Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ырыстың алтын қазығы

Ырыстың алтын қазығы


Газет – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Аудан айнасы саналатын «Өскен өңір» газетінің жарыққа шыққанына келер жылы 80 жыл толмақ. Осы жылдар ішінде абыз ата жасына жеткен төл басылымымыз аудан тарихының, шежіресінің сыр сандығына айналды десек, артық айтқандық емес. Газет – халықтың тілі. «Өскен өңір» газеті жарыққа шығып, өз оқырманымен қауышқалы ауданның тыныс-тіршілігін, жеткен жетістік, алған асуларын, табыстың тайқазанын қайнатқан еңбек адамдарының ерлікке пара-пар ерен істерін насихаттап келеді. Бүгінгі таңда, газет өскелең өмір талабына сай оқырман қауымның көзайымы болып отыр. Мен де өзіміздің басылымға үзбей жазылып, әр нөмірін жібермей оқимын. Осы тұста айта кетсем, қазан айының 20 жұлдызы, сенбі күнгі 79 нөмірінде жарық көрген замандасым алғабастық Айжамал Әбдіхамитқызының «Еңбегімен еленгендер» мақаласын да оқып шықтым. Мақала мазмұнында сауыншылардың еңбегі, жетістіктері мен сол салада кездесетін қиыншылықтар және бейнетті белшесінен кешіп жүрген есімдер көрсетілген екен. Тағы бір айта кететін дүние мақала аяғында автор, яғни, Айжамал Әбдіхамитқызы үндеу жариялап, онда аудандағы барша ардагерлерді ауылдардағы еңбекпен танылған жандарды газет бетінде насихаттауға, сол арқылы өз ауылдарындағы жастарды еңбексүйгіштікке тәрбиелеуге, осындай еңбек адамдарын үлгі етуге шақырады. Міне, осы үндеуге үн қосып мен де қолыма қалам алдым.
Өткен ғасырдың 85 жылдары Ақмая ауылына Ресейден асыл тұқымды қашарлар әкелініп, олар жаңа жайға орналастырылды. Кітапханашы болғандықтан да ауыл өміріне араласып, елде не болып жатқанынан хабардар болып отырамыз. Сол шаруашылықтың бір отырысында маған: «Сіз еліңізде сауыншы болған екенсіз. Мына жаңадан келген қашарлар туа бастады. Жастарға басшылық жасап фермаға баруға қалай қарайсыз? – деді. Мен ойландым, балаларым жас, оларға күтім керек, ферманың жұмысы өте ауыр. Ойлана келе, жастармен жұмыс жасауға келісімімді бердім. Өзім мектеп бітіретін жылы «Қыздар, механизмді меңгерейік» деген бүкіл қазақстандық қыздар үндеуіне үн қосып, ауданда бірінші болып, механизммен сиыр саудым. Еңбек етсең еленесің ғой. Сөйтіп, облыстық кеңеске депутат, комсомолдардың съезіне делегат, түрлі шаралардың басында жүрдім. Біздер кезінде «Комсомолдар жас қайраты елімнің» деген патриоттық әнді ұстаным еттік. Мүмкін, сол сезіміміз де себепші болған болуы керек. Балдарымды да тарықтырмайын, жалақым да молырақ болар деп сауыншылыққа келісімімді бердім. Әдепкіде өте қиын болды. Жарық жоқ, қолмен саудық. Мал қора қара батпақтың ортасы, ферманың барлық жұмысы қалыптаспаған. Мектепті енді бітірген қыздар шелек ұстауды да білмейтін. Келе-келе қалыптаса бастады. Қыздардың аяқ киімі батпақта қалып, аязды күндері шелекке қолымыз жабысып қалып, жылаған кездеріміз де болды. Екі жылға дейін сиырларды үш мезгілден саудық. Әр сауғанда 10-15 литрден сүт алатынбыз. Ал, жазға қарай күннің ыстық кезінде түстегі сүт кешке дейін ашып кететін болған соң, сауынды екі мезгілге ауыстырдық.
Қандай жұмыс болса да өзіндік қиыншылығы болады. Әсіресе, мал шаруашылығы саласында сауыншының жұмысы өте ауыр. Таңғы сағат 3-4-терде тәтті ұйқының кезінде жұмысқа кірісіп кету деген айтуға ғана оңай болатын. Қазақта мынадай мақал бар. «Егінші жау­ында, балықшы дауылда, малшы өлгенде тынады» деген. Қандай ауа-райы болсын мал сауылып, жем-шөбі жайғастырылуы күнделікті әдеттегі жұмыс.
Авангард совхозының комсомол жастар бригадасы таныла бастады. Түстен кейін сауында жігіттер мен қыздар өлеңдетіп жүріп сауатын болдық. Таңғы сауын біраз қиындықтар туғызатын. Ұйыққа кіріп кетіп, жыларман болатын кезіміз бүгінгідей әлі есімде. Еңбекке етене араласа жүріп, көштен қалмадық. Еңбек майданындағы әрбір қызықты сәттер көз алдымызда.
