Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалған ақпарат: жарғанат ұясын жоқ етпесін

Жалған ақпарат: жарғанат ұясын жоқ етпесін

«Пәлен жерде алтын бар, іздеп барсаң бақыр жоқ» дейді қазақ. Шындығында, неге осы біз тез әрі жеңіл ақша тапқанды қалап тұрамыз. Жан қинамаудың амалы ма екен, әйтеуір, беліміз бүгілмей, маңдайымыз терлемей тездетіп молшылыққа қол жеткізгіміз келеді. Естеріңізде ме, қайсібір жылы осы әлемжеліде, «пәлен жерде «ЗИЛ» дейтұғын ескі тоңазытқышты қабылдап жатыр, өткізу құны да әжептәуір қымбат. Тоңазытқыштың нақ өзін тапсаң 5-10 мың АҚШ доллары арасында ақшаға қарық боласың» деген ақпарат тез тарап, жора-жолдас, тамыр-таныстың барлығы көне тоңазытқышты іздеп кетіп еді ғой. Тіпті, туған жеріне біраздан бері соқпай кеткен талай жан ауылына келіп, тумаларын аралап жатты сол уақытта. Тоңазытқыш тақырыбы таусыла бере, сыртында «СССР» деген жазуы бар он алтылық гір тасы да «хит» болды. Оған да аз ақша ұсынылмаған. Кейін мия тамыры, сұңғыла, ақбөкеннің мүйізін іздеп тау асып, дала кезгендер де қаншама. Жақында ғаламтордан жарғанаттың ұясын аламыз, бағасы пәлен мың теңге деген жаңалық жарқ ете қалды. Содан пендешілікке салып, бұл не қылған батпан құйрық деген оймен интернет желіні әрмен қарай шарлай жөнелген едік.Сөйтсек, жарғанат ұясын іздеу «операциясы» бізден бұрын көрші Өзбекстанда басталған екен. «Өзбекстандық табиғат қорғаушылар әлеуметтік желідегі алаяқтардың «мыңдаған долларға жарғанаттың ұясын сатып аламыз» дегеніне сеніп, осынау сүтқоректілердің өмір сүру ортасын жойып жіберу қаупі туындап отырғанына алаңдаулы» деп жазыпты ca-news.org. Онымен қоса, Өзбекстандағы әлеуметтік желілерде жарғанаттың ұясын өткізіп, 5-10 мың АҚШ доллары арасында табыс табуға болатыны жайлы қызу пікір-талас жүруде. Жарғанаттың ұясын тапқандар видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желіге салып жатыр. Ташкенттік «Живая планета» жануарларды қорғау қоғамының белсендісі Анастасия Ташилова сүтқоректілердің ұясына қатысты өзінің пікірін білдірген. Ол барша жұртты бұл өтірікке сенбеуге және табиғатты қорғауға шақырған. Оның сөзіне үңілсек, «осындай мәнсіз өтірік ақпаратқа сеніп, адамдар жарғанаттардың ұясын бұзып жатыр. Оларға сенбеңіздер, ол алаяқтардың ойлап тапқаны. Салдарынан сүтқоректілер зардап шегіп жатыр», – делінген. Ал, желі қолданушыларының кейбірі жарғанаттың ұясынан дәрі жасайтынын алға тартып жазған. Жалпы, жарғанаттар – еркін ұша алатын әлемдегі жалғыз ғана сүтқоректі. Ғылымда оның ұясын қатерлі ісікті емдейтін дәрі жасауға пайдаланатын ешбір дерек кездеспейтіндігін ғалымдар айтып отыр. Белгілі деректерге сүйенер болсақ, тек Гонконг қаласында жарғанат ұясынан сорпа дайындайтын мейрамхана бар екен. Сондай-ақ, Латын Америкасында жарғанаттың саңғырығынан тыңайтқыш жасалынатын көрінеді. Ал, википедия мәліметі Guano жарғанат саңғырығының бір келісі небәрі 1,5-3 АҚШ доллары тұратынын айтып отыр.
Иә, біз де елімізде енді ғана таралып жатқан осынау жалған ақпараттың алдын алуды жөн санадық. Жалпы осы тақылеттес өтірік жаңалықтарға имандай сеніп, оны іздеп жолға шығуды доғаратын уақыт жеткен секілді.


Е.Айтөреұлы.
13 қаңтар 2019 ж. 3 822 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (9265)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (9264).

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (9263)

13 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031