АҚША КЕЛЕР АҚЫЛҒА...
Адамның ең керемет қызықты уақытының бірі – студенттік шақта бір группалас құрбымның айтқан мына сөзі санама ой салды. «Қазіргі уақытта – ақшасыз алынбайтын қамал жоқ, барлық нәрсені ақшамен шешуге болады» – дейтін. Ойланып қарасам сөзінің жаны бар. Ақшаны жек көрмейтін адам жоқ, елдің көбі жақсы көреді. Тіпті, тілі шықпаған балаға дейін қолына ақша ұстатсаң, қуана жөнеледі. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деген тағы бар. Кезінде ата-бабамыз отбасының байлығы ретінде мал басын есептесе, қазір байлық ақшада болып тұр.
Осындайда Шортанбай ақынның «сауып ішер сүті жоқ, мініп көрер күші жоқ, ақша деген мал шықты» деген сөзі есіме түседі. Осы ақша қалай пайда болды, соған кішкене тоқталып өтсек. Біздің заманымызға дейін әлемде адамдар ақша ретінде әртүрлі тауарларды – астық, мал, қымбат тастар және металдарды пайдаланған екен. Ұзақ уақыт бойы ақша есебінде алтын және күміс жүрді. Қымбат металдардың физикалық қасиеттері (біртектілігі, мықтылығы, құндылығы) ақша атқаруға тиісті талаптарды толық ақтаған. Қызығы, ақша есебінде жүрген алтын және күмісті бөлуге болатын еді. Одан кейін алтын және күміс теңгелер пайда болды. Соңғы ғасырларда мұндай теңгелердің орнына қағаз ақша жүре бастады. Қағаз ақшаның құны алтынмен кепілденген. Олар алтынға да еркін айырбасталады.
Бүгінде сананы тұрмыс билеген заманға тап болдық. Барлық нәрсе ақшаға келіп тіреледі. Кейде ақша талай түйткілді мәселелерді шешеді. Қаржы тапшылығы қанша отбасын тығырыққа тірейді. Мәселен, қазір тойға, асқа, құдайыға, туған күнге барсаң бәріне ақша апарасың. Базарға барсаң, үй салуға, құрылыс бастауға, дәрігерге көріну, ем қабылдау, құжат тапсыру бәрі-бәрі ақшаға келіп тіреледі. Қаржы тапшылығы талайдың басын тасқа соғуда. Соқыр тиынның жоқтығы не аздығы талай үйдің шаңырағын ортасына түсірді. Көптеген отбасылар тұрмыстағы қиыншылықтарға шыдай бермей, екіге айырылып жатады. Балабақшаға барған балаға да ақша төлейсің, мектеп бітірген түлектерге де керегі ақша, ЖОО-на түсу, оны бітіріп келген соң жұмысқа орналасу ақшаға келіп тіреледі. Сонда ақшаға неге бәріміз сонша тәуелдіміз? Ақшаның тілі жоқ болғанымен, оның құдіреті күштірек.
Жасыратынымыз жоқ, тіпті, қылмыс болған жерде ақшамен шешіп кететін жағдайлар орын алады. Көлік апаты, заң бұзушылық орнаған жерлерде де айыппұл төлеп, тез құтылып кететіндерді естіп жатамыз. Көк қағазға құмарлығымыз сонша, кейде қызметін пайдаланып, пара алып, қызметінен босапты дегенді де құлағымыз шалып жатады. Ақшаға сұлулықты да сатып алуға болады. Сән салондарға барсаң, өзіңді танымастай етіп өзгертіп береді. Қас, кірпік, тырнақ, шаш бәрін-бәрін ақшамен өзгертуге болады. Бір парақ қағаз адамның бүкіл өмірін өзгертіп жібереді десек артық айтқанымыз емес. Шоу бизнесте де кімнің ақшасы көп, сол танымал болып шығады. Ақшаң көп болса, тіпті, әнші де бола аласың, кәсіпкер де боласың.
Қарапайым өмірден алынған мысал десек, көзін енді ғана ашқан, өмірге жаңа келген сәбиді перзентханадан алып шығарарда, нәрестені орап шыққан аяжанның қолына ақша ұстату керек деген қағида да бар, сонда сол көк қағаз шыр етіп келген сәбиге де қажет екен. Кез келген қуанышты хабарды жеткізген адамға сүйінші ретінде де ақша ұсынады. Ойлап қарасақ, ақшаның біздің өмірімізде алар орны зор. Теңге кез келген адамға керек, әрине. Сол үшін ол қадірлі. Айтайын дегенім, ақшаның құлы болмау керек. Ақша келеді, кетеді. Ақша жасау үшін адамға тез қимылдай білу қажет. Ақша сізге судай ағып келсін десеңіз оны әрдайым қозғалыста ұстаңыз. Бір жерде жатқанды емес, қозғалысты сүйеді. «Ақшаны ақша табады» деген терминді естен шығармау керек. Бір затты аларда осы зат маған керек пе, оны қалай, қайда жұмсаймын деген сұрақты қойған жөн. Ақшаны «қаралы күнге» емес, жақсылыққа деп жинаңыз. Ақшаны қайда жұмсап жатқаныңызға есеп беріңіз. Кейбір адамдар жақсы табыс тауып, байлығын көбейте алмайды. Бұдан келетін қорытынды, ақшаны яғни, байлықты жұмсау ол да біліктілікке жатады. Кейбір ақшасы аз адамдардың өзіне өзінің сенімі жоғалып, ісі кері кетеді. Ақша да сенімді адамды, батыл тірлік жасайтын адамды жақсы көреді. Жиған ақша сол жиған адамның құнынан асса, онда ол мінезінен көрініп тұрады. Байыған сайын қарапайым бол, өркөкірек, дөрекі мінез танытпа. Бір кісі айтып еді «Менің қалтамда ақша болса шапанымның жыртығы білінбейді» деп. Алдыңда ас тұрғанда қарныңның ашқаны уайым болмайды. Сол ас жоқ болса, қарның ашқаны екі-үш есе мазаңды алады. Сол секілді ақшаның буы, ақшаның тылсым құдіреті болады. Сондықтан, бет алды шашпай, ақылмен жұмсап, оған құрметпен қараған жөн. Ол да сыйлағанды сыйлайды.
АЙНҰР МОЛДАХМЕТҚЫЗЫ.