Біраз үйренісіп алған мен кейін қыздарға жігер беру үшін қаттырақ айтатын болдым. Сиыршы жігіттер ас-суларын ішіп, кейін келеді. Осы мезеттерде сауыншы қыздар ұйқыларын аша алмай отырады. Сол кезде «Жастар деген жалындап тұруы керек. Кешегі соғыс кезінде жастар Әлия, Мәншүк апаларың күн-түн демей, қан кешіп, ерлік жасаған. Ал, сендер 1-2 сағат ұйқыдан қалғанға қиналасыңдар. Неге?! – дейтінмін. Содан кейін қыздарым босаңсымай, тірлікке көшті. «Апай, кеш ұйымдастырайық, клубқа концерт қояйық» деген сияқты әңгіме айта бастады. Еңбек ете жүріп, қоғамдық шаралардан қалмайтынбыз.
Иә, ауылшаруашылығында жұмыс істегендер жоғары оқуға конкурссыз қабылданатын еді. Аудандық арулар байқауына қатысып, сиыр сауған Салтанатымыз Алматыдағы қыздар институтына оқуға түсті. Оқу орнын ойдағыдай бітірген ол бүгінде Алматыдағы бір мектептің оқу ісінің меңгерушісі. Өзі де өте қабілетті болатын. Ауылға келгенде кездесіп, өткен-кеткенді әңгімеге арқау етіп, шер тарқатысамыз. Сонда ол: Шырын апай, сізден үйренген «Жастар жалындап тұруы керек» деген сөзіңізді сабақ берген балдарыма айтамын, – дейді.
Тағы да сол кездерге сәл шегініс жасасақ, совхозда үш жерде сауын фермасы бар болатын. Біз жастар бригадасы жоспарды артығымен орындап, он күн сайын сыйақы аламыз. Батпаққа батқанымызды ұмытайын дедік. Атаулы күндері совхоз клубына концерт, кеш ұйымдастырамыз. Жұмысшылар комитетінің басшысы Өміркүл Мұсабекова он күн сайын сыйақымызды әкеліп беріп кетеді. Бірнеше рет банкет те ұйымдастырып берген кездері болды. Совхоз комсомол жастарының басшысы Бақыт Маханов күн сайын жұмыс барысымен бізге келетін. Қырлы шалбар туфлиіне шық жұқпайтын. Қыздар достық әзіл ретінде «Комсорог келе жатыр» жолды тазалап қойыңдар деп концерттік көріністе айтқан. Біразға дейін қызарақтап, аяғына бути киіп келетін болды. Кейін әзілімізге түсінді. Осыдан кейін ферманың ішіне тас, құм төселді, трактордың, малдың аяғымен тапталып, асфальттан бірде кем болмай қалды. Ол кісі қазір Астанада жауапты қызметте. Анда-санда телевизорда сұхбат беріп тұрады. Міне, мұның барлығы еңбектің салтанат құруы деп білемін. Кезінде жаныңды жалдап еңбектенбесең, осыншама биіктерден көрінер ме еді осы жандар. Бәрі де еңбекпен келеді.
Мейрамкүл Қошқарова ортамызда Света Пантелееваны айтпай кетуге болмас. Ұлты удмурт болса да қазақшаға мүдірмейтін. Концерт жүргізуші, көркемсөз оқудың шебері. Қиыншылықтарды жеңіп бәрі артта қалды. Жастар жүрген жер ойын-күлкі болатын. Ішінара махаббатқа ұласты. Моторис Сәрсенбек Архабаев пен сауыншы Марияхан отау құрды, сиыршы Мамет пен Мәдина, жүргізуші Коля мен Мағрипа, Катя деген қызымыз ауылдың механизаторына тұрмысқа шықты. Біразы жолдамамен оқуға кетті.
Мен зейнетке шықтым. Жастармен өткен 5-6 жылым есте қаларлықтай болды. Облыс сауыншылары арасында облыстық, аудандық чемпион болдым. «Әр сиырдан 3000 литрден сүт алайық» деген үндеуге қол қойып, соның орындалуына атсалыстым. Осылайша, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болдым. Осылардың бәрі адал еңбектің арқасы. Ол алмайтын асу ол бағындырмайтын қамал жоқ. Үш мезгіл сиыр сауып арасында концертке дайындалып, түрлі мәдени шаралармен сахнаға шығу еңбекті сүйетін жастардың ғана қолынан келер. Сол жастар бригадасының біразы ауылда. Тұрмыс құрып, басқа жаққа кеткендері бар. Отбасы жағдайымен көшкендері, бұл дүниеден өткендері де бар. Сөзімнің соңында ырыстың алтын қазығы болып табылатын еңбек өмірлеріңізде салтанат құра білсе, босағаларыңыздан бақыт арылмайды дер едім. Өйткені, мен өмір тәжірибемде соған көз жеткіздім.

Шырынкүл СЕЛБЕСІНОВА,
еңбек ардагері.
07 қараша 2018 ж. 719 0