Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сөз саңлағы, поэзия бағбаны

Сөз саңлағы, поэзия бағбаны

Астана. 19 желтоқсан. Baq.kz - Америка асып, ағылшын тілінде сөйледі. Биылғы 2015 жылы Қазақ ПЕН-клубының бастамасымен «Біз қазақпыз» атты іргелі жобаның аясында Америка Құрама Штаттарында Ұлы Дала елінің классик жазушыларының қаламынан туған үздік шығармалар сериясының алғашқы легі жарық көре бастады. Олардың ішінен бірінші болып ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жыр жинағы топ бастаса, екінші болып қазақ балалар әдебиетінің көшбасы атанған Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты әйгілі повесі ағылшын әлеміне жол тартты. Мұхит асқан қос шығарманың екеуін де АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы «Metropolitan Classics» компаниясы шығарып, тұсауларын кесті.

Баспагерлердің қос кітапқа арнаған аңдатпасында, ең алдымен, Қазақстанның классик жазушыларының қанатты туындыларының томағасын сыпырып, ағылшын тілді әлемге ұшыру идеясын алғаш рет Лондонда көтеріп, содан бері осы жасампаз жобаны іске асыруға бағытталған логистикалық іс-шараларды үйлестіру үшін аянбай тер төгіп жүрген халықаралық ПЕН-клубтың қазақстандық тармағының президенті Бигелді Ғабдуллинге ризашылық білдірген. Баспагерлер, сонымен қатар, Мұқағалидың іріктелген жырларын тәржімелеуге қолғабыс берген Қайсар Жорабеков, Елена Михеева, Меруерт Тілеубаева, Ғосман Төлеғұл және Амантай Өтегенов сынды азаматтарды да назарларынан тыс қалдырмай, оларға да, сондай-ақ, осы жобаға көмек қолын созған Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Өкілетті елшісі Қайрат Омаров пен Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Тұрақты өкілі Қайрат Абдрахмановқа да жылы лебіздерін жеткізген.
Айтулы жинаққа мұзбалақ ақынның алпысқа тарта таңдамалы жырлары енген. Олардың көш басында мұз жарғыш кемедей, тыңнан түрен салған көріпкел Мұқағалидың көзі тірісінде емес, тек бақилық өмірге аттанғаннан кейін ғана шындыққа айналған мына бір нышанды да астарлы поэтикалық ғажап жолдары тұр:
«Туады, туады әлі нағыз ақын,
Нағыз ақын бал мен у тамызатын.
Жесірдің айырылмас сырласы боп,
Жендеттің көзінен жас ағызатын.

