Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » CNN: 2011 жылдан бері селфи жасау кезінде 259 адам көз жұмды

CNN: 2011 жылдан бері селфи жасау кезінде 259 адам көз жұмды






BAQ- Әлемпресс. Көбіміз керемет селфи түсіруге құмармыз. Бірақ селфиді ұшақтың үстінде немесе оқтаулы қару ұстап тұрып, тіпті, әдемі сарқырама жанында жасау барысында ойлану керек. «Отбасы медицинасы және алғашқы медициналық-санитарлық көмек журналында» жарияланған зерттеуде бүкіл әлем бойынша 259 адамның селфи жасау кезінде қаза болғаны айтылған. Үндістандағы медициналық ғылыми институтының зерттеушілері мен Нью-Делидегі медицина колледждерінің тобы 2011 жылдың қазан айы мен 2017 жылдың қараша айлары аралығында селфиден көз жұмғандар туралы деректерді зерттеп көрген деген дерек келтіреді CNN басылымы.

Ғалымдардың айтуынша, селфи жасау кезінде ең көп өлім Үндістанда тіркелген. 2011 жылдан бері қаза тапқан адамдардың жартысынан көбі, яғни, 159-ы - Үндістан азаматы. Одан кейінгі орында Ресей, АҚШ пен Пәкістан тұр. Айта кету керек, қаза тапқандардың 85 пайызының жасы отыздан кіші және 72% - ер адамдар.
«Әйелдердің саны ерлерден көп екеніне және олардың селфиге құмар болатынына қарамастан, ерлер арасында өлімнің көп болуын олардың қауіп-қатерден қорықпай, тәуекелге оңай баратынымен түсіндіруге болады», делінген зерттеуде.
Суға кету немесе биіктен құлау
Зерттеуде айтылғандай, селфи жасау кезінде көбі суға кетіп қаза тапқан. Ал ең көп кездесетін екінші себеп – көлік. Мысалы, қозғалыстағы пойыз алдында тұрып селфи жасауға ниеттену нәтижесінде көз жұмғандар. Үшінші орында биіктен құлау және өрт тұр. Ал АҚШ-та суық қарумен селфи жасамақ болып қаза тапқандар саны көп екені байқалған.
Зерттеушілердің айтуынша, бұл көрсеткіш нақты болмауы мүмкін. «Мысалы, көлік жүргізіп келе жатқанда селфи жасамақ болып жол апатына түскендер бұл қатарға жатқызылмайды. Бұл деректер тек жол апаты ретінде тіркеледі. Сонымен қатар кейбір мемлекеттерде жергілікті жаңалықтар қызметі селфиден қаза тапқандар туралы ақпарат таратпайды», дейді ғалымдар.
Дегенмен, бір анығы – селфи жасау кезінде көз жұматындардың қатары артып келе жатыр. Мысалы, 2011 жылы тек үш өлім тіркелсе, 2016 жылы 98 адам селфи жасамақ болып қаза тапқан.
«Әлеуметтік желілерге әдемі суреттерін салып, көпшіліктің ықыласына бөленгісі келген жастар мен туристер тәуекелге жиі барады. Әрине, олардың көпшіліктің көңілін жаулап алу ниеті қауіпті емес. Бірақ еш әрекеттен тайынбайтыны қауіпті» делінген зерттеуде.
«Қоршаусыз» аймақ
Зерттеу авторлары туристік аймақтарда, әсіресе, таулы жерлерде, сарқырамалар маңында қоршаусыз жерлердің болмау керектігін айтты. Ал полиция мұндай өңірлерде адамдарға ескерту жазылғанын және қала маңындағы қауіпті орындардың бәрінде белгі бар екенін жеткізді. Олардың айтуынша, камерасы бар жастар ең көп келетін жерлер – теңіз жағасы.
«Бұл біз үшін жаңа проблема. Біз Мумбайда адамдардың баруын шектейтін жерлерді белгілеп алдық» дейді полиция өкілі Дананджай Кулкарни.
Айта кету керек, 2015 жылы селфиден қаза тапқандар туралы оқиғалардан кейін Ресейде брошюралар шығарылып, көпшілікке таратыла бастаған болатын. Онда жол ережесі белгілерін еске салатын инфографика берілген. Бұл әрекетке өзін атып алған жасөспірім мен теміржолда қозғалыстағы пойыз жанында суретке түсемін деп қаза тапқан адамның өлімі әсер еткен еді.
«Келесі жолы биік жардың үстінде немесе сарқырама маңында тұрып суретке түспес бұрын бұл сіздің соңғы әрекетіңізге айналмайтынына көз жеткізіңіз. Бүгінгі таңда селфи жасау кезінде қаза табу қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы үлкен проблемаға айналды. Бізді алаңдатып отырғаны – бұл проблеманың алдын алуға болатыны. Яғни, Facebook немесе Twitter секілді әлеуметтік желілерге сурет салу адам өмірінен құнды емес екені» дейді зерттеу авторларының бірі Агам Бансал. Оның айтуынша, 2018 жылдың өзінде селфи жасамақ болып қаза тапқандар туралы деректер баршылық. «Мысалы, мамыр айында Үндістан азаматы аюмен суретке түспек болып қаза тапса, өткен айда екі адам АҚШ-та көз жұмған. Иерусалимнің бір азаматы Невададағы сарқырама маңында суретке түспек болып, құлап кеткен. Осы сияқты зерттеу барысында ескерілмеген биылғы жылдың деректері жетерлік. Әрі бұған тіркелмеген оқиғаларды қоссаңыз, селфи жасау кезінде көз жұмғандар саны біз анықтаған деректен де көп екені сөзсіз» дейді ол.
Ағылшын тілінен аударған Алтынай Қуанышбек
09 желтоқсан 2018 ж. 811 0