Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегімен елеулі

Еңбегімен елеулі


Жұрттың бәрі еңбек етіп, зейнеткер атанады. Бірақ, еңбектің де еңбегі бар. Артында із қалдырар пайдалы еңбек болса, ұялмай мақтан етуге болады. Біреулер мен өйткенмін, жасымда бүйткенмін деп лепіріп жатады. Мүтәліп аға ондай кісі емес. Ішімдегіні тап дегендей тым-тырыс. Аз сөйлейді, көп тыңдайды. Түртпектеп сөзге тартсаң «біз туасы момын халықпыз ғой» дейді де қояды. Ол кісінің Шиелі ауданына сіңірген еңбегін өзі айтпаса, біз айтуға тырысып көрейік.
Мәкең не атқарды? Туған жеріне не істеді? Еліне қандай көмек жасады? 1976 жылы одақтық «Главрисстрой» басқармасының басқарушысы Э.Гукасовтың бұйрығымен Шиелі кентінде арнайы құрылған «СПМК-9» құрылыс мекемесіне, Жетісайда орналасқан «Казголстепводстрой» тресінің басшысы А.Мұсабаевтың бұйрығы бойынша бастық болып тағайындалады. Ол кездің тәртібімен Қызылорда облысы партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімовтың келісімін алып, Шиелі ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы Орынбасар Бәйімбетов пен аудандық атқару комитетінің председателі Әзімхан Исмаиловтардың алдынан өтіп, ақыл-кеңестерін тыңдайды. Басында бұл арнайы мекеме Қызылорда облысына жіберіледі. Аудан басшыларымен ақылдасқан М.Жантөреев, жаңа мекеменің техникалық базасын сылтауратып, сондай-ақ, туған жердің сорланып жатқанына жаны ашып, мекемесін Жетісайдан бірден Шиеліге көшіріп әкеледі. Тарап кеткен «ПМК-59» мекемесінің ескі ғимаратын қалыпқа келтіріп, екінші қабат көтеріп, «СПМК-9» мекемесі Ленин атындағы көше бойына жайғасады. Мәкең соқтырған әсем ғимарат қазіргі М.Шоқай көшесінің сәніне айналып, әлі тұр. Ол жерде бүгінде аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерді тіркеу бөлімі орналасқан. Осы құрылысты жүргізгенде жер асты суының жоғары болуынан ауыр техникалар «КРАЗ», «КАМАЗ»-дар мекеме ауласында-ақ батып қала береді екен. Амалсыз база ішін түгелдей бетондап тастауға тура келген. Бұл «СПМК-9» мекемесі инженерлік жүйеге келтірілген тұзданған егістік жерлерді, сол кездегі қайта қалпына келтіруді, тік дренажар орнату арқылы гидромелиоративтік әдістерімен тікелей айналысатын болып құрылған. Оның Шиелі ауданының орталығынан жаңадан ұйымдастырылуына М.Жантөреевтің себеп болғаны сөзсіз еді. Бірінші, Шиелі ауданының тумасы болғандығы. Екінші, басшылар оны су құрылысы және сол құрылысты пайдалануды ұйымдастыра алатын маман ретінде таңдағаны. Үшінші, бұндай күрделі құрылысты басқаруға сенім артқан басшылардың оның да талап-тілектерін орындағаны. Әйтпесе, мына шеті Жетісай, ана шеті Арал ауданына дейін қызмет көрсететін «СПМК-9-дың» төменгі аудандардың бірінен орын тебетіндігі айқын болғандығын Мәкең бас ишаратымен ғана мақұлдады. Басшылар басқа адамды таңдағанда бұл мекеменің қайда барарын кім білген? Тік дренаждарды салу және оларды пайдалану жұмыстары Шиелі ауданынан басталады. Техника тілінде дренажарық, труба арқылы суды ағызып, жерді құрғату. Ал, медицина терминінде жараның іріңін түтік арқылы сорып шығару екен. Қысқа түсінігі осылай. Тік дренаждарды әрі салып, әрі жүргізіп, жер асты тұзды суларды сыртқа шығарып, екі жұмысты қоса атқарады. Сол жылдары Шиелі кентінде жер асты сулары жоғары көтеріліп кетуіне байланысты жерді сор басып, ыза қаптап, егілген жеміс ағаштары, көкөністер қурап, есік алды жерлерден көлшіктер пайда болып, кейбір үйлерді су басып, құлап қалу қаупі туындаған болатын. Сол кезде Қазантаев тұйығының тұрғыны болған досымның үй еденінен су шығып жатқанын көріп, «Астыңнан су шықса қайтер едің?» деген мақаламды осы саланың маманы Мүтәліп ағамен ақылдаса отырып жазған едім. Досым ол жерден көшіп, Абылайхан көшесі бойынан қарағайдай үй салып алып, ыза судан құтылғаны бар. «Жолы болар жігіттің алдынан шығар жеңгесі» демекші, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Шиелі ауданы бойынша депутаты болған Шәңгерей Жәнібековпен аудан сайлаушыларының кездесуі өтеді. Осыған мұқият дайындалған М.Жантөреев Алматыдан келген мәртебелі депутат алдында сөйлеп, Шиелі кентінің жағдайын айтып, республикалық бюджеттен қаражат сұрайды. Ол кісі өтінішті орындап, аудан орталығына 9 тік дренаж салуға қаражат бөліп, ол жұмысты «СПМК-9» ұжымы орындап, жер асты суларын төмендетуге қол жеткізеді. Бұл уақытта М.