеген. Ер адамның ми жүйесі өзгеріске ұшырап, соның нәтижесінде есте сақтау қабілетіне де орасан нұқсан келеді екен. Сонымен қатар, осындай олқылықтардың алдын алу мақсатында америкалық ғалымдар темекі шегуге, мас күйінде көлік айдауға тыйым салумен қатар, жалаңаш әйел тәнін көпшілікке көрсетуді тоқтатуды ұсыныпты. Осыны ел ағалары ескеріп, тыйым салуды қолға алса, «тоқта» дейтіндер жоқ шығар арамызда.
Жазушы Ғабит Мүсірепов «Қазаққа ар-ұят ең жоғары саналады» деген екен уақытында. Сол сөздердің ұрпақ бойында ғұмыр бойы сақталғаны және оның келер ұрпаққа да жетуі – баршамыз үшін қымбат қазына. Ұят бар жерде тәртіп бар. Тәртіп бар жерде бірлік бар. Бірлік бар жерде береке бар. Заман өзгермейді, адам өзгереді. Болашақ өз қолымызда.

Ерұлан Даткенов.
30 қаңтар 2019 ж. 1 080 0