Жыр сөздері жай болып атылғанда,
Атылғанда, аспаннан оқылғанда.
Мылқауларға тіл бітіп, керең естіп,
Жанар пайда болады соқырларға».
Фәнилік өмірден ерте озарын күні бұрын сезгендей, Мұқағалидың жас қайыңмен сырласып, жүрек алмастырып, өмір ұзартпақ болғаны да, ғайыптағы Моцартпен тілдесіп, өз жаназасын жырмен өргені де, үйрек ұшып, қаз қонған Қарасазына деген мұңлы сағынышы да, бір сөзбен айтқанда, мұқият іріктеліп, сапалы тәржімеленген өзге жырлары да Батыс оқырманының жүрегіне жол табатыны күмән тудырмайды.
Орыс тілінен ағылшын тіліне ақынның жан тебірентетін отты жырларын америкалық ақын Марина Карцева тәржімелеген. Ал Бердібек Соқпақбаевтың туындысын орысша нұсқасынан аударған әлемдегі танымал тәржімешілердің бірі, атап айтқанда, Википедия энциклопедиясына енген, сондай-ақ, И.Сталин, Б.Ельцин және В.Путиннің кітаптарын ағылшын тіліне қотарған кәсіби маман Кэтрин Фитцпатрик (Catherine A.Fitzpatrick). Сосын қос шығармаға жазылған ұтымды кіріспе сөздер де ағылшын тілді оқырмандардың көкейінен шығатыны қуантады.
Айтса айтқандай-ақ, Мұқағали туындысына мәнді де тартымды беташар сөзді бүгінгі таңдағы отандық поэзия майданының ірі өкілі, елімізге аты мәшһүр, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақынның тірі кезінде сан мәрте көзін көрген замандасы Ұлықбек Есдәулет жазған.
Аузы дуалы, сөзі уәлі Ұлықбек өз сөзіне эпиграф әрі тақырып етіп, Мұқағалидың «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз…» деп басталатын мұңлы да шерлі шумағындағы «Өмірде ақындардың бәрі жалғыз…» деген бүгінде қанатты философиялық аксиомаға айналған, асылдың сынығындай айшықты фразаны бекер таңдамағаны байқалады. Себебі, «Мұқағали поэзиясы – таңғы шықтай мөлдір, сырлы, мұңлы поэзия» деп Фариза қыздың өзі де жазып кеткен ғой. Оның үстіне алып ақынның қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыры мен тағдыр-талайы ғана емес, қанатты поэзиясы да мұң мен шерге толы екенін жырсүйер қауым жақсы біледі.
Міне, сол мұңлы мұраның арқауын суыртпақтай суыра отырып, көзі тірісінде кеңестік өгей қоғамнан сыбағасы мен әділетті бағасын ала алмай кеткен Мұқағалидың құдіретті жырларына Ұлықбек қайта бойлап, терең де тамырлы талдау жасайды. Жасай отырып, өзі де поэзия алыбымен бірге күйініп, оның қайталанбас дара болмысы мен өміршең туындыларына күрсіне сүйінеді. Алыппен бірге күй кешіп, бірге қамығады. Жасампаз да жауһар поэзиясымен қайта сусындап, еңсесін қайта көтереді. Сөйтеді де өзі қайыра ашқан Мұқағалиына таңдана таңдай қаққанын жасырмай, кіршіксіз таза ақындық жүрегімен ұлы дарын иесінің болмыс-бітімі мен поэзиясының сиқырлы сырын аша түсіп, ағылшын тілді әлемді елең еткізер түйінді ойларын көсілте ортаға тастайды.
Сонымен қатар, Ұлықбек Мұқағалидың өзге ақын замандастарындай емес, заңғар поэзия әлеміне тек отызға қараған шағында ғана, яғни тым кештеу келгенін еске алады. Сөйтеді де, аққан жұлдыздай өмірден өте шыққан мұзбалақтың қырық беске толар-толмас қысқа ғұмырының соңғы 10-15 жылында ғана жеті жүзге тарта жасампаз жырлар мен поэмалар топтамасын, оның сыртында Уильям Шекспирдің соннеттерін, Данте Алигьеридің «Құдіретті комедиясындағы» «Тамұқты», Уолт Уитмен, Роберт Бернс, Александр Пушкин, Николай Некрасов, Александр Блок сынды және өзге де классик ақындардың көлемді-көлемді поэмаларын, ұлттық тілге түпнұсқаларынан айнытпай, қалай ғана тәржімелеп үлгерген деп, тағы да тамсана таңдай қағады. Сондай-ақ, Мұқағалидың жанартаудай атқылаған пассионарлық қуатына тағзым ете отырып, Ұлықбек қайсыбір әдебиет тарихшыларының: «Мұқағали бір түйір жыр жазбай-ақ, тек поэтикалық аудармаларының өзімен ғана қазақ әдебиетінен орнын ойып алған болар еді», деген ұрымтал пікірінің нағыз шындық екеніне ағылшын тілді оқырманның назарын аударады.
