Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық суретші қыста жалаңаяқ жүру арқылы ауруынан жазылды

Қызылордалық суретші қыста жалаңаяқ жүру арқылы ауруынан жазылды


ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Қарақұм ауылында тұратын суретші Абай Әбішев қыс мезгілінде жалаңаяқ жүретіндігімен жерлестерін таңғалдырып келеді. Оған қоса желең киініп, сергек жүргенді қалайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қылқалам шеберінің мұндай өмір сүру дағдысына көңіл бөлгеніне жиырма жылдай уақыт болған. Алғашқыда тамағы ауырып, әбден мазасы кеткен ол күндердің күнінде жалаңаяқ жүруге шешім қабылдайды. Тіпті, соның салдарынан төсек тартып жатып қалған уақыты да болған. Қыс мезгілінде қарда жалаңаяқ жүргенінен бастап сол ауруынан құлан-таза жазылып кетті. Тымаудың өзі тимейді екен. «Менің тамағым бозбалам күнімнен ауыратын. Тіпті, су ішкендей шөлім қанбайтын күйге түстім. Рас, оған мән бермей жүргенмін. Беріде ол мені көбірек мазалай бастады. Одан құтылудың жолын қарастыра бастадым. Жастайымнан кітап оқығанды жаным қалайды. Сондай күндердің бірінде кітаптан төмендегі дерекке көзім түсті. Онда «Адам суыққа шыдаса, көптеген аурудан айығады» деген сөз бар екен. Ойланып қалдым. Содан кейін жалаңаяқ жүруге көңіл бөліп келемін. Содан бері жиырма жылдан асты. Мен де өзімді мазалаған ауруымнан құтылдым. Әрине, гигиена тұрғысынан дұрыс емес шығар Үнемі жалаңаяқ жүрген дұрыс емес», - деді Абай Әбішев. Суретші Абай Әбішев ауылдан жырақ кеткен емес. Бір жылдары облыс орталығына барып, біраз уақыт жұмыс жасап келді. Дегенмен, туған топыраққа қайта оралды. Қазір ауылда өз шығармашылығын дамытуға көңіл бөліп келеді. Суретшінің қылқаламынан туған «Ақсақ киік», «Ғарыш ғаламаты», «Танкистер», «Жекпе-жек» секілді шығармалар көпшілік тарапынан жоғары бағасын алды. Оның әрбірі өз айшығымен, өз нақышымен ерекшеленеді. Қылқалам шебері суық ауа райына шыдамды. Жылы мезгілге аса шыдай бермейді. Жазда көлеңке жер іздейді екен.
inform.kz
27 қаңтар 2019 ж. 761 0