Жәнібеков Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүрген жоғары лауазымды мемлекет қайраткері болатын. Осыдан кейін Шиелі тұрғындары жер учаскелерін пайдаланып, есік алдын көгерте бастайды. Жеміс ағаштары жайқала өсіп, балалар алма, жүзім, шие, өріктерді қорадан үзіп жейтін болды. Ең алғашқы дренаж сол кездегі «Жеміс-жидек» (Алмалы) совхозының директоры Марат Әбішевтің сұрауы бойынша сондағы алма бағына жасалады. Алма ағаштары гүлдеп тұрып, қурай бастайды екен. Дренаждың арқасында сол жылы совхоз алманың астында қалады. Аудан басшыларының да оған көздері жетіп, сұрау да, тапсырмалар да көбейеді. «СПМК-9» осындай өтінішпен «Гигант» және Жақаев атындағы колхоздардың орталықтарынан халықтың ауызсуы үшін скважина қазып береді. Сөзге сараң ағамыз осы арада әңгімеге араласып қалды. – Біздің мекеме аудан көлемінде бірінші болып қазіргі М.Шоқай көшесіне көше жарығын жүргізді. Көшені асфальттадық, көшенің екі бетіне тротуар салдық. Мекемені қоршалап, айналасын көркейтіп ағаш ектік, гүл өсірдік, көше бойы арығына темір-бетон лотоктар қойдық. Екі қабат ғимарат кейін аудан халқының емханасына айналды. Сонымен қатар, кент орталығынан мекеме жұмысшылары үшін екі пәтерлі төрт үй салынып берілді. Облыс көлемінде 250-ден астам тік дренаж қазылып, оны пайдалану жұмыстары қоса атқарылып отырды. Қызылорда қаласының ішінен 5 тік дренаж қазылып және Сырдария өзенінің қала жағын бойлай 24 скважина қазылып, олар ауызсу және жер асты суын төмендету үшін пайдаланып келді. Арал, Қазалы аудандары үшін ауыз сумен қамтамасыз ететін «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырының 8 скважинасын қазып, Аралға су бердік. Осының бәрі айтуға ғана оңай. Ол кездегі қызметкерлер мен жұмысшыларға қазір таңқаламын. Күннің атысы мен батысына дейін ың-шыңсыз еңбек ететін. Бүгін Аралға барасың десек, «жарайды» деп кете беретін. Менің айналамды іскер, еңбекке етене жақын азаматтар болды. Мысалы, механик Әһи Төлеуов, экономист Жаңабай Құдайбергенов, скважина пайдалану бөлімінің меңгерушісі Спабек Жүсіпбеков, Жетісай-Арал аралын шаңдатқан «ЗИЛ-130» автокөлігінің жүргізушісі, озат шопыр Сейітбек Әлімбетов, краншы Мейірбек Ибаділдаев, ассенизатор көлігінің жүргізушісі Құрманәлі Нұрмағанбетовтер үнемі мекеменің мақтаныштары болып жүрді.
Аудан басшылары 1986 жылы мені №31 жылжымалы механикаландырылған колоннаға басшылық жасауды қажет деп шешіпті. 1987 жылдан бастап «ПМК-9» және №31 ПМК-ларын қосып, жұмыс атқардық. Телікөл совхозы, Гигант, Жақаев, Ленин колхоздарының егістік жерлерін 1850 гектар көлемінде инженерлік пайдалануға келтірдік. «Қамыстықақ» каналы қайта қазылып, гидротехникалық құрылыстар жаңадан салынды. Кентте жұмысшылар үшін 18 пәтерлік екі үй тұрғызылып, пайдалануға берілді. «ПМК» жұмысына бар күш-жігерімді, білімімді аямадым.Сыртта көп жүргесін бе, туған жерге деген ынтызарым, сағынышым көпке дейін басылмады. Сөйтіп жүргенде Қызылорда облыстық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының сұранысы бойынша 1998 жылы мені Шиелі аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесіне (комхоз) бастық етіп ауыстырды. Сол жылдарда кент ішіндегі барлық коммуналдық нысандарды аяқсу, ауызсу жүйелерін, 15 қазандықты, жылу құбырларын, санитарлық-тазалық жұмыстарын, көшелерін, 45-тен астам коммуналдық үйлерді, орталық моншаны, қонақ үйін, көше жарығын пайдалану жұмыстарын біз атқаратынбыз. Осылай мекеме көпсалалы коммуналдық шаруашылық болып қайта құрылды. 1989-1991 жылдары кент ішіндегі көп жылдардан бері дүре тимеген 90-нан астам көшесіне құм, тас аралас құм төсеу арқылы күрделі жөндеуден өткіздік. Аудан бойынша жыл аяғында игерілмей қалған бюджет қаражаты кентішілік жолдарына қайта бөлініп, орасан жұмыстар жүргізілді. Көше бойына жарық беру әрекеттері басталды. Жолға су себу, күл-қоқыс шығару, тазалық жұмыстары қолға алынды. Ескірген монша үйіне сауна орналастырып, душтар орнаттық, түгелдей жөндеуден өткіздік. Кент ішіндегі мекемелердің тоқтап қалған 4 скважинасын жөндеп, барлығы 9 скважина кент тұрғындарына тоқтаусыз ауызсуын қамтамасыз етіп тұрды. 1991 жылы «Жиделі» топтық су құбырын іске қосу мәселесі көтеріліп, оған кент құбырын қосу үшін жаңадан су құбыры қазылып жалғау жұмыстарын орындадық. «Жиделі» су құбырын пайдалану жұмыстары бізге беріліп, оған жалғанған ауылдарға су бере бастадық. Шиелінің ішкі су құбырларының 100 пайыз тозуына байланысты, мекемеге республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, көптеген іс тындырылды. 1997 жылдан бастап коммуналдық шаруашылықтың қайта құрылуына орай, Шиелі кенті ауызсу жүйесін сенімдік басқаруға беріп, оны жақсы басқарғаным үшін сатып алып, жекеменшік ретінде жұмыс істеуіме рұқсат берді.