Беташар сөзінде Ұлықбек, сондай-ақ, алып ақынның өмір сүрген заманына арнайы тоқтала келіп, сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы арнайы қаулы қабылдап, Мұқағалидың «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған поэмаларынан саяси астар іздеп, ақынға «пессимист», «декадент» деп айып тағып, «дер кезінде қырағылық таныта алмаған» редакция алқасын да қоса тұқыртып, жөнсіз сынға алғанын, ал мұның салдары, ақынның құлашын кең жазуға мүмкіндік бермей, отты жырларының уақтылы жарық көруіне тосқауыл болғанын еске салады.
Дәл осындай негізсіз сын мен жасанды кедергіге ағылшын тілді әлемге алғашқылардың бірі болып жол тартып бара жатқан «Менің атым Қожа» сынды классикалық туынды мен оның әлемге әйгілі авторы Бердібек Соқпақбаев та душар болғанын бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, бірі біле бермейді. Бұл тұрғыдан келгенде, айтулы туындының ағылшынша нұсқасына кіріспе сөз жазған жазушының туған қызы Самал Соқпақбаева әкесінің ағылшын тілді жаңа оқырмандарына өте тың мағлұматтар береді. Кеңестік саясаттың сойылын соғып, қазақтың өз елінде өзегіне тепкен билік өкілдерінің тыйым салғанына қарамастан, тек қана шындықты ту еткен әкесінің ешбір мойымай және ешкімнің алдына барып бас имей, тастүйін боп бекініп, аталмыш шығармасын үлкен табандылықпен, алдымен Мәскеуде орыс тілінде, содан соң Францияның атақты жазушысы, халықаралық Лениндік сыйлықтың иегері Луи Арагонның қолдауымен француз тілінде, тек содан кейін ғана туған топырағында жарық көргенін және кейінірек әйгілі туындысымен аттас кинофильм қойылып, оның Канн кинофестивалінде жүлделі орындардың біріне ие болғанын, ең бастысы, о баста әкесінің ұсынысын құрмет тұтып, шығарманың қазақ тіліндегі түпнұсқасынан орыс тіліне аударған да өзі екенін әрі әкесінің оған қатты риза болғанын Самал үлкен мақтанышпен еске алады.
Самал айтпақшы, әкесінің шындық жолында алған бетінен қайтпайтын, өр мінезді, қайсар тұлға болғанын өмір жолын поэзиядан бастап, қазақ әдебиетінде қайталанбас із қалдырған классик-прозаик Бердібек Соқпақбаевтың өз қаламынан өрбіген мына бір өлең шумағы да дәлелдеп тұрғандай:
«Ел тегіс адасты деп адаса алмай,
Ел тегіс жарасты деп жараса алмай,
«Бақ үшін» таққа биік таласа алмай,
Өмірден қарапайым өткен адам –
Бір шыққан биігінен аласармай!»
Шындығында да, сол замандағы ресми цензураның Бердібек Соқпақбаевтың өзге шығармаларына да тістерін терең батырып, қолдарынан келгенінше күзеп-жонып, олардың толыққанды жарық көруіне еш мүмкіндік бермей, көп қырсық келтіргенін де, соның салдарынан шер мен мұңға булығып, ресми билікті ашық сынаймын деп, жауларын көбейтіп алғанын да, түптеп келгенде, қатыгез болмыстың отбасы шырқының бұзылуына әкеп соққанын да Самал өкінішпен ашына еске алады. Солай бола тұрғанмен, Самал Бердібек Соқпақбаевтың әдебиет майданында бағындырған сол биігінің ешқашан аласармайтынын және әкесінің қазақ деген халықтың Марк Твені болып қала беретінін де Батыс әлемінің оқырмандарына әдемі жеткізе білген.
Сөз соңында, жақсының жақсылығын айт нұры тасысын демекші, күллі қазақтың рухын асқақтататын бұл ірі жобаның іске асырылуына риясыз қолдау көрсеткен Алматы облысының әкімдігі мен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясына әдебиетсүйер қауымның тек қана рахмет айтары даусыз және үлгі аларлық бұл үрдістің болашақта да өзгелер тарапынан жалғасын тауып, кезекте тұрған классикалық шығармалардың келесі легінің жарық көруіне себін тигізсе, нұр үстіне нұр демекпіз.
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 

03 желтоқсан 2018 ж. 1 282 0