Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Күліп жүрген жанға қиындық жоламайды

Күліп жүрген жанға қиындық жоламайды

Баяғыда үлкен қызым Шұға: «Мама, сенің үнемі қабағың түйіліп тұрады, күліп жүрші», – дегенді жиі айтатын. Кейіннен зерделей келе байқағаным, үнемі сыртта, жұмыс орнында жұртқа жымиып жүреді екенмін де, үйге келгенде қабағымнан қар жауып тұрады екен. Осыған мән беріп, өзімді өзім қадағалап, үйге жұмысты арқалап әкелмеуді, қайта керісінше, бала-шағаммен қуанып жүруді әдетке айналдырдым.
Жалпы, үнемі күліп, жадырап, жайнап жүретін жандарға қатты қызығамын. Оларда өзгеде жоқ қолжетпес байлық бар сияқты. Үнемі эндорфин гормоны, яғни шаттық шуағын шашып жүретін әйелдерге азаматы да көп қызығушылық тудырады екен. Жұмыс­қа да жылдам тұрады, жолы да болғыш. Осы күліп жүруді кәдімгідей қолға алғалы байқасам, айналамызда жадырап жүргеннен гөрі, жабырқап жүргендер басым екен.
Алғашқыда күні бойы екі езуің екі құлағыңа жетпек түгілі, қарапайым жымиып жүру де оңайға түспеді. Қайта-қайта ұмытып, айнаға қарай қалсаң, екі ұртың салбырап, ұнжырғаң түсіп отырған өзіңді көресің. Болмаған соң баса мән беріп, псиxологтардың кеңесі бойынша әрбір сағат сайын телефоныма қоңырау орнатып қойдым. Безектей жөнелгенде мен езу тартуым керек.
«Бала күнімізде қасықпен тамақ ішуді, жазуды қайталау арқылы меңгереміз. Сол сияқты күнделікті жаттығу арқылы бойға жаңа әдетті тез қалыптастыруға болады», – дейді псиxологтар. Алғашқыда әр сағат сайын өздігіңнен себепсіз жымию оңайға түспеді. Жағым қарысып қалған ба, икемге келе қоймады. Сонда да алған бетімнен қайтпадым.
Бір күні күйеуім екеуіміз көлікте келе жатқанбыз, телефоным безектей жөнелді. Көңіл-күйім жоқ еді, сонда да еріксіз жымиған болдым. Түрім сондай сүйкімсіз болды білем, күйеуім шыдай алмады ғой деймін: «Мақпал, түрің жаман жасанды болып тұр», – дегені. Осыны естіп, айнадағы екі езуімді біреу қинап тартып қойғандай түріме қарадым да, күліп жібердім.
Әрине, бәріміз өмірде қуанамыз, күлеміз. Бірақ осы сәттің жиілігі қаншалықты? Осыған мән беріңізші! Біз жадырап, шаттанған сайын өміріміз де бақытқа толыға түседі. Әрбір күнді қуанышпен қарсы алып, қуанышпен шығарып салыңыз. Жиі-жиі күліп жүріңіз, сол кезде барлық есік өздігінен ашылады. Өз өміріміздің бояуын өзіміз жағайық.
Қуанышты сәттеріңіз көп болсын!
(М.ҚАРАТАЙДЫҢ жазбасынан).
Zamana.kz
17 желтоқсан 2018 ж. 1 157 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (9195)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930