Сол жылы «Ақбұлақ-2» ЖШС-ін құрдық, дүрдей кәсіпкер болып шыға келдім. Бірақ, пайдамнан зия­­ным көп болды деген Мүтәліп Жантөреев ағамыз оған өкінбейтіндігін айтып, буланған көзілдірігін қолына алып, сүртуге кірісті. Қоғамшыл, ізетшіл, кісілігі жоқ ағамыз кейінгі жылдары кент ішілік жаңа ауызсу құбырларының көшелерде орналасу сызбасының жобасын жасауға көмектеседі. Кешегі қиын кезеңде Шиелі кенті мен Бидайкөл ауылы тұрғындарына коммуналдық қызметтерді тоқтатып алмай, әсіресе, ауызсудан тарықтырмай, асқан адамгершілік, ізгілікті іс атқарады. Адамға деген жанашырлық пен жауапкершілікті биік қояды. Сол жылдары ауызсу ақысын ай сайын тұрғындардың 50-55 пайызы ғана төлеп, «Ақбұлақ-2» ЖШС-не тоқсан сайын 1,5-2,0 миллион шығын шегіп отырған. Зиянды мемлекет емес, жекеменшік кәсіпорны өз мойнына алып келген. Осындай жағдаймен 18 жыл бойы Шиелі және Бидайкөл тұрғындарын ауызсумен тегін қамтамасыз етіп келсе, бұл тұрмысы төмен отбасылардың бірнеше ондаған миллион теңге көрген жәрдемі деуге болатын шығар. Ол – анау-мынау адамның қолынан келе бермейтін үлкен қайырымдылық іс деуге әбден болады. Бес жасында әкесі Жантөре Дауылбаев Ұлы Отан соғысына аттанып, 1942 жылы Сталинград майданында ерлікпен қаза тауып, елге оралмады. Әкесіз өскен Мәкең үй ішіне де, достарына да, қызметкерлеріне де, айналасына да мейірімді болды. Жоққа қолын созды, жоғары жақтан бойына мәрттікті сіңірді. Отан соғысында қайтыс болған жауынгердің өмір бойы жесірі болып өткен анасы Бибігүл колхозшы болып, жалғыз баласын ешкімнен кем қылмады. Жаңа тәрбие берді, оқытты, тоқытты. Ұлы Абай «Адам баласын заман өсіреді кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі «виноват» депті. Сондай-ақ, білгеніміздей, өзі айтқандай Мәкең де оның замандастары да кінәден гөрі аса зор жауапкершілік жүгін арқалағандай. Құдай қосқан серігі, өмірлік жан-жары Оңдасын Жантөреева – Алтын алқалы батыр ана.
Айтпақшы, мен Жарылқасын Тұрабаевтай әкімнің іскерлігі мен тапқырлығына тәнті болдым. «Мәке, ақшасы болмаса, заттай ала беріңіз, ауызсу ақысын. Жұмысшыларыңызға еңбек ақысына таратып жібересіз. Қиын кез ғой, жоқтарға құдайы деп қоя салыңыз. Өзіңізге сауабы тиеді» деп сөз табатын. «Комхозда» 30-40 адам істейді екен, көп сала бізге жүктелгенде 150 адамды жұмыспен қамтыдық. Елден су ақысын жинаушы Ким Светлана, есепші Айман Шәймерденова, бас инженер Қияс Елшібеков, учаске бастығы Марат Бәкіровтер осы уақытта ерлік жасады десемде болады, айта берсек әңгіме көп қой деп кідірді ауданның зиялы ақсақалы.

Сәкен Бәкіров.
25 желтоқсан 2018 ж. 1 018 0