Ауылдың ықыласы
Жуырда Бидайкөл ауылдық мәдениет үйінде «Егемен елдің кемеңгер басшысы» атты мерекелік іс-шара өтті.
Қазақ елі үшін сындарлы сәтте тарих өзі тудырған тағдыр иесі Елбасы Н.Назарбаев елді алға бастап, Тәуелсіздік айдынында еркін құлаш құруына негізін қалады. Елінің бүгіні мен болашағын тең тойлап көрегендік танытты.
Жиынды өзінің жалынды сөздерімен ашып берген ауыл әкімі Айтбай Жандарбеков жыл бойы атқарылған жұмыстарға тоқталып, тұрғандарды айтулы мерекемен құттықтап, шараның маңызы мен мәніне тоқталды. Шараның басты мақсаты — жас ұрпаққа мемлекет басшысының өмір жолын, тәуелсіз Қазақстанның даму жолында сіңірген еңбегін таныстыру. Сондай-ақ, ауыл жастарына ұлттық патриотизмді бойларына сіңіріп, отбасы құндылықтарының маңызын түсіндіру еді.
Ауыл халқы осынау шара барысында күнделікті күйбең тіршіліктің қабатынан арылып, мөлдір жырдың сусынымен қанықты. Салтанатты жиында Елбасыға арналған өлеңдер тарту етіліп, жақұт жырлардан шашу шашты. «Арулар» би тобы «Білезік» биін билеп, лық толы залдағы халықтың ықыласына бөленді. Ауыл тұрғындары мерекеге деген ықыласын осылайша жеткізді.
Жұлдызай Нұрғалиева.