Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар психологиясындағы дағдарысты қалай жеңуге болады?

Жастар психологиясындағы дағдарысты қалай жеңуге болады?

«Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры» дейді халқымыз. Әр ата-ана күндіз-түні өмірге әкелген ұл-қызының тілеуін тілейді. Оларға бар жақсылықты көрсету үшін шаршағанын ескермей жұмыс істейді. «Перзентімнің көйлегі көк, қарыны тоқ болсын» деп жүріп, тіпті, сол балаларына арнайы уақыт бөліп, сырласуды ұмыт қалдыратындары да аз емес. Балаға аз көңіл бөлудің, санасына достық сәулесін түсіре алмаудың салдарынан баласымен қарым-қатынасы алшақтап кеткенін кеш байқау – ата-ананың басты қателігі.
Өтпелі кезеңде балалардың мінезінде аздап ауытқушылықтар, өзгерістер орын алады. Ғаламтордағы қисынды-қисынсыз мәліметтерге сенеді, соның салдарынан түрлі келеңсіздіктер орын алады. Қыз балалар да көп жағдайда шалыс басқан қадамын ата-анасынан жасырады. Қайда барарын, кімге ақтарыларын білмейді. Күйзеліске ұшырайды. Тереңге бойламай өзіне және өзгелерге қиянат жасауға мәжбүр болады. Қиындықтан шығудың жолын өз бетінше іздейді. Ол жолдың бірі – заңсыз әрекет жасауға итермелесе, екінші әрі дұрыс жолы – психолог кеңесіне жүгіну. Демалыс кездерінде әр ата-ана балаларына қамқорлық танытып, ақылын айтып, сырласуға уақыты болмаса осы психологиялық орталықтың көмегін пайдалануға кеңес бергені дұрыс. Кей ата-ана «менің балам психологқа бармайды! Ол – ауру емес!» – деп шамданып қалады. Алайда, қазіргі уақытта психолог кеңесіне жүгінетіндер көбейді. Бұл бізді қуантады. Психолог ретінде біз ешкімге «былай жаса» деп кеңес бермейміз. Сұрақ қоя отырып, қай жерде қателік жібергенін немесе қателесуі мүмкін екенін түсінуге мүмкіндік жасаймыз. Көмек ақысыз көрсетіледі және қызмет анонимді түрде жүргізіледі.

Арай Базарбаева,
аудандық емхана психологы.
23 желтоқсан 2018 ж. 760 0